«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанада дарынды қылқалам шебері Оралбек Қабөкенің көрмесі ашылды

0 118

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында дарынды қылқалам шебері Оралбек Қабөкенің «Көзқарас» деп аталған көрмесі өтті.

16179075_619394214919218_7175472814452136165_o

Кейінгі жылдары қазақ бейнелеу өнерін биікке көтерген Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Молдахмет Кенбаев секілді алыптардың ізгі жолын жалғаған бір топ дарынды суретші жастардың легі қалыптасты. Солардың бірі – Оралбек Қабөке. Ол Алтайдың арғы бетінде дүниеге келіп, жасынан сурет өнеріне ынтық болады. Кейін атамекенге оралып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, ұлағатты ұстаздардан тәрбие алып, бала күнінен ойлаған арман жолын жалғастырады. Оның картиналарында ұлттық бояу мен бүгінгі уақытпен үндескен үйлесімділік сәтті өрілген. Мәселен, кенептегі майлы бояумен салынған «Тартылыс» деген туындысында ақ сақалды қарияның құшағында мамыражай ұйқыда жатқан сә­билердің тәп-тәтті бейнесі мен бабалардан жалғасып келе жатқан ұрпақ сабақтастығын тамаша өрнектеген. Сондай-ақ, «Тарихпен бірге» деген картинада заманауи киінген қазақтың баласының талайғы тарихты сыр шертіп тұрған балбал тастардың ортасында тұрған бейнесін бүгінгі уақытпен шебер үндестірген. «Магнит» деп аталған шығармасында адам баласының қай түкпірде жүрсе де, туған Отаны мен аталарының кіндік қаны тамған жерге тартып тұратын тартылыс күшін дәл көркемдеген. Сол секілді «Ата­ның институты», «Жасыл те­кемет», «Құрақ», «Берекелі киім» деген еңбектерінен адамдарға әсерлі жеткізе білген әсемдікті көрдік.
«Оралбек – өмірге өзгеше қарайтын суретші. Ол туған халқының тарихы мен дәстүрін жетік біледі. Оның шығармаларынан өнерге деген адал­дығы көрініп тұрады» деп баға беріпті суретші Лейла Махат.
Жас қылқалам шебері бұған дейін де бірқатар халықаралық байқауларға қатысып, топ жарған. 2013 жылы Алматыда «Іздер» деген көрмесі өтіп, көрермендерден жоғары баға алған. Одан бері жас суретші үнемі ізденіс үстінде болып, сәтті туындылар жа­­­сап, соларды елордада алғаш өтіп отыр­­ған көрмеге ұсынды.
– Бүгінгі айтулы шараға 25 еңбегім қойылды. Барлық жұмыстар кенеп бетіндегі майлы бояумен салынды. Көрменің «Көзқарас» деп аталуы да тегін емес. Ол менің әлемге, өмірге, өнерге деген жеке көзқарасымды білдіреді. Біз қазір уақытпен жарысып, талғаммен ғұмыр кешіп жатырмыз. Әрбір өнер адамы өзі өмір сүріп отырған уақытты бедерлейді. Мен де ұлттық болмыстан ажырамай, өз дәуірімнің келбетін көркемдеп, халқымның ерекшелігі мен адамзат­тық философияға қосатын айтарын көр­сетуге міндеттімін деп санаймын, – дейді Оралбек.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды