«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АСТАНАДА ӘЛИХАН АТЫ АСҚАҚТАДЫ

0 74

Кеше ғана Астана әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихаттың шешімімен елордада бұған дейін санмен белгіленген бірқатар көшелерге атаулар беріліп, бірнеше көшенің аттары өзгергенін, соның ішінде Еңбекшілер көшесі және жобалық атауы № 36 көше біріктіріліп, Әлихан Бөкейхан даңғылы атауын алғанын сүйіншілегенбіз. Ал бүгін соның жалғасы іспеттес ҚР Ұлттық музейінде Алаш көсемінің 150 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

dsc_0540

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен атаулы шараны қалалық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Белгілі ғалымдар, ҚР Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері жиналған басқосуды қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып берді.

– Биылғы жыл бәріміз үшін айрықша маңызға ие. Осы жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Шындығында келгенде, еліміздің дамуы тұрғысынан қарағанда, оның әр жылы ғасырға татиды. Бүгіндері біз бүкіл әлем танып, әлемдік өркениет мойындаған алдыңғы қатарлы жасампаз елге айналдық. Астана қаласында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясындағы шаралардың үлкен бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елордада қаңтар айынан бастап көптеген шаралар өтіп келеді. Олар желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады, – деген Ермек Әмірханұлы Әлихан Бөкейханның елдік істеріне тоқталды.

– «Өткенге – тағзым, болашаққа – аманат» демекші, мемлекетіміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне, руханият әлеміне, ғылым, білімге үлкен үлес қосқан қайраткерлеріміз, соның ішінде Алаш қайраткерлерінің орыны да, жөні де бөлек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мұның мағынасын өте терең ашып, өз сөзінде айтқан болатын. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы да биыл әртүрлі деңгейде аталып келе жатыр, – деп түйіндеді сөзін қала әкімінің орынбасары.

Конференция барысында Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдерінде шыққан қос томдығының тұсауы кесілді. Алғашқысы «Қазақ жерінің жоқшысы», ал екіншісі «Аманат» деп аталады. Орыс тіліндегі нұсқада – «Творец истории» және «Завещание». Кітаптарды құрастырған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы мәртебелі миссияны академик Сейіт Қасқабасов пен Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа тапсырды.

Шара барысында Әлихан Бөкейхан және «Алаш» қозғалысы туралы ғылыми дәйектер келтіріліп, секциялық отырыстарда тақырып кеңінен қозғалды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ   

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды