-->

Астанада 9-11 сынып оқушылары арасында республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңі өтті

Жаңа жыл астаналық білім саласы үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Дәлірек айтқанда, 5-6 қаңтар аралығында қаладағы №6 гимназия мен №66 мектеп-лицейінде елордалық 9-11-сынып оқушы­лары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІIІ кезеңі өтті.

img_9236

Олимпиада мақсаты – өз білімімен ерекшеленген дарынды балаларды анықтап, оларды дамыту мен қолдаудың жүйесін қалыптастырып, жеке пәндер бойынша озат оқушыларды оқыту мен тәр­биелеуді көздеген.
Айтулы шара жалпы білім беретін 15 пән бойынша ұйым­дастырылды. Айталық, №6 гимназиясында – қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқы­татын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі және әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мек­теп­тердегі орыс тілі, тарих, құқықтану негіздері және француз, ағылшын, неміс тілі пәнде­рінен өткізілсе, №66 мектеп-лицейінде – математика, физика, химия, биология, география, информатика пәндерінен болды. Білім сайысына елордадағы №9 «Зерде» мектебінің, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің, Дарынды ер және қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің және халық­аралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлде­герлері, олимпиадалық резерв командаларының мүшелерін қосқанда, бас-аяғы 881 оқушы қатысты. Олардың ішінде қоғамдық-гуманитарлық пән­дерге 450 жеткіншек бағын сынаса, жаратылыстану-мате­матикаға 431 жасөспірім қа­тысуға ниет танытқан.
Әрине, жоғары дәрежедегі білім бәйгесі болғандықтан, қазылар құрамына бас қаладағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан іріктелген 64 кәсіби шеберлігі жоғары білікті мамандар тартылды.
Оқушылар үшін олимпиада оңай болған жоқ. «Білім – инемен құдық қазғандай» демекші, олар өздері дайындалып келген жалпы пәндер бойынша білімдерін сарапқа салды. Сонымен қазылар алқасының ұйғарымымен олимпиаданың II кезеңіне 577 жеткіншек өтіп, бірінші орынды – 50, екінші орынды – 97, үшінші орынды 162 оқушы иеленді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*