Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

АСТАНАДА 8 МЫҢНАН АСТАМ МАМАН ТАПШЫ

Жақында «Жастар» сарайында Халықты жұмыспен қамту орталығы кезекті бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары, құрылыс фирмалары, қонақ үй, автопарк, ішкі істер органы секілді 60-қа жуық жұмыс беруші 1000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Осыдан бұрын алты рет өткізілген жәрмеңке қорытындысы бойынша, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Ал жыл соңына дейін тағы екі бос орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланды. Сондай-ақ, бүгінде «СZ Astana» мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасы іске қосылды. Енді жұмыс берушілер бос орындар туралы мәліметті, ал жұмыс іздегендер – өз түйіндемесін қалдыра алады.

Жәрмеңкеге жұмыс іздеп биыл ғана ЕҰУ-дің жылу энергетикасы мамандығы бойынша білім алған Гүлназ Сәрсехан келді. «Сәтті қадам» жобасы аясында «Самұрық-Қазына» сияқты белді компанияларға түйіндемемді қалдырып кеттім. Басында тәжірибеден өтіп, кейін өзімді жақсы маман ретінде көрсете білсем, жұмысқа алатындарын жасырмады» дейді ол. «Студент кезінде тәжірибе жинақтауға тырыспадыңыз ба?» деп сұрап көріп едік, Гүлназ тек даяшы болып жұмыс істегенін айтты.

– Мамандығым өзіме ұнайды, бүгінде инженерлер сұранысқа ие. Жұмыс табуға әбден болады. Магистратураға да тапсырып қойдым, егер бағым жанып, оқуға түскен жағдайда жұмыс пен оқуды қатар алып жүремін. Негізі, Астанада университетті енді тәмамдаған қызметкерге 100 мың теңге жалақы тамақтануға, қыдыруға және жалдап тұрған пәтерге төлеп тұру үшін жеткілікті, – дейді астаналық ару.

Өзін Әділет Хамзин деп таныстырған 24 жастағы жігіт «Нұрбанктің» өкілі ретінде жәрмеңкеге қатысты. Бір қызығы, Әділеттің өзі жұмысты дәл осы жәрмеңкелердің бірінде тапқан.

– Шетелде білім алып келіп, мамандық бойынша жұмыс таба алмадым. Көптеген ұйымдарға түйіндемемді қалдырдым, барлық жерде бір талап – тәжірибенің болуы. Ал жаңа ғана бітіріп келген түлекте қандай тәжірибе болсын? Жұмысқа тұрғаннан кейін, ынтаң болса, шаруаны игеріп кетесің. Кез келген істе жақсы жетістіктерге жетуге болады, бәрі адамның өзіне байланысты. Мәселен, мен банкке бастапқыда тауарларды несиелеу агенті болып кірдім, үш айдан кейін несиелеу маманы атандым. Ал екі айдан кейін қаржылық несие бөліміне ауыстым.

Қазіргі таңда, банктің бас кеңсесінде жұмыс істеймін. Міне, қызметте жүргеніме жарты жыл болды. Түркия, кейін Малайзияда халықаралық істерді бақылау мамандығы бойынша білім алдым. Ал қазір қаржыгермін. Оқуым бір бөлек, жұмысым бір бөлек. Бірақ қандай жағдай болмасын, адам қол қусырып отырмай, алға жылжу керек. Сонда ғана сенің еңбегің еленеді, – деп Әділет басынан өткен оқиғамен бөлісті. 65 мың теңгеден бастаған ол бүгінде 170 мыңға жуық жалақы алып отыр.

Ал Ерлан Сайдалин «Данышпан» балабақшасынан жәрмеңкеге қатысып отыр. «Бір сағаттың ішінде 20-ға жуық түйіндеме келіп түсті. Көбісі – елордаға жаңадан қоныс аударғандар. Жұмыс тәжірибесі мен білімі сәйкес келсе, балабақша меңгерушісі сұхбаттасуға шақырады. Тәрбиешінің жалақысы 110 мың, ал бала күтушіге 75 мыңға жуық жалақы төлейміз. Бүгінде балабақшада төрт бос орынды ұсына аламыз» деп балабақша өкілі маманға аса зәру екендіктерін жеткізді.

Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері жұмыс іздеп мекемеге 9242 адам жүгінген. Олардың 3547-сі жұмысқа орналасқан, оның ішінде 457 адам жастар практикасына, ал 174 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алған. Бұдан бөлек, 1232 жұмыс іздеуші уақытша жұмыспен қамтылып, 313-і сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқу оқып жатыр. Жалпы, бүгінде орталықта 1125 жұмыс берушіден 8 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*