«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – үміт пен сенім шаһары

0 33

Жиырма жыл – адамзат тарихы үшін бір сәт, ал біздер, Астана тұрғындары, үшін бұл мерзім тарихтың бір бет парағы іспеттес.

Біздің ұрпаққа бұйырған тарихтың ұмытылмас несібесі – бұл бабаларымыз армандап өткен ел тәуелсіздігі мен оның бас шаһары – Астананың ғажап құрылысы және оның әлемдегі әсем қалаға айналуы. Бүгінде біз баршамыз кеудемізді керіп тұрып мақтана аламыз: біз әсем Астананың тұрғындарымыз деп. Кейбіреулер үшін ертегі болып көрінетін көрініс қалай басталып еді және сол кезде ұлы көштің басында кімдер тұрды деген сауал қойылуы мүмкін. Мен соның куәсі болғандықтан көрген-білгендерімді оқырмандармен бөлісейін.
Ел астанасын Алматыдан Есіл өңіріне көшіру кезінде мен қаладағы №8 Ақмола педучилищесінің директоры болатынмын. Ақорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде біздің педучилище ұжымы ерекше көзге түсті. Яғни біз Алматыдан көшіп келіп жатқан мемлекет қызметкерлерінің бәрін вокзалдан, әуежайдан қарсы алу бізге оңайға түскен жоқ. Бір жағынан училище түлектерінің сабақтардан қалмауын ескерсек, екінші жағынан Арқаға келіп жатқан қызметкерлердің көңіл күйіне қаяу түсірмеу жағын да ойластыру керек болды. Сол кезде бізге қол ұшын беріп, жұмысымызды жеңілдетуге жәрдем көрсеткен, бүгінде есімдері бүкіл елге танымал азаматтар – Әділбек Жақсыбеков, Сансызбай Есілов, Светлана Жалмағамбетовалардың жұмыстарын ерекше атағым келеді.
Екінші маңызды мәселе – келген адамдарды орналастыру. Бұл мәселенің шешілуіне біз де бір кісідей атсалыстық. 360 орындық үлкен жатақхананы түгелдей, екінші жатақхананың екі қабатын Білім министрлігінің қызметкерлері жататын үй ретінде босатып бердік. Осындай жа­уапты жұмыс атқарғанымды мақтан етем. Өйткені көшіп келіп жатқан адамдар бөтендер емес, өзіміздің қандастарымыз, ел тәуелсіздігі мен оның астанасын көркейтіп, нығайту үшін келген азаматтар болатын. Оларға осындай қызмет көрсетуді өзіме парыз санаймын.
Елорданың өсіп-өркендеуі біздің училищенің дамуына да ықпал етті. Бұрынғы педучилищенің дәрежесі өзгеріп, ол енді республика мектептері мен лицейлерінің бастауыш сыныптарына педагог мамандар даярлаудағы бірде-бір озық білім беру ошағы – гуманитарлық колледжге айналды.
Елорданы Алматыдан Есіл өңіріне көшіру кезінде педагогикалық ұжым бұл шараға белсене қатысты.Озық үлгімен салынған училище жатақханалары Алматыдан Целиноградқа көшіп келген мемлекеттік қызметкерлердің баспанасы болғанын қазірде екінің бірі біле бермейді.
Сол кезде ҚР Үкіметінің қаулысымен жаңа астанаға көшіп келіп жатқан мемлекеттік қызметкерлер үшін не кеңсе, не лайықты баспана жоқтың қасы еді. Сондықтан қазақша айтқанда, қиыннан қиыстырудан басқа амал болмады. Және бұл тарихи көштің бір ерекшелігі – ол бұрынғы атам заманғы қазақи көштен өзгешелігі – ол Қазақ елінің болашағы мен қазақ халқының ертеңгі күніне алаңдамай, болашақ ұрпақтың ата-бабалардың сан ғасырлар бойы ел егемендігін аңсап,армандаған өсиетін жүзеге асырудың қамы болатын. Мен өзім сондай ұлы оқиғаның әрі куәсі, әрі соған қатысты болғанымды мақтан тұтам. Білім және ғылым министрлігі де көп жылғы ұстаздық еңбегімді бағалап, менің атыма арнап колледж ғимаратында аудитория ашты. Онда әр кезде тағылымы мен тәрбиелік маңызы бар сабақтар мен кездесулер өткізіледі.
Иә, бүгінгі Астананы тың игеруге дейінгі аңызақ даладағы Ақмоламен, сол науқан кезінде құрылыстары қалай болса солай талғамсыз салынған Целиноградпен тіпті де салыстыруға келмейді. Астана осы заманғы сәулеті мен дәулеті қатар дамыған әсем қалаға айналды. Біз енді астананы Мәңгілік ел ордасы деп мақтанышпен бүкіл әлемге жар сала аламыз!

Отызбай СҮЙІНДІКОВ,
республикаға еңбегі сіңген ұстаз

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды