«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – ұлттың ортақ бақыты

0 36

Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Несіпбек Айтұлы – бас қалаға алғашқы лекпен көшіп келген зиялы қауымның бірі. Содан бері елорданың рухани саласының дамуына бір кісідей үлес қосып келе жатқан азамат. С.Сейфуллин музейінің директоры. Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы. Ақын ағамызбен Астананың 20 жылдық мерекесі қарсаңында елорданың кешегісі мен бүгінгі келбеті, рухани-мәдени өмір жайында әңгіме өрбіткен едік.

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰТАСУЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ

– Несіпбек Айтұлы, сөзімізді өзіңіз ақжарылып жырлап келе жатқан елордадан бастасақ…

– Өткен ғасырдың соңы халқымыз үшін қайырлы болды. Алдымен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қуаныштан ақ түйе­нің қарны жарылды. Одан кейінгі егемен еліміздің өмірінде болған ұлы оқиға – Астана деп білемін. Әуелде бұл жаңалыққа ешкім сене қоймады. Бас қаланың ауысуына зиялы қауым өкілдері қарсылық танытты. Түрлі пікірлер айтылды. Қиыншылық кезеңде көшу қалай болады деп күмәнданғандар кездесті. Сол кезде жалғыз сенімді адам – Елбасының өзі болды. Ол кісінің жүрегі мүйіз бе деп ойладым. Ешқандай кедергіден қорықпады. Мемлекеттің ордасын қос бүйірден қысып тұрған қиындыққа қарамастан көшіруі – ерлік! Мен Астананы шын жүрегіммен жырлаған ақынмын. Елорда жайында «Бәйтерек» деген поэма жаздым. Оны жұрт: «анау деп, мынау деп» мұқатқысы келді. Астананы жырлау, басқа емес өзіңді жырлау, өз тағдырыңды жырлау, әркімнің басына қонған бақытын жырлау. Астана – ұлттың ортақ бақыты. Екі ғасыр тоғысында елорда салуға жұмсалған күш қазақ халқында ғана болды. Оны жүзеге асырған Президенттің еңбегі өте зор. Астананың авторы, әрі әкесі – Нұрсұлтан Назарбаев.

– Сіз алғаш ат басын бұрғанда қала қандай еді?

– Елордаға 2001 жылы келдім. Сол кездегі көрініс пен бүгінгі шаһар бейнесінің арасы жер мен көктей. Алғаш келгенде балағымыз батпақ кешіп жүрді. Қазіргі Есілдің сол жағалауында құрылысы жүріп жатқан бір-екі ғимараттың басы шошайып тұратын. Ар жағы мидай дала. Бірақ қаланың өрісі біртіндеп кеңейе берді. Көз алдымызда ғажайып қала салынды. Осының бәрі – тәуелсіздіктің арқасы. Егер бостандықтың бақыт құсы басымызға қонбаса, өз тізгініміз өзімізде болмаса, көк байрағымыз төбемізде желбіремесе, баяғыдай Алатаудың бөктерінде құмырсқаның илеуіндей болып, тар жерде отыратын едік. Әрине, айналайын, Алматы – жүрегіміздің төрінде мәңгі қалған әсем қала. Әр адамның тағдырының түйіні шешілген киелі жер. Оның орны бір басқа. Дегенмен, Сарыарқа төсіндегі Астана барлық байтақ өлкеге шұғыла шашып тұрған гауһартас секілді.

– Елдің жаңа ордасынан қандай ерекшелік байқадыңыз?

– Қысқа мерзімде қалада қаншама өнер ошақтар ашылды. Олардың ішкі әлемін айтпағанда, сыртқы келбетінің өзі – ән салып тұрған бір ансамбль. Содан кейін Астана ұлтты ұйыстырудың бірден-бір діңгегіне айналды. Елордаға жан-жақтан жұрт қоныс аударды. Бас қаланың қазағы басқалардан өзгеше. Олар да ұлт болып ұйысқан сезім керемет. «Біз астаналықпыз!» деген жас ұрпақтың көкірегіне мақтаныш ұялады. Ұлттық идеологияның бір парасын елорда атқарды. Өзіміз Алматыдан көшіп келдік. Керегеміз кеңейді. Үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін ағайынмен қыз алысып, қыз берістік. Тамырымыз тереңдеп, туыстығымыз өрмекшінің торындай болып кетті. Астана қазақтың тұтасуына үлес қосты.

– Бір сөзіңізде «Астана менің екінші тынысымды ашты» деп едіңіз. Соны тарқатып айтасыз ба?

– Расында, бас қала менің ақындық бағымды жандырды. Оны жасырмаймын. Әрине, тынысымды ашқан – Тәуелсіздік. Кеңес заманында ұлттық арманымызды ашып жаза алмадық. Шідерлі ат секілді кібіртіктедік. Азаттық алғаннан кейін күрмеулі тіліміз көсілді. Бізге тәуелсіздікті шынайы сезіндірген, керегемізді кеңейтіп, қанатымызды кеңге құлаш серметкен осы елорда болды.
Астанаға көшіп келгеннен кейін мен ашылдым. Отызға тарта поэма жаздым. Соның ішінде «Бәйтерек», «Мұқағали – Желтоқсан», «Ту» және «Бердіқожа», «Наурызбай», «Жалаңтөс», «Бөгенбай», «Қабанбай», «Кенесары», қысқасы, қазақтың баһадүр батырларының бәрін жырладым. Осының бәрі шынайы өмірден алынды. Біреулер айтады: «Несіпбек баяғыда жазылған тарихи романдарды поэма қылып жазып шықты» деп. Ол қаламгерлер де бар деректі ойдан шығарған жоқ. Халқымызға ежелден таныс оқиға. Әркімнің оны пайдалануға қақысы бар. Бірақ кім қалай жазады? Ол автордың таланты мен шама-шарқына байланысты. Шындығында, өзімді бостандықтың жыршысымын деп есептеймін. Оған мен қымсынбаймын. Өмірге тәуелсіздікті жырлауға келгендей сезінем.

ҚАЗАҚҚА ЖАҚЫНЫ – ҚАРА ӨЛЕҢ

– Енді сөзді ақындық өнерге бұрсақ. Сізді әдеби орта мен халық баяғыда мойындаған. Әдебиетке келіп, дүрк көтеріліп кетуіңізге қандай ақындардың әсері тиді?

– Барлық қазақ ақындарының темірқазығы – Абай. Оны бала күнімнен жастанып оқыдым. Бірақ менің жан-дүниемді аударып-төңкерген ақын – Қасым Аманжолов. Қасымның барлық шығармаларын бойыма сіңірдім. Кейін менің дүрк көтерілуіме, Шығыстың ұлы ақындарының бірі Әлішер Науаидың ғазалдарын аударуым себеп болдым. Әлішер – жалпақ түркіге ортақ ақын. Ол хамсаларын түрк және парсы тілінде өрген. Бір сөзбен айтқанда, эпикалық жанрға баруыма шығыс поэзиясы кең тыныс берді. Өйткені шығыс ақындары хамсаны бір-бірімен бәсекеге түсіп жазған. Және олардың өрнегі, шеберлігі керемет. Аударманың да өз құпиясы бар. Ұлы ақындарды аудару үшін өзің ұлы болмасаң да, сол деңгейге жетеқабыл болу қажет. Әйтпесе, аударма қырдың қызыл түлкісіндей көзді арбайды.
– Соғыстан соңғы туған буынның өкілдері де әдебиетке өз өрнегімен келді. Дегенмен, сіздер алдыңғы аға толқынның тасасында қалып қойған жоқсыздар ма?

– Бауырым, күрделілеу сұрақ екен. Шындығында, бізге ол буынның шебін бұзып өту қиын болды. Алдымызда қарағайдай болып, ғажайып ұлы ақындар өмір сүрді. Мұқағали, Төлеген, Жұмакен, Қадыр, Тұманбай, Сағи, оның арғы жағында Сырбай, Қалижан, Ғафулар тұрды. Біз олардан астық деп айта алмаймын. Әліміз келгенше өз үнімізді қалыптастыруға күш салдық. Өз басым ешкімге еліктеген емеспін. Мәселен, Қадырдың шекпенінен шыға алмаған замандастарымыз бар. Көп қатарлас ақындар бір жолды шиырлап, шеберлігі өспеді. Түрлі формалық ізденістерге түрен салды. Белгілі ақын Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» алғашында өте жақсы шықты. Кейінгі жазылғандарды қабылдай алмадым. Жәркен Бөдеш те – талантты ақын. Бастапқы өлеңдері тәуір болатын. Бұл да жыраулық дәстүрге түсемін деп, кішкене кебертіктеніп, қасаңдыққа бой ұрды. Соңғы жазылған «Бұрылыс», «Құбылыс» кітаптарында қасаңдық бар.
Мысалы, Жұмекен Нәжімеденов секілді жазу қиын. Оның стилі өзгеше. Бірақ осы формамен жазған ақындар болды. Жұмакен қайтыс болғанда Әбу Сәрсенбаев ағамыз: «Біз қазақтың Уолт Уитменінен айырылдық» деп еді. Осы стильді Омарғазы Айтан, Төлеужан Ысмайылов біраз өрістетті. Бір кезде Жүсіп Қыдыров та солай жазды. Мұның бәрі поэзиядағы ізденістер деп бағалаймын. Бірақ қазаққа жақыны – қара өлең. Қазақ поэзиясы дегенде көзіме қара өлең елестейді. Біздің поэзияның сиқыры сонда.

– Сіздердің аға буынға ұқсамайтын өзгешеліктеріңіз бар ма?

– Мысалы, Кеңшілік, Жарасқан, Жұматай, Шөмішбай, Иранбек, Серік Тұрғынбек, Жүрсін Ерман және тағы басқа замандас ақындар ауыздықпен алысқан тұлпарлар секілді әдебиетке бір буын болып келдік. Әр ақынның өз орны, өз әлемі бар. Біз өз заманымызды жырладық. Екі ғасырдың тоғысында бодандық пен бостандықтың екі қанатын бірдей емдік. Сондықтан да біздің поэзиямызға тәуелсіздіктің жаңа тынысы өзгеше леп әкелді. Одан кейін біздің атқарған тағы бір ұлағатты міндетіміз болды. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде ақындық мұратты ұстап қалдық. Алдымыздағы ағалардан асып кетпесек те, солар көтерген жүкті жолға тастаған жоқпыз. Ал бізден кейінгілер көтере алды ма жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

– Қазіргі жас ақындар туралы не айтасыз?

– Бүгінгі жастар еңбек етуден, мехнат көруден гөрі жарнамаға әуес. Іс бітірмей жатып марапат алғысы келеді. Биттің қабығындай екі жинақ шығарады да, далақтап жан-жаққа шабады. Кітабының сиясы кеппей жатып, кеш өткізуге құмар. Жас ақындардың көбі қазақтың майы сорғалап тұрған мәйекті тілінен айырылып қалды. Шетел поэзиясына еліктеп бірдеңе жазған болады. Поэзия жөніндегі талғамдары төмен. Өлеңді баяндау деп ұғады. Бұрынғы ақындарда кездесетін шешен тіл, образды сөйлеу жоқ. Өлеңнің тілі қара мақала секілді сұйық. Әрине, оған оларды да кінәлай алмайсыз. Өскен ортасы, заманы солай болып тұр.

– Құнарлы тілді қалай сақтаймыз?

– Әсіресе, тілді журналистер бүлдірді. Қазақтың қалыптасқан сөз тіркестерін білмейді. Қазір ана тіліміз қойыртпаққа айналды. «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» дейді Абай. Міне, осындай кестелі, мәйекті сөздің өрімі бұзылды. Сондықтан жоғары оқу орнында әдебиетшілер мен журналистерді дайындайтын факультеттерге қазақтың байырғы тілін қалыпты жазуға арналған бір пән кіргізу қажет.

ЖАЗУШЫ БЕДЕЛІ – ҰЛТ БЕДЕЛІ

– Қазақстан Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалын көп жылдан бері басқарып келесіз. Оның жұмысында жаңалықтар бар ма?

– Қазір елордада 150-ге тарта ақын-жазушы тұрады. Қаламгерлердің бәрі де қал-қадерінше қаланың рухани өміріне белсенді үлес қосып келеді. Түрлі әдеби кештер, кездесулер өтуде. Жаңа жарық көрген кітаптарды талқылаймыз. Бірақ… иә, бірақ Одақтың бұрынғыдай дәурені жоқ. Бұл туралы айтудан жалықтым. Бас қалада басымыз қосылатын ғимарат болса дейміз. Оны ұстап тұратын Қазақстан Жазушылар одағында қауқар жоқ. Бізге мемлекет тарапынан қолдау болмаса қиын.
Әсіресе, бүгінгідей ұлттың сан-алуан мәселесі күйіп тұрғанда қаламгерлер Елбасыға үлкен таяныш болар еді. Жазушылар деген қуатты армия. Ауқымды саяси күш. Қазір Жазушылар ұйымы жетекшілік рөлінен айырылып қалды. Әрі-беріден соң ұлттық идеологияның басында қаламгерлер тұру қажет еді. Азаттық алғаннан бері қаншама дарынды көркемсөз зергерлері дүние­ден озды. Мәселен, Астана мен Алматының жазушыларын салыстырыңыз. Астаналық қаламгерлердің жаңа өмірмен бірге тынысы ашылды. Жігерлі, денсаулықтары да жақсы. Ал Алматыдағы қаламдастар жұртта қалған секілді сезімді бастан кешкендей іштей үгіліп, көбісі өмірден өтіп кетті.
Бүгінде халық пен жазушының арасында байланыс үзілді. Бұл тәуелсіздік тұсындағы қателік болды деп санаймын. Міне, осындай ұлттық қуатты пайдалана алмай отырмыз. Елдегі ағайындар қаламгерлерді сағынды. Бұрын жазушының беделі ұлттың беделі еді. Қазір өзгерді. Тәуелсіздік дәуірі әлі жеріне жетіп жазылған жоқ.

– Биыл Сәкен музейіне 30 жыл толды. Мерекені атап өтуге қандай әзірліктер бар?

– Отыз жылдықты шама-шарқымызша атап өтеміз деп отырмыз. Бекітілген жоспарларымыз бар. Осы жылдар ішінде музейге ардақты азаматқа қатысты қаншама жәдігерлер жиналды. Тіпті, ғимарат тарлық ете бастады. Жыл сайын «Сырсандық» сериясымен жинақ шығарамыз. Биыл 4-ші кітап жарық көреді. Дәстүрлі мүшәйра өтеді. Былтыр ақынның фарфордан жасалған мүсіні қойылды. Биыл музейге осындай Ілияс Жансүгіровтің мүсіні қойылады. Келесі жылы Бейімбет Майлинді жасатамыз. Бұл үшеуі де – бөлінбейтін тұлғалар. Міне, осындай шараларды жоспарлап отырмыз.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Шығыстың ұлы ақыны Әлішер Науаидың «Ләйлі мен Мәжнүн» хамсасын аударып жатырмын.

– Рақмет, аға! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан  Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды