«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Астана» – төрт дүркін суперкубок иегері

0 16

Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» пен «Астана» Қазақстан Суперкубогын сарапқа салды. Бұл ойынмен жаңа футбол маусымының шымылдығы түрілді.

Бір маусымды артқа тас­тап, тыңайып келген екі команданың да сапына жаңадан ойыншылар қосылған. Тіпті олардың көбі алғашқы ойынға алғашқы минуттардан бастап ара­лас­ты. Мысалы, «Астана» командаға жақында ауысып келген румын Дорин Ротариуды ә дегеннен ресми матқа шығарса, «Қайраттың» қатарында бірден төрт бірдей жаңа ойыншы негізгі құрамда ойнады. Алматылық команданың бұл тәуекелі кері ықпалын да тигізді. Өйткені шабуыл шебінде ойыншылар бір-бірін түсінісе алмай жатты. Сондай ұрымтал тұста Жу­ниор Кабананга қақпашымен бетпе-бет келіп, допты алыс бұрышқа жерлете кіргізді. Бірінші таймның еншісінде – осы жалғыз гол.
Екінші таймда ойыншылар ауысып, ойын қарқыны күшейе түсті. Бір тың қор­ғау­шысын шығарған «Астана» қорғанысын бекемдеп, есептегі басымдықты ұстау­ға тырысты. 65-минутта Кабананганың айып алаңына енбестен, алыстан тепкен добы Стас Покатилов күзеткен қақпадан табылды. Есеп – 2:0. Осы көрсеткіш ойын соңына дейін сақталып, «Астана» төртінші рет Қазақстан Суперкубогын иеленді.


Бұл Суперкубокқа 2015 жылдан бері осы екі команда таласып келеді. «Астана» биыл «Қайратты» екінші жыл қатарынан қапы қалдырды. Алматыда өткен маусымашар ойынды 16 мың жанкүйер ­тамашалады.

Бексаттар САТТАР

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды