«Астана» – төрт дүркін чемпион

Футболдан Қазақстан біріншілігі мәресіне жетті. «Астана» төртінші рет қатарынан ел чемпионы атағын жеңіп алды. Премьер-лиганың жеңімпазы биыл да соңғы турда шешілді.

Соңғы ойынға дейін көш басындағы «Астана» мен «Қайрат» командалары арасын бір-ақ ұпай бөліп тұрды. Екеуіне де жеңілуге, тіптен тең түсуге де болмайды. Сүрінгені күмісті қанағат тұтады. Ал екеуі де жеңсе, «Астана» жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілетіні белгілі еді. Сонымен, елордада – «Астана» мен «Ақжайық», Алматыда «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы тағдыршешті ойындар басталып кетті.
«Екі майданда», яғни Еуропа лигасы мен Қазақстан чемпионатында қатар жүрген «Астана» соңғы ойынға бар күшін салды. Мықты ойыншылардың бәрі алаңға шықты. Өйткені елордалықтар үшін ұлттық біріншілікті ұту да маусым алдындағы мақсат болған.
«Ақжайық» бірінші таймда тәп-тәуір қарсылық көрсетті. «Астана» қанша шабуылдағанымен, қарсыластың қақпасын доп дарыта алмады. Сөйтіп, бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды.


Екінші тайм басталысымен алаң иелері екпінді күшейтті. Нәтижесінде ойынның 50-минутында Джуниор Кабананга есеп ашты. Конголық сұрмерген ойынның соңында тағы бір рет «Ақжайық» қақпасынан саңылау тапты. Осылайша, «Астана» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, төртінші мәрте қатарынан Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды.
Матч аяқталысымен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының президенті Азамат Айтхожин «Астана» капитаны Ненад Эричке чемпиондық тондоны табыс етті. Ал алтын медальдар кейінірек салтанатты жағдайда тапсырылатын болады.
«Ақтөбе» командасын 3:2 есебімен ұтқан «Қайрат» биыл да күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола жүлде Шымкенттің «Ордабасы» командасына бұйырды.
Премьер-лигадан «Тараз» және «Оқжетпес» командалары шығып қалды. Ал бірінші лигада бірінші және екінші орын алған талдықорғандық «Жетісу» мен петропавлдық «Қызылжар» алдағы жылы премьер-лигада өнер көрсетеді. «Ақжайық» пен бірінші лигада үшінші орын алған «Мақтаарал» премьер-лигада ойнауға құқық беретін ойында кездесетін болады. Бұл матч 9 қараша күні «Астана Арена» стадионында өтеді.
Қарсыластар қақпасына 20 гол соққан «Қайрат» шабуылшысы Жерар Гоу чемпионаттың сұрмергені, ал «Астана» шабуылшысы Джуниор Кабананга 22 голдың авторы атанды.
Жақын арада чемпионаттың үздік ойыншылары, бапкерлері және менеджерлері анықталатын болады.

Ғалым Қожабеков

 

Сонымен қатар

ЕЛ ЕЛОРДАСЫМЕН ЕҢСЕЛІ

Елбасының астананы Алматыдан Арқа төсіне көшіру туралы шешімі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы ұлы мақсаттардан туындаған көрегендік …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған