«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Астана» топ бастады

0 57

Еуропа лигасының 2-турында «Астана» өз алаңында Франция­ның «Ренн» клубын қабылдады.

Ойын алдында «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян «К» тобының фавориті саналатын француздармен тең ойнағанның өзін тәуір көретінін мәлімдеген. Бірақ арық сөйлеп, семіз шыққысы келген елордалықтар барынша сақ ойнап, қонағы билеген жаман үйдей болмады.
«Астананың» негізгі құрамындағы өзгеріс жас талант Бақтиер Зайнут­диновтың алғашқы минуттан ойынға араласқаны болды. Бұл бала өзіне артылған сенімді толық ақтады. Матчтың алғашқы таймы тең деңгейде өтті деуге болады. Ал екінші таймның 64-минутында Зайнутдиновтың жұлдызы жанды. Ол бұрыштамадан Марин Томасовтың көтерген добына «Ренн» капитаны Бенжамен Андреден биік секіріп, баспен қақпаға дәл бағыттады. Бұдан кейін қонақтар ойын тізгінін қолға алып, тайлы-тұяғымен шабуылға лап қойды. Алаң иелері өз міндетін тамаша атқарған Бақтиердің орнына қорғаушы Юрий Логвиненконы қосып, қорғанысын мықтап бекітті. Алайда «Астананың» қорғанысы кей сәтте сыр беріп, жанкүйерлерін әжептәуір алаңдатып қойды. Бірақ соңына дейін әупірімдеп шыдаған командаға 91-минутта соғылған екінші гол үлкен күш берді. Қарымта шабуыл кезінде екі пас­пен қақпашымен бетпе-бет келген Марин Томасов мүлт кетпеді.
Осылайша «Астана» француздарды 2:0 есебімен ұтып, Отанына ұпайсыз қайтарды. Сөйтіп өз тобында 4 ұпаймен көш бастады. Екінші орында – 3 ұпаймен «Ренн» командасы. Мұның алдындағы ойында елордалықтар сырт алаңда Киевтің «Динамосымен» 2:2 есебімен тең ойнап, 1 ұпай еншілеген еді. Ал бұл команда осы турда Чехияның «Яблонец» клубымен тағы да дәл осындай есеппен тең түсті. Сөйтіп «Динамо» 2 ұпаймен үшінші орынға жайғасса, соңғы орындағы «Яблонецте» – 1 ұпай.
Енді «Астананың» Еуропа лигасындағы келесі ойыны 25 қазанда Чехияда өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды