«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – тәуелсіздік тәжі

(Соңы. Басы өткен сандарда)

0 190

Нәтижесінде алғашқылардың бірі болып Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры жаңа астанаға қоныс аударды, жаңадан «Тәуелсіздік сарайы», итальян сәулетшісі Манфреди Николеттидің жобасымен салынып «Қазақстан» концерт залы және Елбасы айтқандай бізге бұрын армандаудың өзі арман болған италиялық сәулетші Ренато Аркеттидің «Астана Опера» опера және балет театры бой көтерді. Сонымен бірге Астанада ғылыми-сараптамалық және ағартушылық бағыттағы Назарбаев Орталығы ашылды. Ақорда еліміздің саяси жүрегі болса, Назарбаев Орталығы рухани тірегі деп есептеледі.

Сонымен бірге Ұлттық ғылыми-медициналық орталық, Ана мен бала ұлттық орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталықтары және «Қазақстан» спорт сарайы, төбесі жабылатын «Астана-Арена» футбол стадио­ны, «Сарыарқа» велотрегі, конькимен сырғанаушыларға арналған «Алау» сияқты басты спорт ареналары салынды.
Айта кету керек, Ұлы дала елінің бас қаласының көптеген ғимараттары, ескерткіштері кезінде Президенттің сурет, сызба және нобай түрінде тү­сір­ген ойларынан, идеялары­нан алынған. Мысал ретінде «Отан-Ана» монументі мен Президенттік мәдениет орталығының Н.Назарбаевтың қолымен салынған нобайларының осы жылдарда жарық көрген біраз альбомдарда берілгендігін айта кетсек артық болмас. Жалпы алғанда, қала құрылысына қатысқан әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың ойларын өмірде жүзеге асыра білгені анық, ол туралы жоғарыда айтылды да. 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Wall street journal» газетінің «Президент жаңа астананы жобалауға қатысты ма?» деген сұрағына: «Әрбір үйді жобалауға қатыстым. Әрбір архитектуралық жобаға қатыстым. Бұл тіпті үйлердің түсіне де қатысты… Мен – архитектормын және оған еш ұялмаймын» деп жауап берген екен Елбасы.
Астана көше салысымен қолға алынған шаруалардың біріне Астананың айналасына егіле бастаған «Жасыл белдеу» жатады. Бұл жобаны іске асыру үшін кейін «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Осы мекеме аймағын аралап шығып, журналистермен кездескен сәттерінің бірінде Елбасы бұл істі «Қыста пана, жазда сая болатын орманды мен ұлт байлығы, ұрпақ несібесі деп бағалаймын. Бабалардың бәйтерегін балалар саялайды» деп, өз пікірін білдіріпті. Қазір қаланы жалпы аумағы 60 мың гектар болатын қалың жасыл сақина қаусырып жатыр. Көгалдандырудың дәл мұндай орасан зор жобасы қазақ жерінде бұған дейін болған емес.
Сыртқы саяси салада да Астана, бүкіл Қазақстанның өркендеп дамуының айғағы ретінде, әртүрлі беделді халықаралық жиындарды өткізудің орнына айналды. ЕҚЫҰ-ның VII Саммитін осы тұрғыда шын мәнінде тарихи деп атауға болады. Н.Ә.Назарбаев бұл саммит бүкіл ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін аса маңызды оқиға, оның ерекше сипаты «Астананың өзіндік рухында» деп бағалаған. 2014 жылы ЕАЭО құру туралы тарихи актіге Астанада қол қойы­лудың өзінде символикалық мән бар. Ал Астана – EXPO-2017 мамандандырылған халық­аралық көрменің нәтижелі өтуі елдігіміздің атағын шартарапқа таратып, танытып, әлеуетімізді асырған ауқымды шара болды. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Елбасының Жарлығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бүгінде Астана – маңызды мәселелердің түйткілдері шешілетін әлемдегі аса ірі саяси, мәдени, рухани орталықтың бірі.

2009 жылы 6 қыркүйектегі Елбасының жеке архивінде сақ­талған құжаттың бірінде Астанаға байланысты бірер ойларын өзінің естеліктеріне түсіріпті. Шығыста «қалалар елді жасайды, ал астаналар – мемлекетті» деген сөз бар. Осыған байланыс­ты Президент жаңа ел ретінде Қазақстанның пайда болғандығын, оның адамдарды, экономиканы, өмірді өзгерткендігіне тоқталады. Ол елге жаңа астана керек болды. Осы кезеңде Астана ел дамуының локомотивіне айналып, соңғы он жылда қаланың жалпы өнімі елу есеге өсті деген мәліметтер келтіреді. Онда елорданың елді саяси модернизациялаудың, өркениеттік, мәдени ірі проблемаларды шешудің орталығына айналғандығы және Астананы әлемнің елу дамыған қалаларының қатарына қосу керектігі туралы да ойлар жазылған.
Жоғарыда аталған Елбасының естеліктерінде хобби туралы да жазба кездеседі. Ол кітап оқитынын, теннис пен гольф ойнайтынын, ән айтатынын және сурет сала бастағандығын қағаз бетіне түсіріпті. Бізді қызықтыр­ған бір нәрсе Н.Ә.Назарбаевтың «Қазір – басты хоббиім – ол Астана!» деп, оның соңына леп белгісін қойғандығы. Осы жазбаларында ол Астананың еуразиялық қала болғандығына мақтаныш сезімін білдіреді.
Ал 2010 жылдың 2 наурызындағы жұмыс жазбасынан Президенттің Астанаға деген махаббатын, оның жан дүниесінің қала өмірімен біте қайнасып кеткендігін айқын көруге болады. Елбасы: «Қала салынды. Ол әдемі. Енді ыңғайлылық, жайлылық керек. Бұрын салынғанды сақтау керек. Күту, жөндеу… Қала төңірегінде агрошеңбер, қала ғимараттарын заманауи жарықтандырудың жобасы» деп жазыпты. Осы тезис түріндегі жазбадан Президенттің Астанаға қатысты мәселелердің барлығын бүге-шігесіне дейін білетіндігін байқау қиын емес. Өйткені ол қазылған орлар, жаяу жүргінші, қоршаулар, ағаштар, көгалдар, сияқты бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін, бірақ тұрғындардың көңіл-күйіне кері әсер ететін мәселелерді ұмытпай, оларды алдағы уақытта болдыр­мас үшін қала басшылығына тиісті тапсырмалар беріп, үнемі өз бақылауында ұстап отырды.
Сонымен, уақыт өткен сайын жұртқа астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінің тарихи маңызы мен мәні барған сайын түсінікті бола түсуде. 20 жылда Астана – халықтың өркендеуі, қуаты мен күшін танытқан, жаңа Қазақстанның символы мен мақтанышына айналды. Астана табыс пен елдің экономикалық өсуінің көзіне айналып, оның дамуын жеделдетіп отыр, мұнда мемлекеттің басты стратегиялары айқындалуда. Ол болашағымыздың бесігіне айналып отыр. Этностық, мәдени және діни әралуандылыққа қарамастан, Қазақстанда бейбітшілік пен саяси тұрақтылықтың мекені болып отырған да Астана. Астана – еліміздің жүрегі, тәуелсіздіктің құны жетпес жеті қазынасының бірі. Елорда жаңа қазақстандық патриотизмнің алтын арқауы. Бүгінгі Астана – өмір сүруге өте қолайлы, дамыған инфрақұрылымы бар заманауи мегаполис.
Елбасының ұстанған «Астананы дамыту арқылы мемлекетті дамыту» формуласы жаңа астананы елдің кешегісін келешегімен біріктірген қала етті. Астана арқылы Қазақстан армандар ақиқатқа айналатын елге айналды.
Биыл Астанаға 20 жыл толады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2017 жылғы 27 қыркүйекте ел өміріндегі айтулы мерекені атап өту туралы тиісті Өкімін шығарып, оның «Ел жүрегі – Астана» атты Тұжырымдамасын бекітті. Онда Ұлы даланың бас қаласына жаңару мен жаңа идеяларды енгізудің үлгісі және жаһандық бастамалар орталығы, бейбітшілік пен келісім қиылысы ретінде жоғары баға берілген.
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «Сәулеттік пішіндердің жан-жақ­тылығына Астананың ғылым, мәдениет, медицина және спорт орталығы ретіндегі мазмұны мен кескін-келбеті де сайма-сай. Мен осы және басқа да нысандарға шұқшия қарап, өзгертулер енгізіп, сәулетшілермен талай отыр­дым. Мақтанғаным емес, Астанаға қараймын да сүйсінемін. Осыны шынымен біз жасадық па? Иә. Жаңа астана жайнай түсті» дейді.
Елбасы Астананың ұзақ мер­зімді стратегиясы мен тұрақты дамуының басты мақсаты қала халқының өмір сүру стандарттарын жақсарту және әлеуметтік салаға икемделген экономика құру деп айқындап отыр.
Ең бастысы – Астана Елбасы идеясының іске асырылуы және барлық Қазақстан халқы еңбегінің жемісі екендігі тек елімізде ғана емес, сондай-ақ халықаралық қауымдастық тарапынан да мойындалған ақиқатқа айналғандығында. Астана арқылы Қазақстанды жан-жаһанға таныттық. Өйт­кені, Н.Ә.Назарбаев атап өткен­дей: «Біз астананы әйтеуір ауыстыру үшін ғана ауыстыра салған жоқпыз, бүкіл Қазақстанның жарқын болашағы үшін көшірдік» дейді. Ендеше, жаңа астана елдің кешегісін келешегімен біріктіріп, бас қала бақ ордаға айналды.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Мемлекет тарихы институтының
бас ғылыми қызметкері,
саяси ғылымдар докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды