«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – тәуелсіздік тәжі

0 286

 

Шын мәнінде, Комиссия Қазақстанның жаңа астанасының қалыптасуына зор үлес қосты. Жөнге салынған жұмыс­тың арқасында ол әртүрлі құры­лым­дардың, министрліктер мен ведомстволардың жұмыстарын жедел түрде үйлестіре білді, Елбасы қойған тез арада шешуді талап ететін міндеттерді дер кезінде іске асырып отырды. Қазақстанның жаңа астанасының – қазіргі Астананың негізі дәл сол кездері қаланды деп айтуға толық негіз бар. Жүйелі жұмыстың арқасында астананы көшіру барысында туындаған көптеген проблемалар еңсерілді. Астананың құрылысына ТМД елдерінің 4 мыңға жуық құрылысшы жұмылдырылғанын да естен шығармаған жөн. Қысқа мерзімде, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы іске асырылды. Елбасы айтқандай, Астана Қазақстанның жаңғыруының рәмізіне айналды, оның құрылысы – ел тарихындағы және Қазақ­стан тәуелсіздігінің жыл­нама­сын­дағы жаңа дәуір болды.

Шаруаның қарбалас болғанына қарамастан жаңа астананың жылнамасы мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы мақсатта сол кездің өзінде Орталық архивті Ақмолаға көшірілетін мемлекеттік органдардың тізбесіне қосу немесе жаңадан салу үшін жер бөліп тәуелсіздік жылдарының құжаттарын жинақтауға негіз салу мәселесі 1997 жылғы архив материалдарында кездеседі. Айта кету керек, бұл идеяны Елбасы қолдап, 2006 жылы Астанада Ұлттық архив құрылады.
Сөйтіп Қазақстан 1997 жылы халық тағдыры үшін өміршең зор «Қазақстан – 2030» даму Стра­тегиясымен және жаңа аста­насымен жаңа биіктерге, жаңа мыңжылдыққа қадам бас­ты. Осы тұрғыда 1998 жылдың да Ел тарихындағы алатын орны ерекше. Елбасының 26 қаңтардағы жазбаларында «Жаңа: ескі стадион, Евразия университеті, Ұлттық музей, телеорталық, ары қарай ЕЭА (еркін экономикалық аймақ), Ақмоланың Бас жоспарына конкурс, Астананың тұсау­­кесері. Дайындық» деген сөздер бар. Аталған мәселелермен қатар осы кездері «астананың жасыл белдеуі» де қолға алына бастаған.
Былай қарағанда, бұл 1998 жылдағы басты іс-шаралар мен маңызды міндеттердің тізбесі, яғни сол жылдың мазмұндық сипаттамасы немесе жол картасы іспеттес дүниелер болатын. Өйткені ол қаланың кең көлемдегі құрылысымен, оның болашақ дамуының бас жоспарын дайындаудан басталды. Болашақ елордамыздың бас жоспары ашық өткізілген халықаралық байқау­дың нәтижесінде бекітілді. Оған 47 жоба қатысты. Әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жобасы озып шықты.
Осы кезде астананың тұсау- кесеріне әзірлік нақты қолға алынған еді. Ұйымдастыру комитеті құрылды. Онда облыстың дайындығы, мәдени-спорттық және ойын-сауық мекемелерінің дайындығы, сауда және қызмет көрсету, ипподромның құрылысы, жол бойындағы қызмет көрсетудің жағдайы сияқты мәселелер қарастырылды.
Президент 1998 жылдың қаңтар, сәуір, мамыр айларында арнайы кеңестер өткізіп, Астананың тұсаукесерінің Бағдарламасын бекітті, үкіметтік комиссия құру туралы шешім қабылдады, аэропорттың дайындығы туралы есеп тыңдады, Астана қаласының ресми тұсаукесеріне арналған салтанатты отырыстың сценариін бекітті және тағы басқа көптеген нақты тапсырмалар берді. Елбасы бұл іске жауапты адамдардан іс-шараларды азайтып, оның сапасына көңіл бөлу қажеттігін ескертті.

Әлемге танымал «Окан Холдинг» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекир Окан бір сұхбатында Астанаға ең алғаш 1995 жылы келгенінде Елбасының Астана туралы ойын естіп: «Бұл кішкентай ғана қала. Қалай астана болады?» деп сұрапты. Ол сұраққа Президент «Стратегиялық тұрғыдан осы қала астана болуы қажет, солай болады» деп жауап берген екен. Бекир Окан мырза Астанада алғашқы бес жұлдызды «Okan InterContinental» қонақ үйін салғаны туралы еске түсіріп, сол кездері Астанада құрылысқа қажетті материалдар жоқтың қасы болғанын, құрылыс материалдарының Түркия, Еуропа мен Америкадан әкелінетіндігін, жұмысшылардың да жетіспегендігін әңгімелей келе, мына бір қызықты оқиғаны есіне алады: «Ақпан айы еді. Қонақүйдің аяқталмаған бір бөлігін салып жаттық. Мемлекет басшысы Назарбаев қонақ үйді көруге келді. Ол үнемі құрылыс барысын қадағалап отыратын еді. «Маусым айында Астананың тұсаукесері болады. Соған дейін бұл қонақ үйдің құрылысын аяқтағандарыңызды қалаймын» деді. Уәде бере алмасам да, тырысатынымды айттым. Өйт­кені анау-мынау емес, салып жатқанымыз – аса ауқымды 5 жұлдызды қонақ үй болатын. Ал уақыт аз қалған. Назарбаев «Жо-жоқ, сенің қолыңнан келеді» деді. Біз құрылыс жұмыс­тарын тездете түстік. Құрылыс алаңында 2 мың адам жұмыс істеді. Бауырым және үлкен ұлым­мен құрылыстың басы-қасында болып, күндіз-түні еңбектендік. Маусым айында қонақ үйді бітірдік… Елорда қазір 1 миллионнан астам тұрғыны бар үлкен шаһарға айналды. Бұл, әрине, толықтай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында іске асып отыр. Қала астана болмай тұрып барлық жерін аралап, нені өзгерту қажеттігін, нені қолға алу керектігін өзі айқындады. Назарынан ештеңені тыс қалдырмай, қадағалап, Астананы осындай әсем қала дәрежесіне жеткізді. Өзі Мемлекет басшысы болғанымен қатар, үлкен жобаның авторы. Қазақы шаңыраққа ұқсата отырып, Ұлттық музейдің нобайын да өзі сызған еді. Барлығын құдды бір кәсіби сәулетші сияқты ойластырды. Астананың басты сәулетшісі – Нұрсұлтан Назарбаев».
Осының алдында, 1997 жылы, Ақмолаға алғашқы министрліктер мен ведомстволардың келе бастағанын, олардың жаңа жағдайда кейбір қиындықтарға тап болғанына, әлі алда қыруар жұмыстардың күтіп тұрғанына қарамастан, 1998 жылы бүкіл әлемге жар салып астананы таныстыруға бел буған адамда қандай жүрек, қандай ерік-жігер, өз ісінің дұрыстығына деген қандай сенім мен халқының алдындағы жауапкершілік пен сезім болуы керек? Оның жауабын Елбасының кейін, 2002 жылы, қала күнінде сөйлеген сөзінен табуға болатын сияқты: «Cіздер мен біз үшін бұл қаланың орны мен мәні бөлек, оның күннен күнге жан-жүрегімізді баурап, көңілімізге де, көзімізге де ыстық тартып бара жатқанын, оған күннен күнге бауыр басып бара жатқанымызды ағымыздан жарылып мойындайық». Бұл жерде тұсаукесердің алдында жарық көрген БАҚ көзінің хабарлауынша, 30-ға жуық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мыңға жуық адамның келетіндігі, 300-ге жуық БАҚ өкілдері атсалысатындығы және Астананың тұсау­кесеріне 20 елдің басшылары қатысады деген мәліметтердің жарияланғандығын мағлұмат ретінде келтіре кеткен артық болмас.
Осы жылдың ең бір айтулы оқиғасы Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауын Астана – Қазақстан Республикасының астанасы деп өзгерту туралы 6 мамырдағы Мемлекет басшысының қаулысы болды. Бұл шешімді Елбасы жергілікті атқарушы және өкілдік органдардың, Ақмола қаласы жұртшылығының өтініші мен Республика Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссиясының корытындысына негізделе отырып қабылдады.
Н.Ә.Назарбаевтың газеттердің біріне берген сұхбатында Астана сөзі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірдей құлаққа жағым­ды естіледі. Бұнда ешқандай екіұшты түсіндірме деген жоқ. Орысша аудармасында да астана дегенді білдіреді. Бәрі қысқа және түсінікті. Астана атауында шешімділік, табандылық, айқындық сияқты бір реңкі бар деген еді.
Ақмола қаласының атауын Астана деп өзгертумен бір мезгілде жаңа астанада Сарыарқа және Алматы аудандары құрылды. Кейін қаланың шекаралыры өзгер­тіліп, оның жер көлемінің кеңеюі­мен бірге Есіл, Байқоңыр сияқ­ты жаңа аудандар пайда болды.
2001 жылдың 13 сәуірінде Мемлекет басшысы министрлерді, Президентке тікелей бағынышты және оған есеп беретін мемлекеттік органдардың, ұлттық ком­паниялардың басшылары мен облыс әкімдерінің басын қосып жиналыс өткізді. Онда негізгі мәселе ретінде Астана қаласының әлеуметтік-­экономикалық дамуының 2005 жылға дейінгі «Астананың гүлденуі – Қазақ­станның гүлденуі» Мемлекеттік бағдарламасы туралы Елбасы Жарлығын орындаудың шаралары қаралды. Сол жылдың мау­сым айында Н.Ә.Назарбаев «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық еркін аймағын құрды, оның ережесін бекітті. Ол құрылғаннан кейінгі 15 жылда елорданың жалпы аймақтық өнімінің көлемі 45 есе өсті. Кейін, 2006 жылы, Астана қаласының тұрақты дамуының 2030 жылға дейінгі Стратегия­лық жоспары қабылданды. Онда қала халқының өмір сүру стандарттарын жақсарту және әлеуметтік салаға икемделген экономика құру басты мақсат ретінде белгіленген. Осы қадамдардың барлығы Астананың қарқынды дамуына жағдай жасағаны анық.
2001 жылғы 10 маусымдағы қала күніне арналған салтанатты отырыста сөйлеген сөзінде Елбасы әлемге танылған жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Астана барлық жағынан да менің көңілімдегіден, күткендегімнен әлдеқайда асып түсті» деген бір ауыз сөзі көңілімізге қатты ұялады дей келе, бұл біздің тындырған ісімізге, Астанамызды абаттандыруда қол жеткізгендерімізге берілген әділ баға ретінде әбден қабылдауға болатын тоқтамды сөз екендігіне жиналғандардың көңілін аударды.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Мемлекет тарихы институтының
бас ғылыми қызметкері,
саяси ғылымдар докторы

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды