«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – Smart City

0 99

Әлемде 2500 қалаға «Ақылды қала» жобасы енгізілген. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы тұжырымдама қабылданды. Күні кеше өткен Үкімет отырысында талқыланған мәселенің бірі – «Ақылды қалалар» жобасын іске асыру. Жиында елорда әкімі Әсет Исекешев қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытындағы жүзеге асып жатқан «ақылды қадамдар» барысын таныстырып өтті.

 

Айта кетейік, «Smart Astana» концепциясы қала қызметте­рінің энергия­лық тиімділігін арттыру, сондай-ақ, шағын және орта бизнестің инновациялық мүмкіндіктерін дамыту ар­қылы қала халқының тіршілік сапасын жақсартуды көздейді. Қала басшысы Әсет Исекешевтің айтуынша, қазіргі уақытта е-ПИК, мобильді қосымша, чат-боттар секілді біраз жобалар іске асырылды.
«Биыл ІТ және қауіпсіздік саласында республикада ал­ғаш рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Сергек» бейнебақылау жүйе­сі жүзеге асты. Қаланың қауіпсіздік деңгейін көтеруді, қоғамдық орындар мен көшедегі құқық бұзушылықтың алдын алуды көздейтін бұл жобаның тиімділігі орасан. Нақты айтқанда, жалпы саны – 13 мың, оның ішінде 400 көше қиылысына және 300 сызығы бар учаскелерге 6000 камера қойылды» дейді қала әкімі. Айта кетейік, аталмыш камералар көліктің нөмірлік белгілерін, жылдамдық режимін, сонымен қатар, көлік иелерінің тоқтау белгісі мен автобус жолақтарын қиып өтуін жылдам анықтау­ға мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі 8,4 млрд теңгені құрайтын жоба жекеменшік инвесторлар есебінен қаржыландырылады. Қала бюджетіне құқық бұзушылардан түскен айыппұл есебінен инвестиция қайтарылмақ.

BIG DATA және OPEN source Astana

«Цифрлы Қазақстан» мем-лекеттік бағдарламасы аясында елорданы «Smart City»-ге айнал­дыру мақ­сатында жүзеге асатын жобалардың бірі – «Ақылды жарық­тандыру». Оған сәйкес, қаланың 45 мың ша­мын ауыстыру көздел­ген. Осылайша, жа­рық­ты 60 пайызға де­йін үнемдеп, эксплуа­та­циялық шығындарды 30 пайызға азайтуға болады.
«Жоба ІОТ датчиктерін қолдану арқылы қаланы жарықтандырудың «ақылды» жүйесін басқаруды енгізеді. Бүгінге дейін пилоттық жобалар жүзеге асырылды. Қазір біз оны МЖС сызбасына сәйкес қолға аламыз» деді Әсет Исекешев. Сонымен қатар, аталмыш жиында қала басшысы BIG DATA және OPEN source Astana lot platform жобасы жөнінде ақпаратпен бөлісті.
OPEN data – бұл ІТ шешімдер мен әзірлеушілерге арналған ашық мәліметтер порталы. Қазір ол бета режимінде жұмыс жасайды. Аталған шешім стартаптарды дамытуға және қалалық шешімдерді шешуге қоғамдастықты жұмылдыруға бағытталған.
– BIG DATA жобасы барлық мәліметтерді өңдеп, шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұнда тұрғындарды тіркеудің бастапқы сатысында заңға қайшы әрекеттерді анықтау­ға, мектеп және балабақша қажеттілігін жоспарлауға, көлік кестесін көруге болады. Бизнеске қызмет көрсету туралы ақпараттар да қам­тылған. Жобаның барлық қызметі 2018 жылдың екінші тоқсаны аяғында қолжетімді болады деп жоспарланып отыр. «Ақылды қала» жобаларының ішіндегі маңыздысы – қалаға интеллектуалдық қыз­мет көрсету үшін интернет заттарды енгізу. ІОТ қондырғылар бір-бірімен ақпарат алмасып, BIG DATA элементін пайдаланды. Қазіргі уақытта біз түрлі технологияларды зерттеп, платформа бойынша айналысудамыз, – деді Әсет Исекешев.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, ГИС-Астана, смарт медицина, смарт білім беру, зияткерлік көлік жүйе­сі және тағы басқа жобалар жетілдірілетін болады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, «Smart City» жобасы энергия қорларын, коммуналдық желілерге қыз­мет көрсету шығындарын үнем­деу­де және жолдағы қауіпсіздікті сақтауда тиімді жоба екенін дәлелдеп келеді.

Аялдамаларға QR-код орнатылады

Жаңа жылдан бастап елорда тұрғындары аялдамалар жөніндегі ақпаратты жедел түрде алуына болады. Бұл туралы Ахуалдық орталық жұмысымен танысуға арналған пресс-тур барысында қаланы тұрақты дамыту орталығының өкілі Виталий Пустовойтенко мәлімдеді.
2018 жылдың қаңтар айы­нан бастап QR-кодтар ар­қылы ақпаратты сканерлеп, жолға қатысты барлық ақпарат алуға мүмкіндік беретін жоба іске қосылмақ.
«Жоба аясында тұрғындар қаладағы аялдамаларда орнатылған барлық электронды таблодағы ақпаратты өз телефондарынан көре алады. Қанатқақты жобаны біз қаңтар айында бірнеше аялдамада іске асырамыз. Телефонның көмегімен тұрғындар кодты сканерлеп, дәл сол мезетте қаладағы барлық электронды таб­лода көрсетілген ақпаратты біле алады. Нақтырақ айтқанда, QR-код қалада орнатылған барлық электронды таблодағы ақпаратты көшіреді. Бұл – электронды табло орнатылмаған аялдамаларда қоғамдық көлікті күтушілер үшін өте ыңғайлы құрал. Тиісінше, адамдар аялдамаға жетпей-ақ, ақпаратты бақылай алады» деді Виталий Пустовойтенко. Егер тұрғындар тарапынан бұл жоба сұранысқа ие болып жатса, қажетті орындардағы барлық аялдамаларға QR-кодтар орнатылатын болады.

Smart Astana Bot: айыппұлды білуге болады

Үш күн ішінде Smart Astana Bot телеграмм мессенджеріне азаматтардан 10 мың сұ­раныс келген. Оның 500-ге жуығы әкімшілік айыппұл туралы ақпарат алыпты. Мамандар осыған байланыс­ты бағдарламаның күшін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Бүгінде Bot бойынша екі түрлі қызмет түрін алуға болады. Ол – әкімшілік айыппұлдың бар-жоғын тексеру және өзінің емханасын табу. Алдағы уа­қытта ресурстың мүмкіндіктері артып, жаңа қызмет түрлерімен толығады.

«109» қызметіне жүгінетіндер көбейді

Егер тұрғындарды қандай да бір тұрмыстық мәселелер мазаласа, дереу «109» қызметіне қоңырау шалуға болады. Мәселен, күні кешеге дейін 440 мыңға жуық қоңырау келіп түскен. Орталық басшысы Мұрат Аманчиевтің мәліметіне сүйенсек, мекемеге күн сайын орта есеппен 800 сұрақ келіп түседі.
«Әсіресе, көктемгі уақыт кезінде көмек сұрап хабарласқандардың саны көп болды. Тұрғындарды көбіне ПИК мәселесі, су тасқыны, ашық құдықтар, ауа райы, жол мә­се­лесі мазалайды. Біздің ұжымда 60 оператор жұмыс істейді. Жұмысымыз 300 ба­ғытты қамтиды. Әлеуметтік желілерде белсенділігіміз жо­ғары. Бізде апаттық жұмыс­тардың жоспары туралы ақпараттар да бар. Сонымен қатар, біздің қызмет арқылы қала әкіміне сауал қоятындар көп. Қазіргі уақытта 100-ге жуық шағым бақылауға алынды» дейді «109» қызметінің жетекшісі Мұрат Аманчиев.

Бүкіл қала – мобильді құрылғыда

«Smart Astana» мобильді қосымшасы жаңа жылдан бастап жаңа қызмет түрлерімен толығады.

– Бүгінде аталмыш қосымшада 20 қызмет түрі болса, алдағы уақытта олардың саны 50-ге жеткізу жоспарлануда. Қа­зіргі уақытта жұмыстар аяқталып, сынақтан өткізі­луде. Мұнда «109» қыз­метіне сұраным қалдыруға, басқарма басшыларының қабылдауына жазылуға, өз емханаңды табуға, айып­пұл көлемін білуге, автотұ­рақтарға төлем жасауға, би­лет алуға, әлеуметтік тө­лем­­дердің статусын білуге, Оқу­шылар сарайында жүргі­зілетін үйірмелердің кестесін көруге болады, – дейді Виталий Пустовойтенко.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды