«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана саммиті

0 52

Ел ордасының Сарыарқа төсіне көшіп, Есілдің бойын ен жайлағалы бергі 20 жыл уақыттың ішінде қанат жайған орасан зор мәні бар 20 оқиға қатарынан Қазақстанның 2010 жылы Астана төрінен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын (ЕҚЫҰ) басқаруы ойып тұрып орын алды. Сөйтіп, еліміз Еуропаның, Орталық Азия мен Солтүстік Американың 56 елінің басын біріктіретін іргелі құрылымға бір жыл бойы төрағалық етті.

Осылайша біздің респуб­ликамыз бұрынғы ке­­ңестік кеңістіктегі ел­­дер арасынан бұл ұйымға бі­рін­ші болып басшылық жаса­ды. Мүше мемлекеттердің тең құ­қықтылығы қағидатын ұс­танған Астана «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ортақ кеңістік» доктринасының пәрменділігі де айрықша мән берді. Бұл тарихи шешім, түптеп келгенде, респуб­ликамыздың халықаралық сая­саттағы жылдан жылға артып артып келе жатқан бекем орны мойындала бастағанына да айғақ болды.
Осыған орай 2009 жылғы 22 желтоқсанда елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерімен Ақордада өткен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайлану – Қазақстанға деген еуропалық және әлемдік қауымдастық тарапынан зор сенімге ие болып отырғанымыздың арқасы» деп, бұл миссия­ның еліміз үшін қаншалықты маңызы бар екенін, оның сонымен бірге қандай жауапкершілік жүктейтінін байқатып өтті. Одан әрі бұл беделді халықаралық ұйым қызметін қамтамасыз ететін қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық саладағы тепе-теңдікті сақтау еліміздің алдына қойылған жаңа міндеттер екеніне назар аударды.
Еліміз ұйым төрағалығының ұраны ретінде латынның төрт «T» әрпінен тұратын сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance) сөздерін таңдап алды. Сенім – халық­аралық қатынастардағы басты ресурсты меңзей отырып, елдер арасындағы өзара сенімге құрылған қарым-қатынасты ұсынады. Оның негізін ұдайы үнқатысып отыру арқылы ұжым­дық қауіпсіздікті сақтау құрайды. Дәстүр Қазақстанның ұйымдағы іргелі қағидаттар мен құндылықтарға адалдығын танытады. Ал транспаренттілік мейлінше ашықтықты, «қосарланған стандарт» пен «жіктеу шектерінің» жоқтығын, қауіп­сіздік саласындағы басты назардың ынталы ынтымақтас­тық екенін байқатады. Сол сияқ­ты төзімділік мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диа­логтың барған сайын артып отырған маңызын түйсіндіреді.
Қазақстан 2010 жылдың ал­ғашқы күнінен өзінің ұйым төр­ағасы ретіндегі міндетіне кірі­сіп кетті. Оның эстафетасы соның алдында, желтоқсанның 1-2-сі күндері Афинада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің 17-ші отырысында осы ұйымға төрағалық етіп келген Грекияның елімізге басшылық тізгінін ресми тапсыруынан басталды.
Біздің республикамыз – ЕҚЫҰ-ға 1992 жылдан тұрақты мүше. Еліміздің бұл ұйыммен қарым-қатынасын бірнеше кезеңге бөліп қарастыра аламыз. Алғашқы кезең 1994-1997 жылдармен тұспа-тұс келіп, ық­палдасу іргетасын қалап берді. Мұндағы ең елеулі оқиға 1995 жылы Венада Қазақстанның тұрақты өкілдігінің ашылуы болды. 1998 жылғы 2-3 желтоқсан күндері ЕҚЫҰ мен Қазақстан Үкіметі арасында өзара түсіністік туралы, Қазақ­стан Республикасы Үкіметі мен ЕҚЫҰ /БДИПЧ арасында өзара түсіністік туралы меморандум­дарға қол қойылды. 1999 жылғы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ орталығы ашылды.
Төрағалықтың ең түйінді тұсы ұйымның онжылдық үзілістен кейін Астанада саммит өткізуі болды. Ол 2010 жылғы 1-2 желтоқсан күндері керуен керді. Бұған дейін мұндай жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Ыстанбұлда өткен болатын. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мем­­­­лекет және үкімет басшысы, жо­ғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халық­аралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері келді. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони болды.
Сәрсенбі күні басталған жиынды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Ол сөзінде ұйымға мүше елдерге Еуразия қауіпсіздігі туралы келісім әзірлеу туралы ұсыныс жасады. «Біз келер жылы Ислам елдері ұйымына төрағалығымызды Еуразия кеңістігінде сенімді нығайтуға күш салуға пайдаланатын боламыз» деді Елбасы.
Келесі кезекте Қазақстан Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиу және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо шығып сөйлейді.

Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық саясатта алдын ала байқалған поляризация нышандарын еңсерудегі және Ұйым­ға қатысушы елдерінің өзара алыс­тау бағытына қатысты саяси жігерінің айқын көрінісі болды. Жиында Еуро-Атлантика және Еуразия кеңістіктеріндегі тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы өзекті түйткілдер, басқа да «сеңі сөгілмей келе жатқан» қақтығыстарды шешу жайы негізгі тақырыптар ретінде талқыланды.
Форумға қатысушылар алдында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасына көшу, яғни ынтымақтастықтың төрт мұхит шекарасындағы – Атлант мұхитынан Тынық мұ­хитқа және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына де­йінгі біртұтас кеңістіктігін қалып­тастыру қажеттігі жөнінде ой тарқатты.
Кездесу соңында аса жоғары деңгейде Астана декларациясы қабылданды. Онда саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде, Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерді, қағидаттары мен құндылықтарды қуаттады. Бұған қоса, саммитке қатысушы елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмысты жалғастыруға, ұйымның жауапкершілігі аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді арттыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлерге лайықты қарсы тұра білу жолында ұйым жұмысын жаңаша жолға қоюды өз міндеттеріне алды.
Астана саммиті деле­га­ция­лар басшылары тарапынан жоғары ба­ғаға ие болды. Ұйымның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Қазақстан мемлекетінде қабылдан­ған шешімдер ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың біртұтас стратегиясын жасауға ықпал ететінін тілге тиек етті. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Еуропа ұйымындағы Қазақстан төрағалығының мейлінше табысты болғанына тоқталды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ұйым саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта үлкен рөл атқаратынын көрсететінін атап айтты.
Қорытындылай келгенде, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті «Еуропаның ортақ үйін» салуға қайта кірісуге нақты мүмкіндік берді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Астана рухы» айрықша белгісіне айналған екі күндік ұлы жиынның «бүкіл ЕҚЫҰ қоғамдас­тығы үшін тарихи оқиға» болғанын мәлімдеді.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды