«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана самалы аймалайды

0 57

Елордада «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрлерінің ІХ халықаралық фестивалі ашылды.

Биылғы жылы бұл дәстүрлі фес­тиваль жиырма жылдық қуа­нышқа ерекше үн қосып отыр. Үрмелі аспаптардан түрлі саз төгілтіп, бас шаһарымыздың көшесімен жүріп өткен оркестрлер көпшілікті қызықтырмай қоймайтыны анық.
Бұл шараға 7 үрмелі аспаптар оркестрі қатысып отыр. Атап айт­қанда, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының Үрмелі аспаптар оркестрі, ҚР Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілімді оркестрі, ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жиынтық үрмелі аспаптар оркестрі және ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» аймақтық қолбасшылығының үрмелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ ресейлік қонақтар – Барнаул үрмелі аспаптар оркестрі, Барнаулдың мажореткалар тобы, новосібірлік «Сибирский диксиленд» джаз ансамблі.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына осы фестиваль барысында классика мен рок-н-ролл, джаз бен эстрада секілді түрлі жанрларда музыкалық туындылар ұсынылып отыр.
Кеше Студенттік, Астаналық және Жерұйық саябақтарында жалғасып, дәстүрлі бэнд-марафоны «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда өткен шара бүгін де жалғасуда. Сағат 11.00-де Республика даңғылында үрмелі аспаптар оркестрлерінің салтанатты шеруі болады. Ал кешкі сағат 17.00-де екі сағаттық плац-концертпен фестиваль шымылдығы жабылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды