«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана қысы қызықты

1 109

Зәулім ғимараттарымен, сәнді саябақтарымен, мұнтаздай көшелерімен көркем Астананың қысы да қызықты. Әсіресе, каникулда жүрген балалар үшін қызық көп. Бұл тұрғыда тұрғындар мен қала қонақтары үшін елорданың әр жерінде жаппай сырғанауға барынша жағдай жасалған.

«Алау» мұз айдыны сарайы мен «Mega Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығы және «Ice Club» отбасылық ойын-сауық кешені сияқты бірқатар ғимараттың ішіндегі жабық мұз айдындармен қатар, Астананың барлық ауданында ашық аспан астындағы жаппай сырғанау алаңдары қарастырылған. Бір жақсысы, мұз қалашықтарды салудан шаһардың шеткі аймақтары да шет қалмапты.

Елордадағы ең үлкен сырғанақ алаңы Алматы ауданындағы Президент саябағында орналасқан. Оның биіктігі 6 метр болса, ұзындығы 160 метрден асады. Сырғанақтың ішкі жақтары жарық диодты шамдармен безендірілген. Кешкі уақытта ол түрлі түсті жарық шашып тұрады. Аталмыш алаңда 20 метрлік жаңа жылдық шырша қойылған.
Жалпы, Алматы ауданында 5 жасанды шырша бой түзепті. Оның ең биігі «Қазақ елі» монументі алаңында тұр. Биіктігі – 25 метр.

Ал Байқоңыр ауданында 5 мұз айдыны кешені бар. Олар Кемал Ататүрік атындағы саябақ пен «Алатау» спорт кешені, Жастар сарайы маңында және «Өндіріс», «Кирпичный» тұрғын үй алаптарында орналасқан. Жаңа жылдық шыршалармен безендірілген мұз айдыны кешендерінде сыр­ғанау төбешіктері, коньки тебуге арналған алаңдар және 60-қа жуық мұз мүсіндері қа­рас­тырылған. Сонымен қатар аталмыш ауданға қарасты мектептердің аумағында қосымша 9 сырғанақ қойылыпты.
Ататүрік саябағындағы мұз қалашығы Байқоңыр мен Есіл ауданы әкімдіктерінің ортақ тұжырымдамасы бойынша Есіл өзенін бірыңғай безендіру мақсатында салыныпты. Бұл ретте аталмыш саябақтағы мұз қалашықта 15 метрлік шырша, концерт өткізуге арналған сахна, сауда алаңы, мерекелік безендірумен айналысу орны, 16 мұз мүсіні қарастырылыпты.

Сол сияқты Есіл ауданының еншісінде 7 мұз қалашығы бар. Олар Ботаникалық бақ, «Хан Шатыр», «Керуен» сауда, ойын-сауық орталықтары, «Жағалау-3» ықшам ауданы, «Жетісу» саябағы, «Үркер» тұрғын алабы, «ЭКСПО-2017» аумағынан орын тепкен.
Сарыарқа ауданында да қыстың қызықты алаңдары көптеп қарастырылған. Қалалық әкімдік алдындағы алаңда, «Көктал-1» тұрғын алабы мен «Рахмет» сауда үйі алдында және Қосшығұлұлы көшесінің бо­йында, сол сияқты Есіл өзені жағасында, жалпы аудандағы 10 орында сырғанау алаңдары – келушілердің құзырында. Орталық алаңда тұрған сырғанақтағы мұздың беті жүрек тәріздес етіліп жасалыпты.

Кейбір мұз қалашықтарда бұғылар мен көк көзді хаскилер жегілген шаналармен, қар кешкіш көліктермен және атқа, пониға отырып серуендеуге, конькилер мен тюбингтерді де жалға алуға болады. Қысқы орындарда бұқаралық спортты дамытуға, уақытты көңілді өткізуге барынша жағдай жасалған. Оның үстіне, мұз қалашықтарының кейбірінде келушілерге ұлттық тағамдар мен шығыс асханасының дәмі және түрлі фаст-фудтар ұсынылуда.
Жалпы, Астанадағы қайталанбас қыс қызықтары көңілдің көркін қыздырып-ақ тұр. Суда жүзген балықтай мұз үстінде асыр салып ойнап жүрген балаларды ондай кезде әңгімеге тарту да оңай емес.

 

  1. Айгүл :

    Көп жерде бар екен ғой. Ақпаратқа рахмет. 1-2 жерді н ана көріп жүрсек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды