Четверг, 29 Июнь 2017
-->

Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді азамат» акциясы аясында ұйымдастырылған Ашық есік күні өтті

Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді азамат» акциясы аясында ұйымдастырылған Ашық есік күні өтті. Бұл шараға қалалық 22 басқарма, 3 аудан және бірнеше коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

erm_1912

Кездесуге асыққан ха­лықтың қарасы көп болды. Атқарушы органдар өкілдерінің халық­пен кездесуінің мәнін Астана қаласы Ішкі саясат басқар­масының басшысы Ерлан Қаналимов түсіндіріп берді.
– Әкімдіктің бастамасымен екінші мәрте өткізіліп отырған бұл шара қала тұр­ғындарының белсенділігін арттыруға ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Екінші жағы­нан, басқармалардың жұмыс ба­ғытын айқындап, халықпен ашық жұмыс істеуіне мүм­кіндік береді. Оны өткен жылы өт­кізілген ашық есік күнінің нәтижесінен аңғаруға болады. Қала тұрғындарынан түскен екі мыңнан астам сұрақтар мен ұсыныстарды талдау арқылы әкімдік қыз­метін жақсартудың тиісті тұстарын белгілеп алдық. Олар әлеуметтік, жолаушылар көлігі, тағы басқа қала­мыздың сан қырлы саласына қатысты болып отыр. Естері­ңізде болар, осыған дейін екі рет қоғамдық тыңдаулар өткіздік. Оның біріншісі пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстарына қатысты болса, екінші мәселе тұрғын үй саласы бойынша өтті. Барлық кездесулер атқарушы билік пен халықтың арасын жақындатуды көздейді. Бүгінде мемлекеттік орган­дардың өкілдерін бір жерге жинап, мәселелердің ше­­шіміне қарай тиісті бас­қарманың өкілдерімен кез­дестіріп, оның шешіміне қол жеткізуді межелеп отырмыз.
Әр адам өзін мазалаған мәселе бойынша бірнеше мамандармен кездесіп, толық мәлімет алуына бар мүмкіндікті жасадық, – деді басқарма басшысы.
Үлкен қаланың ұсақ-түйек мәселесі болмайды. Олардың бәрі қала халқының қалыпты өмір сүруіне тікелей қатысты болғаны себепті, бүгінгі ашық есік күнінің маңызды сұрақтарын бірге шешуді жөн көрдік.

erm_1877

Қосымша құрылысқа да рұқсат керек

Қала тұрғындарының бірі қосымша құрылыс салу тәртібіне қатысты Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы өкіліне «Көп қабатты тұрғын үйлердегі баспалдақ алдын­дағы алаңның бос орындарын қоршап, өз заттарымды салып қоюға бола ма?» деп біздерді де ойлантты. Бұл – көп адамның ойында жүрген жайт. Кейбір көп қабатты тұрғын үйлердің баспалдақ алаңындағы бос жердің бір шетін қоршап алып, қоймаға айналдырып жібергенін де жиі кездестіреміз. Ол қанша­лықты заңды?
«Әрине, болмайды. Бұл орындар – тек бір адамның емес, барша тұрғындардың меншігі. Үйді жобалағанда қоқыс тастайтын орын мен құбыр бірге жобаланады.
Әзірге бұл қызмет қолға алынбай отыр. Бірақ алдағы уақытта, жобада қарас­ты­рылғандай, ол құбырлардан тасталған қо­қыстарды алып кететін қыз­мет іске қосылса, ондағы құ­рылыс нысандары кедергі кел­тіреді деп жауап берді Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқа­рушы Қайрат Қожамжаров.
Ол тұрғындардың қолда­ныстағы заңдылықтарды біл­меу олардың жауапкер­ші­ліктен босатпайтынын айтты. Қала құрылысына қатысты тағы бір жайт көтерілді. Бұл жекеменшік тұрғын үйлердің иесі есік алдындағы жеріне екінші үй, монша, тағы басқа құрылыс салуда қолданыстағы заңдылықты ескермейтініне қынжылды. Оларды заңдас­тыру үшін және қала сәулеті­мен үйлесімді болуын қадаға­лайтын мамандардың рұқсаты қажет екен.

Тұрғын үй туралы түсіндірді

Осы күні Тұрғын үйлер басқармасы өкілдерімен кездесуге жиналғандар көп болды. Ақмарал Ибраева өзін 2-топтағы мүгедекпін деп таныстырды. «2007 жылдан бері үйдің кезегінде тұрамын. Кезегім бір жылжымай-ақ қойды. Соның мәнісін білейін деп келдім» деді. Айта кету керек, жекелеген тізімдер бойынша Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың қатары төмендегідей болып келеді. Бұлар – Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары арасында 1 және 2-топтағы мүге­дектер.
Бүгінгі таңда Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың кезегі 42 000-нан артық адамды құрайды екен. Ақмарал Ибрае­ва – осы кезекпен үй алуға үміттілердің бірі.
Қаламыздағы күрделі болса да жыл сайын жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан бұл саланың жұмысынан ха­бардар етіп, кезекте тұр­ғандарға тиісті ақпарат беру­дің де маңыздылығы бар. Бұл ретте ахуалды халыққа түсіндіріп, осы жұмысты алға жылжытудың жолдарын көрсетуді мақсат еткен еді. Тұрғындардың ара­сында тіркеуге тұра алмай жүр­ген­дер де бар екен. Одан бөлек, уақытша тіркеу­дің ком­му­налдық қызмет төлем­деріне әсері қалай болады деген сұрақтардың да көпшілікті мазалап жүргенін білдік. Тиісті мамандар кеңесі көп сұрақтардың басын ашып берді десе болады.

Еңбек шартында ескерілуі тиіс

Халықтың еңбек қаты­нас­тарына қатысты да сұрақ­тары көп туындады. Оған Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілі Нұрлан Исекеев бастаған мамандар нақты жауап беріп отырды. Ол «Алдымызға келгендердің көбі жалақы ала алмай жүр­міз, жұмыстан заңсыз шы­ғарды деп шағымданып отыр. Оларды мұқият тыңдап алып, орын алып отырған кем­ші­ліктерді жоюға әрекет етіп отырмыз. Көпшілік өз құқық­тарын біле бермейді. Еңбек қатынастарына қатысты мәселе туындағанда қайда, кім­мен ақылдасуды білмейді. Осы шара аясында емес, азаматтар қаладағы Ш.Иманбаева атындағы көшеде орналасқан кеңсемізге келіп, жағдайды жеткізіп жатса, осы саладағы орын алған заңсыздықтарды бірлесе шешуге болады» деді.
Қала тұрғындары мен әкімдік тарапынан болған мұндай ашық кездесулер өте қажет. Халық көкейінде жүрген мәсе­лелерін шешіп қана қоймай, атқарушы ор­гандардың жұмыс ауқы­мы­мен де танысып, хабардар болып жүреді. Өзара сенім ас­та­налықтардың өз қаласына деген жауапкершілігін арттырады. Билік өкілдерімен арасындағы көрінбес қамалды алып, бір-бірінің үнін естіп, орын алған олқылықтарды бірлесе жойып, қалалықтардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бастайтын бір жолы – осы кездесулер.
«Өз қалаңның дамуына үлес қос!» қалалықтарға үндеу салып, халық сөзіне кезек беріп, «ашық үкімет, ашық әкімдік» ұстанымына жақындай түсуді осы күннің басты жетістігі деп бағалауға әбден болады.

Айгүл УАЙСОВА

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*