«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Астана» өз рекордын жаңартты

0 26

Нұр-Сұлтанның «Астана» баскетбол клубы ВТБ бірыңғай лигасының аясында өз алаңында Ресейдің Пермь қаласынан келген «Парма» командасымен кездесті.

Кездесу басында Кен Браунның белсенді әрекетінің арқасында қонақтар басымырақ болған, бірақ «Астана» ойын тізгінін дереу қолға алып, жағдайды күрт өзгертті. Кеннет Хортон мен Стивен Холттың сілтеген добы дәл түсіп, алаң иелері бірінші кезеңде 24:12 – екі есе басымдыққа жетті. Екінші он минутта «Парма» ойынды теңестіріп, есеп айырмасын 5 ұпайға дейін қысқартты. Алайда Джей Джей О’Брайен бастаған елордалықтар ойынның алғашқы жартысын 43:30 есебімен аяқтады.
Бұдан кейін қонақтар «Астананы» қуып жетуге барын салды. Дегенмен алаң иелері есептегі басымдықты сақтап қала алды. Сөйтіп «Астана» осы маусымда 14-інші жеңісін тойлап, клубтың жеке рекордын жаңартты. Олар бұған дейін 2014-2015 жылғы маусымда 13 жеңіске қол жеткізген еді.
Осылайша «Астана» ВБТ кестесінде 6-орынға жайғасты. Келесі ойынын Қазақстан Кубогы шеңберінде ертең Қостанайдың «Тобыл» командасына қарсы өткізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды