«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Астана Операның» Испаниядағы күндері

0 54

«Астана Опера» театрының балет труппасы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен Испанияның ең ірі қалаларының бірі Валенсияға гастрольдік сапармен барып келді. Астаналық ұжым аталмыш шаһарға әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингоның шақыртуымен барды.

Испанияға гримерлер, костюмерлер мен сахна машинистерін, әртіс­терді қосқанда 100-ден аса адамды балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова, дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және Арман Оразғалиев бастап апарды. Қазақстандық әртістер София патшайымның өнер сарайы сахнасында өнер көрсетті.
«Аққу көлі» балеті алғаш рет бір жарым ғасырдай бұрын Мәскеуде қойылды. Одетта мен Зигфридтің махаббат хикаясынан сыр шертетін қойылым содан бері жан тербетер музыкасымен балетке құштар қауым назарын өзіне аударып келе жатыр. Зұлым сиқырдың күшімен құсқа айналған ару туралы сюжет фольклорлық ертегі әлемінде кең тараған. П.Чайковский балетінде
Зигфрид ханзада Одеттаның құт­қарушысы, алайда оның байқаусыз жасаған опасыздығы қасіретке айналады.
29 желтоқсан-5 қаңтар аралығында өткен спектакльдегі басты пар­тия­ларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева (Одетта-Одиллия), халықаралық бай­қаулардың лауреаты Олжас Тар­ланов (Зигфрид ханзада), Серік Нақыс­пеков (Сайқымазақ) және Жәні­бек Иманқұлов (Ротбарт) орындады.
Бұл гастрольдік сапар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Енді аталмыш туынды 11-13 қаңтар күндері Италияда көрсетіледі.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды