«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана опера

0 386

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Қазақстан Президенті барша көрерменді «Астана Опера» ғажайып классикалық опера және балет театрының ашылуымен құттықтап, бұл астанамыздың 15 жылдығына арналған баға жетпес сыйлық екенін баса айтқан болатын.


Елорданың сол жақ жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры көз тартарлық әсемдігімен таңдандырады. Театр әу баста ғажайып кешен ретінде техникалық және көркемдік жетістіктерді бо­йына жинақтаған. Әлемдік деңгейдегі белді де беделді опера және концерттік залдардың, яғни Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты театрлардың қатарына кіруге әбден лайық. Театрдың кірпішін қалауға отандық мамандармен қатар Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей шеберлері де қатысты. Жоспарлау барысында мұндай ғимараттарды салудағы жинақталған әлемдік тәжірибе ескерілді.
Классикаға негізделген ғимарат эллинистикалық нақыштарға толы, маньеризм мен барокко бағытына да мән берілген. Осылайша, архитектуралық сағат тілдерін жылжытып, көне грек стилінде ұтымды жасалды.
Театр жалпы аумағы 9 гектар жер көлемін алып жатыр. Көше бойындағы есік алдында салынған ұзын жаяу көпір «Астана Опера» ғажайып ғимаратымен әдемі үйлескен. Ал ғимарат 64000 шаршы метр аумақта орналасқан. Оның 3000 шаршы метрінде 4 сахналық аймақ қамтылған. «Астана Опера» театры өзінің ауқымдылығымен де, архитектуралық келбетінің көріктілігімен де тамсандырады.


Архитекторлар алға қойған басты мақсат классикалық бағытты декор элементтері арқылы ғимараттың функционалдық және техникалық ерекшеліктермен үйлестіріп, музыкалық театрдың сұранысын толығымен қанағаттандыру еді. Ғимараттың сыртқы дизайны ішкі бөлігінде басқаша сипатта өзгереді: маньеризм стиліндегі портик бароккоға, көрермен залында көрініс тапқан умбертино стилі арьерсахнада бүгінгі замандағы бейнеге ауысады. Бір стильден екінші стильге ауысу театрдың көп жерінде анық байқалады. Холдың еуропалық әсемділігі бірқалыпты ырғақпен қазақтың ұлттық әуендеріне көшеді. Мұны көшпенділер мәдениетінің дәстүрлі стилистика табиғатына қоныс тебуі деп түсінген дұрыс. Әлемдік архитектураның жетістіктерін бойына жинаған театрдың ғимараты ұлттық нақышпен әсем бе­зендірілген.
Жаз мезгілінде театр ғимаратының айналасын жасыл желектер орап, бау-бақшалы гүлзарлар қоршайды. Театр алаңына табиғи тастар төселген. Ғимараттың сыртын қаптауға мәрмәр, жез және мыс сынды үш түрлі материалдар қолданған.
Театрдың кіреберіс маң­дайшасын мүсіншілер М.Ман­сұров пен Т.Ермеков­тің «Қобызшы» және «Жетігенші қыз» туындылары әшекейлеп тұр. Италияның Виореджио мен Петро-Сента қалаларында құйылған бұл мүсіндік композицияларсыз театр қасбетін көзге елестету қиын.
Театрдың төбесіне қойылған квадрига (авторы – марқұм Қанат Нұрбатыров) Сақ патшайымы Томиристің бейнесінде берілген. Барлық мүсіндік композициялар қоладан жасалып, олар уақыт өтісімен патинамен бүркеліп, көркемдік қасиеті одан сайын әрлене түсті.


Авансахна, оркестрлік шұңқыр, партер және көп қабатты балконды қамтитын бас көрермен залы – театрдың жүрегі – оның рухани орталығы. Себебі дәл осы жерде театрдың құдіретін сезінуге болады. Биік-биік балкондар алтын жалатылған қазақтың ұлттық оюларымен көмкерілген.
Берік велюр матасынан жасалған басты перде үш түрлі тәсілмен үнсіз ашылып-жабылады. Алғашқы тәсіл – алманиялық тәсіл бойынша секундына 2 метр жылдамдықпен тік көтеріледі. Грек тәсілімен 9 секунд ішінде көлденеңінен ашылса, италиялық мәнермен 6 секундта диагональді түрде ашылады. Мұның барлығы бір мезетте синхронды жұмыс істей алады.
Басты көрермен залы ұлттық нақышта әшекейленген. Ол 1250 адамға есептелініп, италиялық және бүгінгі заман талабына сай стильмен жетілдірілген. Отыратын орындар партер, бельэтаж және жоғары деңгейдегі үш қатарлы ложаларға бөлінген. 450 орынға шақталған партер әр көрерменге қойылымды ыңғайлы көруге есептелініп жасалған.


Оркестрлік шұңқыр 120 музыкантқа лайықталған. Оркестрлік шұңқыр аумағы оркестр үшін ғана емес, сахнаны немесе партер аймағын кеңейту үшін де қолданылады. Бірнеше деңгейге бөлінген бұл жер үш платформадан тұрады. Бұл жағдайда оркестрлік шұңқыр орнына авансахна құрылып, концерттік зал ретінде пайдаланылады.
Камералық залға 250 адам сыя­ды. Ол камералық музыка концерттері және солистердің өнер көрсетуі, шағын акустикалы халық музыкасы ансамбльдері, хор, драмалық спектакльдер қойылымдары, поэтикалық декламация, конференциялар, фильмдердің проекциясын көрсету шараларына ыңғайлы. Камералық залда дыбыс күшейту үшін 7.1. форматтағы көлемді дыбыстау аудиожүйе­сі қолданылады. Бұл шағын әрі сәнді зал сиқырлы музыканың әр дыбысын қалт жібертпей сезінуіне жағдай жасайды.
«Астана Опера» театры керемет дыбыс сапасымен мақтана алады. Акустикамен Италия мен Германия­ның жетекші мамандары жұмыс істеп, ғажап нәтижеге қол жеткізілді. Залдың еш жерінде дыбыс сапасы төмендемейді. Орындықтар мен айналар, декоративті жапсырмалар, яғни дыбыс тербелісін шағылтатындар не жұтатындар – бәрі ең ұсақ бөлшектерге дейін ойластырылған. Миландағы атақты La Scala театрындағыдай, орындықтың бұрышы мен бұрылысы есепке алынған. Театр акустикасының ғажап сапасына паркеттік еденге қолданған жезбен қабыстырылған шамшат және қайың ағашы, баяу өсетін канадалық қарағай, шие панельдері әсер етеді. Ғимараттың барлық құрылымдарындағы, әсіресе, опера және дайындық залдарындағы акустиканың мінсіз болуына ерекше мән берілген.


Опералық зал өзінің табиғи акустикасымен ерекшеленеді. Әнші немесе аспаптық орындаушы шығарманы қандай тональдықта орындамасын, оны сапалы және айқын дәлдікпен беруге мүмкіндігі бар. Арнайы акустикалық эффект болу үшін отызға тарта микрофондар оркестрлік шұңқыр үстіне, сахна мен залға қойылған.
Жаңа ғимараттың салыну барысында функционалдық тәртіп ережесіне қатты көңіл бөлінді. Барлық бөлмелердің көлемі еуропалық танымал театрлардың үлгісі бойынша құрастырылды. Техникалық және көмекші бөлмелер: сахна, арьерсахна, шеберханалар, дайындық залдары – театр механизмін қозғалысқа келтіріп, жұмысын нәтижелі ететін барлық нысандар – ең биік талап стандарттарына сай келеді.
Театрдың сахналық жарық жабдығы әлемдік озық тәжірибе бойынша құрастырылған. Бас залда әртүрлі қуаттағы және мақсаттағы мыңға тарта, ал камералық залда елуге жуық прожекторлар қойылған. Жарық реттеу қондырғысы, дыбыс режиссерлік пульті және аудармашы кабинасы көрермен залында екінші балкондық қабат деңгейінде орналасқан.
2013 жылдың 21 маусымында «Астана Опера» театры алғашқы маусымын ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сара» туындысымен салтанатты түрде ашқан еді. Әр жаңа театрлық маусым көптеген шығармашылық жаңалықтар әкеледі. Театрды көркейту мақсатында бүгінгі күні Еуропаның атақты театрларымен келісімдер жасалды. Солардың ішінде «Париждің Ұлттық Операсы», «Рим операсы», «Ла Скала», «Сан–Карло» театрлары бар. «Астана Опера» театрының қасбетінде қасиетті самұрық құсы бейнесінің болуы кездейсоқ емес. Алып қыранның бейнесі Бәйтерек ағашының басында отырып, әлем елдерінің арасын жалғаған бейбіт құсы іспеттес.
Материалды дайындауға көмектескен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз қызметіне алғыс білдіреміз.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды