«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана мен Рим: ынтымақтастық артады

0 113

Астана әкімі Әсет Исекешев Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авиномен кездесті. Қос тарап сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Елорда басшысы дипломатты елші қызметіне тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық артатынына сенім білдірді.
«Астананың серпінді дамуы, инвестициялық тартымдылығы және айтарлықтай инновациялық потенциалы қаламыздың маңызды артықшылығы болып табылады. Бүгінгі таңда Италия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің біріне айналды. Біз мемлекеттер арасында болашақта әртүрлі қарым-қатынастардың сақталуын қуана құптаймыз. Өңіраралық ынтымақтастықтың серпінді дамуына Астана мен Италияның бірқатар аймақтары мен қалалары арасында жасалған ынтымақтастық жөнінде келісім сеп болды» деді Әсет Исекешев.
Астана әкімі «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Астанаға Италияның 10 аймағынан делегациялар келгенін ерекше атап өтті. Олардың қатарында Кампания, Ломбардия, Марке, Тоскана мен Умбрия, Апулия, Лацио, Милан, Сицилия және Эмилия-Романья аймақтары бар. Бұл аймақтар – саны жағынан халық­аралық көрмеге қатысқан Ресей мен Қытайдан кейін үшінші көрсеткіш.
Паскуале Д’Авино өз тарапынан Астанаға тамсанғанын, 20 жыл ішінде елордада атқарылған істерден үлкен әсер алғанын жеткізді.
«Рим мен Милан қалаларымен белсенді байланыста болу үшін тікелей рейстер ашылуы керек. Қазіргі кезде Алматы-Милан және Астана-Рим тікелей рейстерін ашу мәселесі шешілуде» деген Италия елшісі күзде Астанада өтетін сәулет және дизайн апталығына италия­лық мамандар қатысатынын хабарлады. Бүгінгі таңда Астанада Италияның мәдениет институтын ашу мәселесі қарас­тырылып жатқанын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды