«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Astana Marathon 2019: 5000 адам жүгірді

0 88

Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын өтіп келе жатқан марафонның тарихына биыл рекорд енгізілді. Біріншісі, марафонның географиясы кеңейді, атап айтқанда, биылғы жарысқа 27 елдің – Азия, Еуропа, Америка және Африка құрлықтарынан спортшылар қатысты. Бірінші рет 5 мыңнан аса адам жарыс жолына шықты.Марафонға қатысушылардың бірі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов спорт мерекесіне жиналған жұртшылыққа сәттілік тіледі.
«Барлық қатысушыларды «Astana Marathon 2019» ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы елімізде бұқаралық спортты дамытуға шақырады. Ауа райының қолайсыздығына және демалыс күніне қарамастан, сіздер берілген қашықтықтарды жүгіріп өтуге ниет білдірдіңіздер. «Astana Marathon 2019» Елбасы жариялаған Жастар жылының аясында өтіп жатыр. Біз барлық спорт түрлерін дамытуға бар күшімізді саламыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін» деді қала басшысы.Жарыстың ашылу салтанатында сонымен қатар Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова да марафонға қатысушыларға сәттілік тіледі. Марафонға Серік Сәпиев, Мерей Ақшалов, Мейірім Нұрсұлтанов және басқа да атақты спортшылар қатысты.
Марафонға жүгірушілер 10 және классикалық 42 шақырымдық қашықтықтары бағындырды. Бір айтарлығы, 10 шақырымға жүгірушілер қатары өте көп болды. Өйткені әуесқой спортшылар, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар, негізінен, осы қысқа қашықтықты таңдаған екен.Ал енді марафонның қорытындысын айтар болсақ, классикалық марафонның әйелдер арасындағы жарыста Қырғызстан спортшысы Юля Андреева мәре сызығын бірінші болып кесті. Жеңімпаз жарыс жолын 2 сағат 28 минут 42 секундта бағындырып, 1 миллион теңге сыйлық алды. Екінші орынды отандасымыз Гүлжанат Жанатбек иеленсе, Екатерина Сундукова үздік үштікті түйіндеді. Ал ерлер арасындағы жарыста Өзбекстан спортшысы Зікіролла Мамағұлов жеңімпаз атанды. Ташкент тұрғыны 2 сағат 26 минут 10 секунд ішінде 42 километр 200 метрді жүгіріп өтті. Күміс жүлдені Владислав Мамедов, ал қола жүлдені Олег Байтуканов олжалады.Сонымен «Astana Marathon» дәстүрлі жарысы мәресіне жетті. Ең бастысы, жарысқа қатысушылардың бәрі көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Демек, астаналық марафон халықаралық жарыс ретінде де, спорт мерекесі ретінде де өзінің өміршеңдігін тағы бір айқындап көрсетті дей аламыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды