Вторник, 25 Июль 2017
-->

АСТАНА МАРАФОНЫ: ОНЛАЙН ТІРКЕЛУ 15 ШІЛДЕДЕ БАСТАЛАДЫ

Астанада 27 тамыз күні өтетін ШЫҰ және АӨСШК халықаралық марафонына онлайн тіркелу 15 шілдеде басталады. Бұл туралы Бейжіңде өткен баспасөз мәслихатында хабарланды.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында ұйымдас­тырылатын ең ауқымды шара Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 25 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл марафонды өткізу туралы екіжақты келісімге 22 мамырда келген еді.

Баспасөз жиынына ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов, АӨСШК атқарушы директоры Гуан Дживанвей және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысты. Онда ШЫҰ мен АӨСШК құрамындағы елдердің элементтері бар марафоншы бейнеленген логотип таныстырылды. Сондай-ақ, марафон тарихына қатысты бейнеролик пен Астана туралы фильм көрсетілді.

«Бұл марафон – «ЭКСПО-2017» көрмесі шеңберінде өткізілетін ең маңызды шаралардың бірі. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының тарихындағы алғашқы марафон 2016 жылы сәтті өткен болатын. Оған 15 600 спортшы қатысқан. Енді Астанадағы жарысқа 5000 адам қатысады деп күтілуде» деді Елсияр Қанағатов.

ШЫҰ және АӨСШК халықаралық марафоны Астанада 27 тамыз күні таңғы 08.00-де басталады. Жарыстар үш қашықтыққа бөлінеді: 42 км 195 м, 10 км және 2017 метр.

Жарыс жолы елорданың сол жағалауындағы көшелерді қамтиды. Бұған шет елдерден 1000-ға жуық спортшы келуі мүмкін. Ал өзімізден 4000-ға тарта қазақстандық қатысуы жоспарлануда.

Онлайн тіркеу 15 шілдеден бастап www.scomarathon2017.kz сайты арқылы жүзеге асады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*