«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – кәсіпкерлер қаласы

0 50

Алдағы дүйсенбі, 28 қаңтар күні елордада көше саудасына арналған орындарды бөлу аукционы басталады. Бұл туралы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында айтты.


Былтыр елордада жаңадан 13 мың кәсіпкер тіркеліпті. Нәтижесінде биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша Астанадағы кәсіпкерлер саны 125 мыңнан асып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 28,2 пайызға артқан. Ал олардың өнім өндіруі 21,9 пайызға ұлғайып, 3,5 трлн теңгені құрапты.
– Қазір Астана тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, кәсіпкерлердің қаласына да айналды. Қалада кәсіп бастауға ниетті адамдар қатары көбейіп келеді. Ол үшін түрлі бағдарламалар да қарастырылған, – деді Әлішер Әбдіқадыров. – «Көше саудасы – 1000 орын» бағдарламасы бойынша жер бөлу жөніндегі аукцион бұған дейін адамдардың қатысуымен жүргізіліп келген. Бұл кәсіпкерлерге қолайсыз­дық тудыратын және ұзақ уақытты алатын процесс еді. Енді ол толықтай онлайн режимде жүргізіледі. «Блокчейн» технологиясы 100 пайыз ашықтықты қамтамасыз етеді. Оған телефон арқылы тіркеліп, бастапқы кепілдік жарнаны төлеу арқылы аукционға қатысуға мүмкіндік бар.
«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасын жұртшылыққа кеңірек түсіндіру мақсатында «Жастар» сарайында ашық есік күнін өткізді. Онда келушілерге жан-жақты ақпарат беру үшін жергілікті билік өкілдері мен көше саудасына арналған заманауи дүңгіршектерге су тарту, электрмен жабдықтау жөнінде қызмет көрсететін түрлі саланың мамандары қатысты. Айта кету керек, бұл жоба заңсыз сауданы ығыстыру үшін 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды