«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана газбен қамтылады

0 75

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде елді газбен қамтамасыз ету туралы нақты айтылған болатын. Бұл тұрғыда Үкімет тиісті жұмыстарды қолға алды.

Қазіргі таңда Астананы, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру мақсатында газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы» жобасын әзірледі. Оған «Мемсараптама» РМК оң тұжырым жасады. Министрліктің Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда «ҚазТрансГаз»
АҚ 2018 жылдың маусым айында мемлекеттік сараптамадан өткізгеннен кейін іске қосу жоспарланған, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үстінде.
– Бүгінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен аталған жо­ба­ның 1-кезеңін іске асыруға қатысты мәселелерді пысық­тауға байланысты, соның ішінде ЕҚҚДБ, ЕАДБ секілді халықаралық қаржы институттарынан, сонымен қатар Қазақстан Даму банкі мен басқа да көздерден қаражат тар­ту арқылы тиісті шарттар мен қаржыландыру схемасы бо­йынша жұмыс тобы құрылуда. Осы жылдың маусым айы­на дейін қаржыландыру мә­се­лелерін шешу және шілде айы­ның басында магистральді газ құбырының алғашқы торабын дәнекерлеу­дің салтанатты рәсімін өткізу жоспарланып отыр, – дейді Зияш Қияқбаев. – Жобаны жүзеге асыру жыл сайын ЖЭЦ – 1,2,3 су жылытатын қазандарында жағылатын көмірдің орнын алмас­тыру арқылы Астана үшін әлеуметтік-экономикалық жағынан пайдалы әсерін тигізеді. Қысқартудың ықпалы жылына 36,1 мың тонна лас­таушы заттар шығарындылары болады. Сондай-ақ халық көмірдің орнына табиғи газды пайдалануды жөн санайды деп есептейміз, өйткені газды отын ретінде пайдалану – еңбекті аз талап етеді әрі салыс­тырмалы түрде ыңғайлы.
Департамент директорының айтуынша, «ҚазТрансГаз» АҚ ақпаратына сәйкес, жобаны қаржыландыру басталғаннан кейін «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша магистральді газ құбырының 1-кезеңі бір жыл ішінде жү­зеге асырылады деп көздел­ген. Жалпы «Сарыарқа» магистральді газ құбырының 1-кезеңінің құны 267,3 млрд теңгені құрайды екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды