«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана дамудың жаңа кезеңіне қадам басты

0 136

2017 жыл елордалықтар үшін табысты жыл болды. Барлық бағыттар бойынша өсу динамикасы бар. Бұл туралы кеше Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің халыққа есеп беру кездесуінде айтылды. 

Дәстүрлі жиынға қатысқан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин биыл елорданың 20 жылдық мерейтойы екенін әрі тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде қаланың қарқынды дамып, әлемдегі беделді қалалардың қатарына қосылғанын атап өтті. Халықаралық кездесулер мен жаһандық бастамалардың орталығына айналған елорданың жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
«Астана – заман талабына сай, экономикалық әлеуеті жоғары, өнеркәсіп пен қызмет саласы дамыған индустриалды қала. Елбасымыздың Астананы өмір сүруге ең қолайлы және қала тұрғындары үшін қауіпсіз қалалардың біріне айналдыру жолында қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындау үшін Үкімет қала әкімшілігіне қолдау көрсетуде» деді Асқар Ұзақбайұлы.
Астана қаласы бір жыл ішінде бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізді. Өнеркәсіп, жер, жол және көлік қатынасы, энергетика мен экология, әлеуметтік саясат және тұрғындардың тұрмыс деңгейін жоғарылату сияқты аса маңызды салалар айтарлықтай алға жылжыды. Нәтижесінде қала бойынша жалпы өңірлік өнім 3,9 трлн теңгені құрап, макроэкономикалық өсім 4,8 пайызға жеткен. «Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 550 млрд теңгені құрады. Өндірістің өсу қарқыны бойынша Астана еліміздің өңірлері арасында екінші орынға жайғасты. Әсіресе, металлургия және машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Қала экономикасына 945 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 пайызға өсті. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 2,7 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Еңбек нарығында 19 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның шамамен 15 мыңы шағын және орта бизнестің үлесінде» деді Әсет Исекешев.

Астаналықтардың амандығы қымбат

Биліктің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – денсаулық сақтау. Өткен жылы өлім-жітім саны 9 пайызға, ана мен бала өлімі 38 пайызға төмендеді. Онкологиялық ауруға шалдыққандар – 9,7 пайыз, қайтыс болғандар – 10 пайыз, туберкулезбен ауырғандар саны соңғы бес жылда 28 пайызға азайған. Бүгінде медициналық мекемелерді автоматтандыру жүйесін енгізу және дәрігерлерді қағазбастылықтан арылту үшін «SMART медицина» жобасы сәтті жүзеге асуда. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде тұрғындардың денсаулығына байланысты электрондық құжаты түзіледі.
«Ендігі меже – денсаулық сақтау саласында жекеменшік пен мемлекеттік әріптестікті дамыту. 2020 жылға дейін 8 нысан салыну жоспарланған. Жалпы, саладағы мамандардың кәсібилігін арттыру үшін 8000-ға жуық медициналық қызметкерлерді еліміздің және шет елдердегі жетекші клиникаларда оқыту көзделуде. Медициналық туризмді дамыту бойынша да қолға алынған мәселелер белсенді жүргізілетін болады» деді әкім.

Білімге бөлінген қаржы ұлғайып келеді

Елордада адам капиталын дамытудағы басты рөл білім беру жүйесіне жүктелген. Әкімнің айтуынша, бұл – бас­ты басымдықтардың бірі. Қала тұрғындарының көбеюін және халықтың туу деңгейін ескере отырып балғындарды мектепке дейінгі тәрбие орындарымен қамту үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселені шешудің негізгі кілті мемлекеттік -жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асып келеді. Жыл сайын мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар тарапынан мемлекеттік тапсырысты орындау деңгейі ұлғаюда. Мәселен, 2015 жылы 4870 орын болса, 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 79 балабақшада 8779 орынға жетті. Ал 2018 жылы мемлекеттік тапсырысты 18000 орынға дейін ұлғайту көзделуде. Осылайша, балабақша кезегінде тұрған 40 мың баланың санын 26 мыңға қысқарту мүмкіндігі бар.
Бүгінгі таңда елордада балаларды мектепке дейінгі оқу ұйымдарымен қамту 78 пайызды құрайды, өткен жылы ол 70,6 пайызды құраған. 2020 жылға қарай 3 пен 6 жасқа дейінгі балаларды жүз пайызға дейін қамту жоспарланды. Мектепке дейінгі ұйымдарға орын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың қаңтар айынан бастап, автоматты түрде беру жүйесі енгізілді.
«Жыл сайын қала мектептерінде оқушылар саны көбеюде. Сондықтан осы мәселені шешу үшін биыл Үкіметтің арнаулы бағдарламасы аясында 7000 орынға арналған 6 мектептің құрылысы тұрғызылады. Тұтас­тай алғанда, алдағы үш жылда республикалық бюджет есебінен және оған жеке инвесторларды тарта отырып, 27 мектеп пен 10 нысанның құрылысына учаскелер мен жоба дайындалуда. Айта кетерлігі, елордадағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған және оның бәрі электронды журналдар мен күнделік жүйесімен қамтылған» деп түсіндірді Әсет Исекешев. Бір айта кетерлігі, соңғы 4 жылдың ішінде елордадағы білім беру саласын дамытуға бағытталған бюджет қаражаты 95 пайызға ұлғайды.

 

Әуелгі міндет – әлеуметтік қорғау

Жұмыспен қамту мәселесі туралы айтсақ, өткен жылы 19 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 2,8 млрд теңге бөлініп, 8,2 мың адам жұмысқа орналастырылды. Елордадағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 па­йызға дейін төмендеді. Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл – еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі назардан тыс қалған емес. Атап айтсақ, өткен жылы «Астана-рухы мықты адамдар қаласы» атты жаңа бағдарлама қабылданған болатын. Ол бойынша осы күнге дейін үлкен 12 жоба жүзеге асуда. Мәселен, қала бойынша саябақта рухы мықты адамдар үшін арнайы спорт алаңдары жасалды. Рухты мықты балалардың ата-аналарын қолдау үшін бірінші республикалық конференция өтті. Спорттық жарыстар мен жұмыс беру жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Әсет Исекешев өз сөзінде бұл жұмыстар одан әрі жалғасатынын жеткізді.
Қала басшысы елорда іс жүзінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Осы орайда қаламыздың дамуына белсенді араласып, табысты еңбек етіп, қолдау білдірген түрлі сала мамандары мен елорданың барлық тұрғындарына алғысын білдірді.

Тұрғын үй салу тоқтамайды

Астана әкімі өз сөзінде көрмеге дайындық барысында бірқатар көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері шешілгенін мәлімдеді. Тұрғын үй құрылысы да қарқынын тоқтатпады. Былтыр Астанада бір жыл ішінде пайдалануға берілген үйлердің саны рекордтық көрсеткішке жетті. Яғни, 2,36 млн шаршы метр баспана, оның ішінде мемлекеттің қаржы көзі есебінен Астана қаласының әкімдігі 7 тұрғын үй кешенін тұрғызды. Осылайша 1062 отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді.
«Қолжетімді несие және жалдамалы баспананың құрылысы бірінші нарықтағы үйлердің бағасын төмендетуге алып келді. Мемлекеттік баспананың бағасы бүгінде әр шаршы метрі 180 мың теңгенің айналасында. Нарықтағы бәсекелестікті сақтау үшін астаналық мердігерлер жыл сайын бағаны төмендетуіне тура келеді. Соңғы үш жылда астана нарығындағы бірінші сатылымдағы үйлердің бағасы орта есеппен шаршы метрі 355,5-тен 324,1 мың теңгеге дейін төмендеді. Оған қоса, нарықта шаршы метрі 260-280 мың теңге тұратын ұсыныстар да бар» деп жалғастырды Әсет Исекешев.
Жиында қала басшысы апатты үйлердің мәселесіне арнайы тоқталды. Өйткені елордада «Апатты үйлерді сүру» жобасының бірінші кезеңі аяқталды.
«Ауқымды жоба аясында 3449 отбасы көшірілді, 228 апатты үйдің 15 мыңға жуық тұрғындары жаңа баспанаға ие болды. Тек өткен жылдың өзінде 111 апатты үйден 1746 отбасы өздерінің жаңа пәтеріне қоныс аударды. Ал қазір Астанада аталмыш жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру басталуда. Ол бойынша 5 жыл ішінде 150 көппәтерлі үйді сүріп тастау жоспарланып отыр» деді Әсет Өрентайұлы. Айта кетейік, әкімнің атап өткен бағдарламасы бұл – ТМД елдері бойынша ескі үйлерді сүріп тастайтын бірден-бір жалғыз жоба.

Цифрландыру шығынды азайта ма?

Белгілі болғандай, елордалықтарды көбіне коммуналдық қызметтің ашықтығы, ПИК қызметі мен инженерлік желі, лифт, шатыр, қасбет мәселелері толғандырады екен. Қала әкімі осы мәселелерді шешу үшін Е-ПИК цифрландыру жобасы қарастырылғанын айтты.
«Оның басты ережесі «бәрі әділетті және түсінікті болуы керек», яғни мақсатсыз қаржы жұмсаған қызмет көрсетуші компанияның жұмысы бірден тоқтатылады. Цифрландыру сондай-ақ шығынды азайтуды да қарастырады. Өзара хабарласып отыратын, датчик кешеніне біріктірілген тұтас жүйені енгізу, барлық инженерлік желі жұмысын реттеуге, оның энергиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді» дейді әкім. Оның айтуынша, жүйені енгізу бойынша жұмыстар 440 ПИК ішінен 252 ПИК-те басталып та кеткен. Негізгі мақсат – тұрғын үй қорын пайдалану және сақтау үшін қажетті жағдай жасау. Сондай-ақ, әкімдік тарапынан соңғы екі жылда ПИК-пен бірлесіп меншіктік құқықты анықтау бойынша жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде тіркелген кондоминиум саны 97 пайызға дейін жетті. Бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш екен. Ал ПИК-терді тексеру нәтижесінде 2017 жылы 115 ескерту берілген, 42-сі басқару органдары тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 22 ПИК бойынша материалдар сотқа жолданған.

Спорт шараларының ордасы

Жиында белгілі болғандай, елорда аудандарында өткен жылы жаңадан 20 спорттық алаң пайдалануға берілген. Сондай-ақ, бұқаралық спорт белсенді дамып келеді. Оның дәлелі – 600-ден астам іс-шаралардың өткізілуі.
«Астана саябақтарында демалыс күндері тұрақты түрде түрлі спорттық шаралар, акция­лар, шеберлік дәрістер, көңілді жаттығулар өткізіліп келеді. Биыл халықты тұрақты түрде спортпен шұғылдануға жағдай жасау үшін 600-ге жуық жаппай спорттық шаралар ұйымдастырылады. Біздің мақсат – Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға дейін спортпен айналысатын тұрғындардың жалпы санын 30 пайызға жеткізу. Біз тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашып, жақсы жетістікке қол жеткізуіміз керек» деді Әсет Исекешев.

«Сергек» сергектікке үйретеді

Елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында болмақ. 2017 жылдың көрсеткішіне сүйенсек, бас қалада қылмыстық ахуалдың деңгейі 20 пайызға төмендеген. Әрине, көрме кезіндегі қауіпсіздік шаралары қоғамдық тәртіптің орнауына елеулі ықпал етіп отыр.
«Полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту мақсатында учаскелік инспекторлар халықпен мыңға жуық кездесу өткізді. Астаналықтар полицияға сенім білдіре отырып, қоғамдық тәртіптің сақталуына өздері де үлес қосып отыр. Біз бұл жұмыстарды одан әрі жалғас­тыратын боламыз» деді әкім.
Айта кетейік, бүгінде 858 астаналық қоғамдық көмекші қызметін атқарады. Ал үйлердің аулалары мен кіреберістерге орнатылған бейнебақылау жүйелерінің қылмыстың алдын алуда пайдасы көп. Тек 2017 жылдың өзінде 500-ден астам бақылау камералары орнатылды. Оның 150-ден астамы «Қауіпсіз аула» аясында жүзеге асты. Ал 3000-нан астам бейнебақылау мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік және ПИК пен тұрғындар тарапынан қолданысқа берілген. Аталмыш жүйенің көмегімен 2 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты, ал кіреберісте орнатылған камералардың көмегімен 1800-ден аса бұзушылық тіркеліп отыр.
Есептік кездесуде Астана әкімі өткен жылдың қазан айында жүзеге асқан «Сергек» жобасының тиімділігін сөз етті.
«Аталмыш жоба енгізілгелі жол-көлік оқиғалары 18 пайызға қысқарды. Бұл – мемлекеттік –жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан тиімді жобаның жарқын үлгісі. Нәтижесінде тұрғындар да, жүргізушілер де өздерін қауіпсіз сезіне бастады. Қала бюджетіне келетін шығындар да біршама азайды» деді Әсет Исекешев.

Экологиялық ахуал – назарда

Қазіргі уақытта Астана қаласында 10 саябақ, 4 бульвар және 95 сквер бар. Қала ортасында жайлылық сезіледі.
«Мен де сіздер секілді бас қаланың көгалданып, жайқалғанын қалаймын. Бүгінде қаламызда 714 мың ағаш егілген. Елорданың жасыл белдеуі бағдарламасы аясында 2,1 млн көшет айнала отырғызылды. Биыл тұрғындардың талабы мен тілегін ескере отырып, қаланың ескі бөлігі мен сүрілген апатты үйлердің орнына 9 сквер тұрғызылатын болады» деп атап өтті әкім. Оның айтуынша, бұйырса, жаз айында Президент тапсыр­масын орындау мақсатында Ботаникалық бақ ашылады. Оның аумағы тропикалық белдеудің климаттық ерекшеліктеріне сай болады.
Қазіргі таңда 24 мың ағаш пен 12 мың көшет отырғызылған. 42 мың шаршы метрді алатын веложол, 23 мың шаршы метр жүгіру жолдары болады және 86 мың шаршы метрден астам жолға тас төселеді.
Қаланың экологиялық ахуа­лын айта келе, қала басшысы соңғы кезде жиі көтерілген түтін мәселесі туралы айтуды да ұмытпады.
«Бұл мәселені шешу үшін біз әлемдік деңгейдегі ұйыммен, сарапшылармен, экологиялық қауымдастықпен бірлесе отырып комиссия құрдық. Біз екі бағыт бойынша іске кірістік. Біріншісі – ұзақмерзімді төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеу. Яғни, көмірден бас тарта отырып, барынша таза көздерді пайдалану» дей келе, Әсет Исекешев ауаны жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, қаланың автокөлік құрылымдары газбен жүруге көшті. Қазіргі уақытта елордада 158 «Экотакси» және газбен жүретін 14 мыңнан астам көлік тіркелген.
«Жолаушылар тасымалдайтын 738 автобус Евро-5, Евро-6 санатына жатады. Олардың ішінде 380 автобус 2017 жылы сатып алынды. Биыл қала тұрғындары үшін велосипед көлігін жетілдіруді қарастырамыз. Сонымен қатар, 1717 шақырым веложол құру жоспарда бар. Айта кететіні, тұрғын үйлер мен жекеменшік секторларды кезең-кезеңімен газға көшіру мәселесі маңызды қадам» деп мәлімдеді Әсет Исекешев.

Рухани жобалар жүзеге асты

Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында бір жылдың ішінде 200-дей іс-шара өткізілген. Қаланың 27 аялдамасында арнайы сандық тақта орнатылды. «Астананың киелі жерлер картасы» түзілді. Оған елорда тарихында маңызды орын алатын 20 нысан енгізілді. Оның ішінде: «Бозоқ» қалашығы, «Қараөткел» зираты, «АЛЖИР» мемориалды кешені бар.
«Елордада тұңғыш рет, «Ғылым», «Ерлігі үшін», «Шығармашылық және өнер», «Журналистика», «Үздік мемлекеттік қызметкер», «Жас кәсіпкер», «Театр және кино» сияқты басқа да номинациялардан тұратын, жастар үздіктерін анықтаған «Астана дарыны–2017» сыйлығы тағайындалды.
Шығармашыл жастардың «Елімнің жүрегі – Астана» атты кітабы жарық көрді. «Astana Bilim Land» және «Bookdating» жобалары жүзеге асырылды. Олар қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, соның ішінде жедел интернетті пайдаланып, көркем, ғылыми әдебиеттерді оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған» дейді әкім. Қала басшысының айтуынша, биыл «Қасиетті Астана» атты кітап-альбом шығарып, елорданың киелі жерлеріне велотур, саяхат жоспарланып отыр. «АЛЖИР», «Сәкен Сейфуллин» атындағы мұражайларда және Бәйтерек кешенінде қор толықтыру, өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сол жаңартудың арқасында бұл нысандарды өткен жылы 600 мың адам тамашалапты. «Туған жер», «Атамекен» бағытында бірқатар ұлттық компаниялар, іргелі кәсіпкерлер «Меценаттар тобына» кіріп, қаланың инфрақұрылымдық, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім салаларына қажетті нысандарды салуға, жөндеуге, мектеп, балабақшаларды жаңа қондырғылармен толықтыруға атсалысып, қайырымдылық шараларын атқарған.

Ендігі той – 20 жылдық

Жиында Астана қаласының 20 жылдығын атап өтуге байланысты жоспарымен бөліскен қала әкімі 20 жылдық аясында 600-ден астам іс-шара өткізу жоспарланғанын ерекше атап өтті.
«Биылғы жылдың басты миссиясы – Астананың 20 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны өткізу. Қазіргі күнде іс-шаралар бағдарламасы жасалып әрі тұрақты штаб құрылып, комиссия жұмысын бастады. Өз кезегінде Алматы және 14 облыс тарапынан «Аймақтардан Астанаға тарту» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында жаңа 10 әлеуметтік нысан салынып, қаланың аудандарын дамытуға ерекше назар аударылады» дейді әкім. Тағы бір қуантарлығы, 240 орындық жаңа балабақша салынады, түрлі спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін саябақ ашылады, велосипед жолына арналған көпір бой көтереді. Әрине, мұның бәрі елорда тұрғындарының игілігі үшін.


Жиын соңына таман шаһар басшысы әрбір астаналыққа алғысын білдірді. «Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің қаламыз­да белсенді өмірлік ұстанымы бар креативті азаматтар тұрады. Осы орайда Астанада өмір сүру жағдайы мен жайлылығын арттыруға ұсыныс білдіріп, жанашырлық танытқан елорданың әрбір тұрғынына алғыс айтқым келеді. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Маған қала тұрғындарын толғандырып отырған мәселелер жақсы таныс. Оларды дер кезінде шешуге тырысамыз. Әрине, мақсатты істің бәрін бір уақытта тындырып тастау мүмкін емес. Ол да болса өз жалғасын табатын жұмыс. Ең бастысы – сіз бен біздің осы қалаға деген азаматтық жанашырлығымыз» дей келе, қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ең белсенді азаматтарды арнайы сыйлықпен марапаттады.

ӘЛЕУМЕТ САУАЛЫ – ӘКІМ ЖАУАБЫ

Астана әкімі Әсет Исекешевтің халыққа есеп беру кездесуінде залдағы жұртпен қатар Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне жиналған тұрғындар тікелей қосылым арқылы сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, сауалдар әкімнің «Фейсбуктегі» жеке парақшасына және «ІKomek» болып өзгерген бұрынғы «109» қызметі желісіне қабылданды.

Үлескерлер мәселесі 2-3 жылда шешілмек

Алдымен Әсет Исекешев үлескерлер мәселесі қалай шешіліп жатқанын жан-жақты түсіндірді.
– Былтыр тиісті заң қабылданды. Соған сәйкес сол уақыттан бері біз құрылыс салушыларға үлескерлерге пәтер сатуға рұқсат береміз. Яғни, әкімдіктің шешімінсіз бұған рұқсат берілмейді. Халыққа айтарым, пәтерге қаржы салмастан бұрын осыны тексеріп алыңыздар. Бұл заң қабылданбай тұрғанда үлескерлерді алдаған құрылыс салушылардың көбісі қамалды, кейбір істер бойынша тергеу жүріп жатыр.
Жағдай күрделеніп кеткен соң біз Елбасына шықтық. Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма берді. Бірге жұмыс істегенімізден кейін Үкімет шешімімен «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс­тер енгізіліп, үлескерлер мәселесін шешуге Ұлттық қордан 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ кейін бұл қаржы қайтарылуы тиіс, – деді қала басшысы.
Астана әкімінің айтуынша, бұған дейін қалада түйткілі бар 100 үлескерлік нысан болған. Қалалық комиссияның жұмысы нәтижесінде сондай 51 нысан қалды. Сол нысандардың ішінде 12-сі салынып бітті. Қазір олар бойынша рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ал 39 нысанның құрылысын аяқтау мәселесі тұр. Ұлттық қордың ақшасын қайтару керектігін түсінген соң 6 нысанға қаржы салғандар жеке инвесторды тартып, құрылысты өздері салып аяқтаймыз деп шешті. Сонда 33 нысан қалды.
– Үлескерлердің әр тобымен жеке өзім бірнеше мәрте кездестім. «АССМ 01», «Бахыт 11» сынды құрылыс компанияларының нысандары бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бұл істер Бас прокуратураның қадағалауына алынды. «Шығыс», «Жағалау», «Азбука Жилья» нысандары бойынша біз алгоритм әзірлеп, бекіттік. Арнайы компания құрдық. Бұл алгоритмге сәйкес, әр нысан бойынша техникалық аудит өткізу керек. Кейбір үйлердің құрылысы аяқталмастан 5-10 жыл тұр. Олардың ертең құламасына кім кепілдік береді? Техникалық аудит сол үшін керек. Үйдің құрылысын аяқтауға қанша қаржы қажет? Мұны анықтау үшін қаржылық аудит жасалады.
«Азбука Жилья» бойынша қазір ішкі қайшылықтар бар. Бүгіндері бұл нысан бойынша 6 тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылды. Соттың шешімімен тізімдер бекітілді. Бүгіндері құрылыс­ты кім жүргізетіні туралы дау жүріп жатыр.
Нысан бойынша қазір техникалық-қаржылық аудит әзірленуде. Алдағы бір-екі ай көлемінде
бұл жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Нақты шешім сонда шығарылады. Оған дейін Ұлттық қордың ақшасын біреуге бере алмаймыз. Жалпы, егер ақылдаса жұмыс істесек, 2-3 жыл көлемінде үлескерлердің мәселесі шешіледі деп ойлаймын, – деді Әсет Исекешев.

Кептеліс азайып, базарлар салынады

Виктор Сергеевич дейтін тұрғын Алаш тасжолындағы Орталық базар­ға апаратын жол мәселесін көтерді. «Бұл жолда үнемі кептеліс болады да тұрады. Осы жағдай сол маңайда тұратын халықпен қатар базардағы саудагерлерге де қолайсыздық тудырады. Орталық базарға қашан кедергісіз жетуге мүмкіндік туады? Осы туралы білгім келеді. Қалада жаңа базарлар салына ма? Сол жағынан да хабар берсеңіз» деді ол.
– Орталық базарға халық көп баратындықтан Алаш тас жолы бойы­на «Вus Lane» жолағы салынды. Бұл жағдай автобустардың және халық­тың діттеген жеріне жету жылдамдығын 20 пайызға арттырды. Бірақ
ол жаққа сағатына 11 бағдар, 50 автобус қатынайды. Бұған автокөліктер ағынын қосыңыз. Сондықтан кептеліс орын алмай тұрмайды. Өткен айда сол жаққа өзім екі рет барып, жағдаймен таныстым. Содан соң орынбасарым Қосман Айтмұхамбетов жетекшілік ететін комиссия құрдық. Оның құрамына барлық қызметтер кірді.
Қазір мынадай шешімге келдік: «Алаш тасжолы транзиттік жолға айналады. Онда көлік қаңтарылмайтын болады. Сол жерде біз екі ішкі жолды салатын боламыз. Бұл жолдарда автобустар айналатын аумақ, көлік тұрақтары салынады. Ол үшін базардың аумағы босатылып, қасбеті жөнге келтіріледі. Себебі бұл – қалаға кірер қақпа. Биыл бұл жұмысты атқарамыз. Менің ойымша, жылдың соңында жағдай жақсарады.
Базарларға келсек, біз тиісті сараптама жасадық. Сол жағалаудың тұрғындары немесе С.Сейфуллин көшесінің басында тұратын халық, жалпы алыс­тау аймақтардағы адамдар Орталық базарға сабылмас үшін инвесторлармен жаңа базарлар құрылысы бо­йынша жұмыс істеп жатырмыз. Олар 5-тен кем болмайды. Кейбіреулердің құрылысы биыл басталады. Олар
Ш.Бейсекова, темір жол вокзалы ма­ңайында, басқа да жерлерде салынады. Біздің мақсатымыз – қаланың барлық аумақтарын базарлармен қамтамасыз ету. Жалпы, аталмыш жұмысты бақылауда ұстап отырмыз, – деді Әсет Исекешев.

Газ тарту жобасы үкіметте қаралып жатыр

Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі Төлебай Әшімұлы қалаға, соның ішінде «Промышленный», «Көктал» тұрғын алаптарына, оңтүстік-шығыс аумағына қашан газ келетіні, «көгілдір отын» келгенде жеке үйдің иесі үшін оның бағасы қанша болатынын сұрады.
«Пеш жағатын жеке үйлер ауаны ластап жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Тымық күндері, тіпті, тыныс алу қиындайды. Біз өзімізді ғана емес, бала-шағамызды, немерелерімізді ойлауымыз керек» деді ол.
– Астанаға газ тарту жобасы қазір Үкіметте қаралып жатыр. Елбасы бұл мәселені өз бақылауында ұстап отыр. Үкімет ұсынылған барлық нұсқаларды зерттеуде. Оның бағасы туралы айту әлі ерте. Газ тарту қала үшін шыны­мен стратегиялық мәселеге айналып отыр. Өйткені қала жылдам өсіп жатыр. Бұдан әрі көмірді ғана пайдаланып шаһарды дамыта алмаймыз. Жеке секторға да газ келуі тиіс. Бұл мәселені күнде талқылаймыз деп айта аламын. Тиісті шешім қабылданған соң халыққа хабарланады. «Промышленный» тұрғын алабында 10 мың адам тұрады. Егер шешім оң қабылданған жағдайда оған да газ келеді деп ойлаймын, – деді Астана әкімі.

Шет аймақтар қараусыз қалмайды 

Қала шетінде тұратын астаналықтардың атынан сөз сөйлеген азамат жаңа бағыттағы автобус бағыттарын көбейтуді өтінді. «Елордада миллионнан астам тұрғын бар. Атқарылған жұмыстардың барлығы қандай қиындықпен шешіліп жатқанын көз көреді. Қаладағы қоғамдық көлік қызметі біраз жұмыс­тар атқарды. Барлық жерге автобустар қатынап тұр. Бірақ елорда халқының жылдан-жылға өсуі­не байланысты қаланың көлемі де ұлғайды. Тап қазіргі уақытта шет аудандар тұрғындары қоғамдық көлікке мұқтаж. Жаңа бағыттағы автобустар қатынасын көбейтсеңіздер» деп өз тілегін білдірді ол.
Астана әкімі қоғамдық кө­лікті дамыту әкімдіктің бас­ты бағыттарының бірі екенін тағы да мәлімдеді. «Біз арнайы бағдарламаны бекітіп, жаңа жобаларды қолданып келеміз. Ол үшін бюджеттен қаржы да бөлінді. Қазір қалада 200 жаңа автобус жүріп жатыр. Жақын арада тағы 180-і жолға шығады. Әсіресе, қоғамдық көліктерді шет аудандарға бөлуге ниеттіміз» деп жауап қайырды Әсет Исекешев.
Сондай-ақ, әкім есепке келген жұртшылыққа әкімдік бастаған «Шет аймақсыз қала» бағдарламасы бар екендігін жеткізді. «Қала шетінде орналасқан әрбір ауданға арналған арнайы бағдарлама жасалды. Биыл айтулы өзгерістер болады» деген ол өз орынбасары Қосман Айтмұхамбетовтен Көктал тұрғын алабының жа­йын сұрады.
«Көктал-1, Көктал-2 тұрғын алаптарының жолдарын жөндеуге 2 млрд теңге бөлінді. Ал кәріз жүйесі мәселесі күн тәр­ті­бінен түскен жоқ. Алдағы уа­қыт­та бір нәтижеге келеміз» деді қала әкімінің орынбасары.

«Жағалауға» емхана керек

Сұрақ қою барысында қала тұрғындарының бірі «Жағалау» ықшам ауданында емхана салына ма?» деп сұрады. Қала әкімі бұл биылғы жылдың еншісіндегі шаруа екенін айтты.
– «Жағалау» ықшам ауданында қазіргі уақытта шағын медициналық бекет ашылды. Енді 20 мың адамға қызмет көрсетіп, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жүргізетін жекеменшік емхана ашуды қарастырып отырмыз. Мүмкін, Сығанақ көшесінің бойынан салынып жатқан үйлердің жанынан екі шағын емхана ашамыз ба деген екінші нұсқамыз да бар. Жалпы, бұл мәселе – біздің қадағалауымызда, – деді ол.

«Сарыарқада» сауал көп

Есепке келген тұрғындардың арасында Сарыарқа ауданының тұрғындары белсенділік танытты. Мәселен, аудандағы №188 көше тұрғыны Нұрма­ғанбет Наматұлы қаладағы жолдардың жайын сұрады.
«2017 жылы жалпы қанша жол салынды? Биылға жоспар қандай?» деген сұраққа Әсет Исекешев: «Былтыр 166 көше жолдары жөндеу жұмыстарынан өтіп, жаңадан салынған еді. Әсіресе, шет аудандарға көңіл бөлініп, 100 көшеде асфальт төселді. Биыл бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, тағы 180 көше жолдарын салуды жоспарлап отырмыз» деп жауап берді.
Одан кейін микрофон алды­на шыққан Сарыарқа ауданы­ның тағы бір тұрғыны көп ау­­лалар жарықтандырылма­ға­нын айтты. Ол «Мен Жеңіс даңғылында тұрамын, аулалардағы жарықтандыру жұмыс­тары жалғасын таба ма?» деп сұрақ қойды. Әкім бұл мәселе өз шешімін табатынына сендірді. Биыл қала аумағында және шет аймақта қай жерде жарық жоқ болса, сол жерде орнатылады. Ол үшін барлық құжаттар да дайын, қаржы да қарастырылған екен.

Мектеп асханасы алаңдатады

Тұтынушылардың талабын ескеріп, басшылыққа жеткізіп жүрген «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қабыкен ­Закарьянов бұл жолы мектеп асханасына қатысты сауал қойды.
– Балалардың әке-шешесі атынан мектеп асханасына кө­ңіліміз толмайтынын айтқым келеді. Сол себепті балалар аурушаң болып келеді. Әкімдікке мектептегі тамақтандыруды қамтамасыз ететін комбинатты ашуды ұсынамын, – деді бірлестіктің төрағасы.
– Сын-ескертпеңіз орынды. Осы мәселе жөнінде бірқатар ұсыныс бар екенін білемін. Әкім орынбасары Малика Бектұрова қазір оларды қарастыруда. Бұл іске инвесторлардың тартылуын көздейміз, – деп жауап берді әкім.

Жарымжан жандардың жанайқайы

Жиын барысында қала басшысына сұрақ қойғысы келген тұрғындардың қатары көп болды. Микрофонға қолы жетпегендердің кейбірі әр жерден айғай шығарып жатты. Жалпы, жиында алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін қарауға кезек берілді. Солардың бірі – Нұрғызова деген азаматша:
– Мен ІІ топтағы мүгедекпін. Сирек кездесетін дертке шалдыққанмын. Бұл жаман ауру түрі бойынша Қазақстандағы жалғыз науқаспын деуге болады. 6 рет ота жасаттым. Тіпті оталардың бірінде ішімде қайшы қалып қойған. Барлық қиындықты бастан кешіп келемін. 2001 жылдан бері Астанада тұрамын. Мүгедек ретінде үйдің кезегінде тұрғаныма 15 жыл болды. Баспана азабын әбден тарттым. Бірақ әлі күнге дейін кезегім 14400-орында тұр. 2016 жылы қабылдауыңызда болсам да, содан бері баспана мәселесін әлі де шеше алмай келе жатырмын. Енді не істеуім керек? – деген сауалын қойды.
Оның жағдайын жақсы түсінетінін, бірақ бұл мәселені дереу шешу өз құзырында емес екенін тілге тиек еткен Әсет Исекешев баспанаға кезекте тұрған 48 мың мүмкіндігі шектеулі жанның 20 мыңы мүгедек балалар екенін, ал олардан бұрын кезексіз пәтер беру заңсыз екенін айтты. Бұл мәселеге орай Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Руслан Ахметов те жауап берді.
– Нұрғызова ханыммен бұл мәселе жөнінде біз бірнеше мәрте жолыққанбыз. Онымен 2003 жылы кезекке тұрғаны туралы бұрынғы журналдарды ақтарып, тексеру-зерттеу жұмыстарын бірге жүргіздік. Бірақ ешқандай дәлел болатын құжатты таба алмадық. Сонымен қатар азаматшаның сұрауы бойынша «BI Group», «Базис-А» сияқты бірқатар құрылыс компанияларына да өтініш-хат жолдадық. Алайда тиісті көмек көрсету жөнінде жауап болмады, – деді ол.
Қала әкімі жауапты мамандарға мүмкіндігі шектеулі жанның мәселесіне үңіліп, оған әлеу­меттік көмек көрсетіп, әзірге жатақханадан орын алып беру жағын қарастыруды тапсырды. Өз кезегінде екі бірдей мүгедек баланың анасы қоғамдық көліктегі жеңілдік туралы сөз қозғады.
– Менің жеке көлігім жоқ бол­ғандықтан, үнемі автобуспен жү­ремін. Бірақ соңғы кездері мүгедек балалардың қамқоршысы ретінде қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігімнен айырып тастапты. Арнайы құжатымды көрсетсем, кондукторлар пыс­қыр­майды да. Сонда тегін жүру үшін мүгедек
баламды ары-бері бірге алып жү­руім керек пе? – дейді ол.
Бұл сұраққа жауап берген Жұмыспен қамту, еңбек және әлеу­меттік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов:
– Бүгінге дейін бұл туралы заңдылықты ешкім өзгерткен жоқ. Жалпы, мүгедек балалардың қоғамдық көлікте 7 жасқа дейін тегін жүруге мүмкіндігі бар. Бізге қалалық мәслихат мүмкіндігі шектеулі балалардың 18 жасқа дейін тегін жүру мәселесін қарастыруды ұсынды. Бірақ бұл жағы әзірге қарастырылу үстінде. Биылғы қаржыландыру да тиісті деңгейде. «Astana LRT» ЖШС-пен келісімшарт бар. Жалпы, бұл мәселе шешіледі, – деді.
Әсет Исекешев қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошунға мүгедек балалардың қамқоршыларын қоғамдық көлікте тегін жүруге жағдай жасау туралы тапсырмасын тездетіп жүзеге асыруды тапсырды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды