«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана-Бурабай – өңір туризмінің тірегі

0 111

Сейсенбі күні Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Оның күн тәртібіне 5 мәселе ұсынылды. Солардың қатарында Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары мен Астанада туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы туралы мәселе де қаралды.

Аталмыш мәселе бойынша Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы есеп берді. «Бурабай курортты аймағын дамыту жоспары 4 бөліктен және 33 шарадан тұрады, бұларды жүзеге асыруға 61,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр» деп атап көрсетті министр. Астанада туризмді дамыту жөнінде талдау жасалып, Үкіметке ұсынылып отырған жол картасы 24 шарадан тұрады.
Бұлардың 6-уы – ішкі және шетелдік туристерді тартуға, 3-еуі – инфрақұрылымды жетілдіру мен туристерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға, 6-уы – ондағы мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары тиімділігі мен өзін-өзі ақтауын көтеруге, 5-еуі – медициналық туризмді өркендетуге және 4-еуі білім беру саласындағы туризмді жандандыруға арналған.
А.Мұхамедиұлы Астана туристік кластерін дамыту мәселесіне қатысты 2017 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша инвестицияның ең үлкен көлемі 19,2 млрд теңге – Астанаға тиесілі екенін, оның жыл ішінде 25,9 пайызға өскенін баяндады. Ол бұдан әрі биылғы бірінші жартыжылдықта елордадағы мейманханалар санының – 16 пайызға, қонақтар қабылдауға дайын нөмірлер мен бөлмелер мөлшерінің – 15 пайызға, ал қызмет көрсету көлемінің 23 пайызға артқанын алға тартты.
– Жылдың басты турис­тік тартушы күші болған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің арқасында бірінші жартыжылдықта ел байтағына келген қонақтарды күтіп алуға әзір бөлмелер мен нөмірлер қатары бірден 43 па­йызға ұлғайды, – деді А.Мұхамедиұлы. – Сондай-ақ, Астана мейманханалары, отельдері және басқа да адам қабылдайтын орындары саны жағынан көшбасындағы үштіктің құрамына кірді. Қонақ күту саласы мен қоғамдық тамақтандыру жүйесіне қаржының барынша көптеп бөлінуін осы істермен шұғылданушы бизнестің өзі қамтамасыз етті. Бұл осы салаға құйылған барлық инвес­тицияның 70,7 пайызын, яғни 34 миллиард теңгені құрайды. Тағы 19 пайыздық құйылым, яғни 9 миллиард теңгеден астам ақша банк кредиттері арқылы келді. Осылайша, жылдық өсім 8,4 пайызға жетті. Ал займ қаржыларының көлемі бірден 86,7 пайызға барып, 4,5 миллиард теңге болды. Мұның өзі жалпы инвестиция көлемінің 8,9 пайызына тең.
Министрдің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша Астана қаласы қонақүй бизнесі саласындағы жалпы қосымша құны 191,5 млрд теңгені құраған. Бұл осы саладағы өсімнің өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 8,5 пайызға өскенін көрсетеді.
Отырыс барысында, сондай-ақ, Ақмола облысы әкімі Мәлік Мырзалин мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің есептері тыңдалды.
Талқылау қорытындысында Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қаралған мәселе бо­йынша жасалатын жоспар мен жол картасы іс-шараларын сапалы және дер кезінде дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Отырыста келесі кезекте Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық сызбасы бекітілді. Құжат жобасын Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таныстырды. Оның айтуынша, елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылығы, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы қала агломерациясы дамуының алғышартын түзеді. Астана агломерациясының аумағына оның өзегі ретінде Астана қаласы, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандары, Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданының 4 округі кіреді. Агломерацияға кіретін аумақта барлығы 124 елді мекен бар. Мұндағы халық саны 2016 жылы 1,2 млн адам болды, бұл мөлшер 2030 жылға қарай 1,6 млн адамға жетеді деп күтіліп отыр. Сөйтіп, өсім 33 пайызды құрайды. Соның ішінде 2016 жылы Астана қаласында 1,0 млн адам болса, ол 2030 жылға қарай 1,2 млн адамға дейін өседі.
– Агломерацияның жалпы алаңы 21770 шаршы шақырымға тең, – деді министр өз сөзінде, соның ішінде Астана қаласы – 800 шаршы шақырым. Мұның 7,5 мың шаршы шақырымды құрайтын қарқынды даму аймағы жекеге бөлінген. Оның негізгі бағыттары индустриялық аймақтарды құру, өндірісті әртараптандыру болып табылады. Сондай-ақ, рекреацияны дамыту мен азық-түлікті дамыту аймағы бөлінген: бұл елді мекендер Астанамен тығыз байланыс­та. Тарихи жағынан мак­ро­өңір ауылшаруашылыққа маманданумен сипатталады. Сондықтан Астана агломерациясы атқаратын қызметтің бірі Астана үшін азық-түлік белдеуі қызметін атқару болып есептеледі.
Ведомство басшысының пікірінше, контрмагниттер мен индустриялық аймақтарды құру Астананы халық саны жағынан біраз «жеңілдетіп», сыртқы көші-қон ағындарын өзіне «тартуға» мүмкіндік береді. Көлік дәліздері бойынша қоныстандыру арналары мен қалалар айқындалды, олардың арасында негізгі мәртебесі Аршалы, Шортанды кенттері мен Жайнақ стансасына берілді. Ықтимал контрмагниттер ретінде Ақкөл қаласы мен Ақмол ауылы аталды. Олар өзек-қаладан қашық орналасқан, көші-қон ағымдарын өзіне тартатын жеткілікті ресурстары бар. Халықтың еркін қозғалысы, өзектің келешегі бар өсім нүктелерімен байланысы негізгі магистраль жолдардың көмегімен қамтамасыз етілуі тиіс.
– 2030 жылға қарай агломерация аумағында үш индустриялық аймақ құру арқылы Астана қаласынан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды шығару ұсынылып отыр, – деді Ж.Қасымбек. – Сондай-ақ, жаңадан құрылатын өнеркәсіптік кәсіпорындарды индустриялық аймақтарға орналастыру көзделді. Саланы әртараптандыру және қарқындату есебінен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру 170 пайызға ұлғаяды. Астананың азық-түлікке деген қажеттілігі агломерация аумағы есебінен толық қамтамасыз етіледі.
Оның баяндауынша, агломерация өзегінің бетон, темір-бетон бұйымдары, кірпіш, қиыршық тас, металл конструкциялары, ағаш бұ­йымдары сияқты құрылыс материалдарына деген қажеттілігін агломерация аумағында орналасқан кәсіпорындар толықтай қамтамасыз ететін болады. «Астана-Бурабай» жа­сыл дәлізін құру және оны табиғи орман алқаптарымен біріктіріп, бірыңғай экожүйені қамтамасыз ету жобада бар.
Сол сияқты «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы есебінен елді мекендерді одан әрі газдандыру Астана мен 30-ға жуық елді мекенді газдандыруға, сондай-ақ, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, агломерацияның экологиялық жағдайын жақсарту үшін І-ІІ санаттағы ластаушы кәсіп­орындарды Астанадан көшіру ұсынылады.
– Өңіраралық схеманың жобалау ұсыныстарын іске асыру агломерация аумағында оңтайлы қоныстандыруға және экономикалық тығыздық пен өңірдің тұтыну тығыздығын арттыруға ықпал етпек, – деп сөзін қорытындылады министр.
Отырыста Астана агломерациясын одан әрі дамыту жөнінде қала әкімі Әсет Исекешев те өз ойларын ортаға салды.
Мәселені талқылау тұжырымын шығарған Үкімет басшысы осыған қатысты барлық жауапты мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге аталған өңіраралық сызбамен тиімді жұмыс жүргізуді тапсырды.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды