«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана–Белград: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

0 30

 Елордада Қазақстан мен Сербияның достығын айғақтайтын тұрғын үй кешені бой көтереді. Кеше Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Сербияның президенті Александр Вучич «БК Тесла Парк» көпбейінді тұрғын үй кешенінің іргетасын қалады. Бұл туралы Астана әкімдігінің сайты хабарлады. Мәртебелі меймандарды Астана әкімі Бақыт Сұлтанов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов қарсы алды.

Капсула отырғызуға арналған салтанатты рәсімде Бақытжан Сағынтаев пен Александр Вучич жолдаудың мәтінін капсулаға жабыстырып, оны үйдің іргетасымен бірге қалады.
Жаңа тұрғын үй кешені өзіндік сәу­летімен ерекшеленеді. Онда тұрғын үй салудың әртүрлі типологиясы қол­данылады. Біріншіден, жартылай жабық аула (испан орамы), нақты, шектеулі және көпсекциялы құрылыс, сондай-ақ, VIP-кластағы ғимараттары бар шағын қабатты құрылыс үлгісі болады. Аталған тұрғын үй кешеніне жер учаскесін бөлу Астананы мұқият жобалау жоспарына, Бас жоспар мен қаланы дамыту міндеттеріне сәйкес жүргізілді. Жалпы ауданы 61 гектарды құрайтын бұл үй Тельман тұрғын үй алабы мен Ұлы Дала көшесінің арасынан салынады. Құрылыс жұмыстары 5 жылға жоспарланған. Салынатын инвестициялардың көлемі шамамен 500 млн АҚШ долларын құрайды.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов сербиялық әріптестері – Белград қаласының мэрі Зоран Радойичич пен Нови-Сад қаласының мэрі Милош Вучевичті қабылдады. Кездесу барысында тараптар урбанистік даму, «ақылды қала» салудың құралдары және «жасыл» технологияларды енгізуге қатысты заманауи үрдістерді талқылады. Әсіресе, сербиялық делегация мүшелері елордамыздағы смарт-технологияларды енгізуге, қоғамдық кеңістікті дамыту және қаланы көгалдандыруға ерекше қызығушылық танытты. Қалалық жобаларға инвестиция тарту жеке тақырып ретінде талқыланды. Тараптар бір-бірімен тәжірибе алмасу үшін тығыз ынтымақтастық орнатуға мәміле жасады. Кездесу соңында Астана әкімі келесі жылы Сербияның астанасында Астана қаласының күндерін өткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс сербиялық әріптестер тарапынан бірден қолдау тапты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды