«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана арена

0 165

Астана Арена – халықаралық стандарттарға сай салынған елордадағы айрықша нысандардың бірегейі. Ерекше сәулетті стадион Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды.

Жаңа кешен ең алдымен футбол матчтарын өткізуге арналған, бірақ басқа ірі спорт және мәдени шараларға да ыңғайластыруға болады. Жасанды көгалмен көмкерілген алаңның ұзындығы 105 метр болса, ені – 68 метр. Стадионның 20 минутта ашылып-жабылатын төбесі жылдың кез келген мезгілінде ойынды тамашалауға қолайлы жағдай туғызады. Осындай қасиетімен бұл нысан әлемдегі жылжымалы шатыры бар алты стадионның бірі саналады. Бұның архитектуралық жобасын «Populous» және «Tabanlioglu Architects» компаниялары жасады. Жоба жұмысы екі жарым жылға созылды.

Құшағына 30 мың көрерменді сыйдыра алатын ғимарат 2009 жылдың 3 шілдесінде атақты итальян арбитр Пьерлуиджи Коллина төрелік еткен символдық матчпен ашылды. Бұл ойын Қазақстан жастар құрамасы мен «Локомотив» футбол клубы (қазіргі «Астана» ФК) арасында өтті. Бір қызығы, қос команданың сапында әлем футболының жұлдыздары доп тепті. Нақтыласақ, жастар құрамасында Андрей Шевченко мен Каха Каладзе ойнаса, Астананың намысын 2002 жылғы Әлем чемпионатында Түркияны үшінші орынға көтерген Хакан Шүкір мен Хасан Шаш қорғады. Ал ойынға допты Елбасының өзі қосты.
Осылайша тұсауы кесілген Астана Аренада бұдан кейін талай байрақты бәсекенің жалауы желбіреді. Ең алғашқы ресми матч 2009 жылдың 14 қазанында 2010 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Хорватия құрамалары арасында өтті.

ЕҢ КӨП КӨРЕРМЕН ЖИНАЛҒАН ОЙЫНДАР

Астана – АПОЭЛ
Есеп – 1:0  30 000  18.18.2015  Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі
Шахтер – Селтик
Есеп – 2:0  29 950  20.08.2013  Чемпиондар лигасының  іріктеу кезеңі
Астана – Вильярреал
Есеп – 1:3  29 800   23.11.2017  Еуропа лигасының топтық кезеңі
Қазақстан – Германия
Есеп – 0:3  29 300  22.03.2013  Әлем чемпионатына  іріктеу кезеңі

 

АЙШЫҚТЫ ОҚИҒАЛАР

2011 жылы 30 қаңтарда VIII қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы өтті.

2015 жылы 5 маусымда алғаш рет Астанада «Гравитация» атауымен «МУЗ-ТВ Премиясы» өтті.

2015 жылы 18 маусымда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында «Астана» – «АПОЭЛ» матчын 30 000 жанкүйер тамашалап, көрермен тартуда «Астана Аренаның» рекорды жаңарды.

2015 жылы «Астана» футбол клубы Қазақстаннан алғаш болып Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп, Астана Аренада «Атлетико Мадрид» (Испания), «Бенфика» (Португалия) және «Галатасарай» (Түркия) командаларын қабылдады.

2017 жылы «Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Вильяреал» (Испания), «Славия» (Чехия) және «Маккаби Тель-Авив» (Израиль) командаларымен ойнады.

2018 жылы 15 ақпанда «Астана» тұңғыш рет Еуропа лигасының 1/16 плей-офф кезеңінде «Спортинг» (Португалия) клубымен кездесті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды