«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана ақтүтек боранға төтеп берді

0 21

Табиғи жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты сол күні қала әкімі Әсет Исекешевтің шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, базарлар мен сауда орталықтары және құрылыс нысандарының жұмысы уақытша тоқтатылды. Алайда Астана қаласының ІІД, ТЖД, өрт сөндіру, жедел медициналық жәрдем, коммуналдық қызметтерінің жедел әрекет жасап, зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетуінің арқасында адам шығыны орын алған жоқ. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, қаладағы барлық мекеме әдеттегі жұмыс режиміне көшті. 

Астана қаласы әкімінің бас­пасөз хатшысы Эльвира Жүр­генбаева мен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров, ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Арман Айтимов, Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Болатбек Амрин ахуалдық орталықта 11 қаң­тар күнгі табиғи жағдайға байланысты БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді. Олардың айтуынша, 11 қаңтар күні «109» қызметіне 13 мыңдай, «102»-ге 2 мыңнан аса, ал «112»-ге 4 мыңға жуық қоңырау түсіпті.
Эльвира Жүргенбаеваның айтуынша, ақтүтек боран салдарынан 26 тұрғын үй мен 4 мектеп, 3 балабақшаға біраз зақым келсе, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті шатырының жартысын жел ұшырып әкеткен. Сондай-ақ, шамамен секундына 30 метр жылдамдықпен соққан желдің 16 аялдама мен 131 бағдаршамға да зияны тиген.
Ал Денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Камалжан Надыровтың мәліметіне сүйенсек, боран салдарынан 39 адам жараланып, оның екеуі ауруханаға жатқызылған. Екеуіне де ота жасалған. «Зардап шеккендердің бірі қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы нашар. Ал қалған 37 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді» дейді К.Надыров.
Сондай-ақ, боран кезінде ІІД Жергілікті полиция қызметі 472 полиция қызметкері мен 70 көлігі және құтқарушылардың жеке құрамдағы 221 маманы мен 44 техникасы жұмылдырылыпты. Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Айтимов­тің айтуынша, 175 жол-көлік оқиғасы мен 82 табиғи апат бойынша тәртіп сақшыларына шақырту түсіпті. Патрульді полиция көліктері қала ішінде тұрғындарды тасымалдап, жолда қалғандарға көмек көрсеткен.
– Әсіресе, Астрахань мен Павлодар тасжолдарының бойында қалған адамдар көп болды. Қазіргі уақытта қалааралық 6 бағыт бойынша да жол ашық. Бірақ ауа райының өзгеруіне байланысты жолдар кез келген уақытта қайтадан жабылып қалуы мүмкін, – деген Арман Айтимов қала тұрғындары мен қонақтарын қар тазалаушылардың жұмысына түсіністікпен қарап, жол жүру ережесін қатаң сақтап, тек белгі бар жерлермен ғана өтуге шақырды.
Ал «Қояндыдан» қалаға шығып, орта жолда қалған адамдар көліктерін тастап кетуге мәжбүр болған. Оқиға орнынан 149 жолаушыны қалаға жеткізген құтқарушылар 66 техниканы эвакуатормен алып шыққан.
Абырой болғанда, адам шығыны болмаған. Ал қала­ның жалпы материалдық шы­ғыны әзірге белгісіз. Аудан әкімдері ПИК-термен бірге әлі де тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.
Жалпы, тазалық жұмыс­тарына 2 мың жұмысшы мен 2600 техника жұмылдырылып, 2 тәулік ішінде 82 мың текше метр қар қала сыртына шығарылған.
Бұл табиғи жағдай Астана үшін үлкен сынақ болды. Бірақ елорда осы сынақтан да сүрінбей өтті.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды