Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

АСТАНА: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Астананың даңқы жаһанды шарлап кетті. Канададағы Виннипег университетінің профессоры Франк Альбоның елордамыз туралы «Астана: сәулеті, мифтер және тағдыр таңдауы» атты ағылшын тілінде жарық көрген кітабының Оттава, Вашингтон, Лондон сынды әлемнің айтулы астаналарында және Виннипегтің өзінде тұсауы кесілді. Таяуда Астанада өткен «Eurasian Book Fair – 2017» атты ІІ Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында аталмыш еңбекті автордың өзі таныс­тырды.

Франк Альбоның айтуынша, бұл кітап алғашқы мәрте 4500 дана болып басылып, түгел Канадада демде сатылған. Содан қайта басуға тура келген. «Қазақстан, Астана, аңыз­дар әлемі туралы жаһан жұртшылығының білетінінен әлі де білмейтіні көп. Осы еңбекті жазғанда батыс оқырмандары кітапты зерделей оқып, терең түсінсе екен деген ойда болдым. Бұл мақсатым орындалғандай. Мәселен, кітапты Астанада таныс­тырғаннан сәл ғана бұрын Астана сәулетінде айшықты қолтаңбасын қалдырған сэр Норман Фостердің Лондондағы кеңсесінде тұсаукесерін өткіздім. Соған қатысқан адамдардың ауыздары ашылды да қалды. Әлемдегі талай белгілі ғимараттардың жобасын жасаған сәулетшілердің өзі Астана сәулетінде кездесетін символдардың терең мағынасын білмейтін болып шықты» деген ол кітабы өз елінде ресми түрде бестселлер болып танылғанын жеткізді.

Жалпы, шетелдік ғалымның табаны Астана топырағына алғаш мәрте 2013 жылы тиген. Сол уақытта қатты әсерленіп, елордамыз туралы кітап жазуды мақсат етіп алыпты. Материал жинау барысында Қазақстанға және Астанаға қатысты 400-ге жуық Қазақстандағы және шетел басылымдарында жарық көрген мақалалар мен зерттеулерді оқып шыққан. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, содан кейін Қазақстанда да зерттеу жұмыстарын жүргізген. Осының бәріне 3 жыл уақытын жұмсады. «Астана: сәулеті, мифтер және тағдыр таңдауы» еңбегі – сол бірнеше жылғы ізденісінің жемісі. Автордың Таяу Шығыс елдері тілдері мен тарих мамандықтарын қатар игергенін, сәулет тарихы бойынша докторлық диссертация қорғағанын айта кету керек. Өзінің сөзінше, жоғарыдағы туындысы Қазақстан, Астана жайлы жазылған еңбегінің бастамасы ғана. Болашақта мұны жалғастыру ойында бар.

«Астана сәулеті Ұлы даланың көшпенділер өркениетінен тамыр тартады. Мұнда дін, сауда және бірлік пен татулықтың белгілері ғажап үйлесім тапты. Сондай-ақ, шығыс пен батыс мәдениетінің элементтері бір-бірімен қабысып жатыр» деген Франк Альбо елорда сәулетінде кездесетін көне символдарға тоқталды. Оның пікірінше, сондай символдардың қатарына шаңырақ пен Алтын адам жатады. Көк аспан да елордадағы көптеген ғимараттардан нышан береді. Осылардың ішінде ол «Астана-Бәйтерек» монументі туралы көңіліне түйгенімен бөлісті.

 

«Бәйтерек жөнінде ежелден бүгінгі күндерге жеткен аңыз бар. Еуропалықтардың көпшілігі бұл адамзат тарихындағы ең көне аңыздардың бірі екенін білгенде қатты таңғалады. Бұл өзі бірнеше елге ортақ аңыз. Мәселен, самаритяндар тарихында, соның ішінде этандар өмірінде кездеседі. Этан мен Астана сөздерінің ұқсас­тығын да байқап отырған боларсыздар. Аңыз мазмұнына тоқталсам, мұнда көне қаланың құрылысы, мұнара сияқты ағаш туралы және құстың көмегімен адамзат баласы мәңгі жас­тықтың құпиясын іздегені жөнінде айтылады. Бүкіл әлемде бұл аңыздың 300-ге жуық нұсқасы бар. Мұны үнді мен грек мифологиясында, Канада жерін мекендеген көне үндістерде жолықтыра аласыздар» дейді шетелдік ғалым. Оның пайымдауынша, Қазақстанда аңыздардың таралуына жыраулар қатты ықпалын тигізген. «Жыраулар халқын тәрбиеледі, ұлттық құндылықтардан тамырын үзбеуге үндеді. Туған жұртының жігерін жаныды» дейді ол.

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және өкілетті елшісі Константин Жигалов дәнекер болып, Франк Альбомен сырттай таныстым. Канаданың айтулы ғалымы елордамыз Астана туралы қалам тартып жүргенін естіп, ішім жылып қалған еді. Оған бірден интернет арқылы хабарласып, сұхбаттаса кеткенде, ашық-жарқын азамат екені анық байқалды. Маған ол мақсат-мүдделерінің мән-жайын қысқаша түсіндіріп қана қоймай, жобадағы кітабының жекелеген тарауларын алдын ала салып жіберді. Бұл кітап адам санасына сәуле шашатын дүние екеніне сол кезде көзім жетті. Онда сәулеті мен дәулеті жарасқан Астананың алғашқы қазығы қағылған сәттен бастап, бүгінге дейін екпінді өрістеп келе жатқан дизайнерлік, сондай-ақ, архитектуралық ерекшеліктері ғана емес, сонымен қатар, жасампаз қала келбетіндегі байырғы символдар мен мифологиялық параллельдердің де кереметтей үйлесім тапқаны өте нанымды баяндалған. Автор әлгі шендес­тірулердің бүге-шігесін сараптап қана қоймай, оларды зерделеу барысында өзі түйген тұшымды да терең пікірлерін нақты фотографиялық дәйектермен өте шебер дәлелдеп отырады.

Ғалымның сөзінше, Астана – тарихтағы ең көне аңыздың қазіргі өмірдегі шынайы көрінісі. Әсіресе, қыран бейнесі қаланың өне бойын көмкеріп тұр. Ал тағдырдың таңдауы неге Астанаға түскенін автор былайша түсіндіреді: «Қазақстан халқының көрмеген қиындығы жоқ. «АЛЖИР» лагері, қазақтарды баудай қырған аштық, тартылып қалған Арал теңізі, Семей полигонында өткен 400-ден астам ядролық сынақ. Осының бәрін қазақстандықтар өткен ғасырда бастан өткерді. Сондықтан ХХІ ғасырда Қазақстан, Астана басқа елдерде осындай ауыртпалықтар тумас үшін әрекет етуде. Ұлттың басынан өткен жағдайды еске алсақ, Астананы күлден қайта жаралған Феникс құсқа ұқсатуға болады. Қазір ол бүкіл әлемге толеранттықтың, бейбітшіліктің және экологиялық қауіпсіздіктің үлгісі болып танылып келеді».

 

Автордың айтуынша, «Астана: сәулеті, мифтер және тағдыр таңдауы» еңбегінің жаңалығымен қоса, оқырман шешуі тиіс жұмбағы да көп. Ол кітабының тұсаукесерін тағы бірнеше көрмеде өткізуді жоспарлап қойыпты. Соның ішінде Германияның Франкфурт қаласында өтетін дүниежүзілік көрме де бар. Жалпы, Франк Альбо кітапты оқыған шетелдіктердің қазақ тарихын танып білуге, Астананы келіп көруге құштарлықтары оянатынына сенімді.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*