«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – Анкара: Ұстанымдар ұқсас

0 71

Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Түркия Республикасының Пре­зиденті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті.

Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан мен Түркия президенттері арасында келіссөз өтті.
Кездесуде мемлекеттер басшылары екі жақты ынтымақтастықтың және сау­да-экономикалық қатынастарды нығайтудың өзекті мәселелерін талқы­лады.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Тайип Ердоған халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысына қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Рес­публикасына ресми сапарының қоры­тындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Елбасы Қазақстан мен Түркия ара­сындағы қарым-қатынастардың стра­тегиялық сипатын атап өтті.
– Түркия президентімен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз өткіздік. Бұл кездесу өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Жалпы, Астана мен Анкара өңірлік және халықаралық проблемаларды әрдайым ашық талқылайтынын атап өткім келеді. Бұл мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас, – деді Қазақстан басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­­­стан мен Түркия арасындағы Жо­ғары деңгейдегі стратегиялық ынты­мақтастық кеңесінің үшінші отырысы екі жақты қатынастарға одан әрі тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы екі елдің саяси диалог пен бауырлас халықтардың достығын әрі қарай нығайтып, тереңдете түсуге мүдделі екенін айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы сауда-эко­но­микалық және инвестициялық ынты­мақтастық мәселелеріне тоқталды.
– Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын бар. Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жет­кіземіз деп келістік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын атап өтіп, «түрік бизнесінің капитандарымен» жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.
– Жалпы, сапарым барысында құны 2 миллиард долларға жуық ком­мерциялық жобаларға қатысты ке­лісімдерге қол қойылды. Алдағы уақытта бүгінгі қол жеткізген уағ­даластықтарды жүзеге асыру үшін күш жұмылдыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті түрік инвес­торларын Ақтау және Құрық порттары негізінде жұмыс істеп жатқан көлік-логистика хабын дамытуға белсенді атсалысуға шақырды.
Р.Ердоған Қазақстан басшысына ресми сапары үшін ризашылық білдіріп, өткен кездесулердің нәтижесін жоғары бағалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды