«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Астана» – алты дүркін чемпион

0 18

Жексенбі күні футболдан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. «Астана» алтыншы мәрте қатарынан ел чемпионы атағын жеңіп алды.Ұлттық біріншілік аяқталмай-ақ жеңімпаз атанып үлгерген «Астана» соңғы ойынды өз жанкүйерлері алдында өткізіп, өкінішке қарай, «Ертіс» командасынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Бұл ойынның турнир кестесіне ешқандай өзгеріс әкелмейтіні әсер етті ме, әйтеуір, астаналықтар қарсылық көрсетуге дәрмен танытпады.
Матчтан кейін ел чемпионын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан футбол федерация­сының Бас хатшысы Азамат Айтхожин мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев «Астана» командасына чемпиондық «Алтын табақ» жүлдесін табыс етті.«Астана» алдағы жылы УЕФА Чемпиондар лигасында, ал күміс жүлдегер «Қайрат», қола жүлдегер «Ордабасы» және Қазақстан кубогының жеңімпазы «Қайсар» Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын болды.
Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының бомбардирлері болып қарсыластар қақпасына 19 голдан соққан Марин Томасов («Астана») пен Адеринсола Эсеола («Қайрат») танылды.Премьер-лиганың соңғы орнында қалған «Ақтөбе» мен он бірінші орынмен шектелген «Атырау» келесі жылы бірінші лигада ойнайтын болады. Бірінші лига чемпионы атанған «Қызылжар» (Петропавл) мен екінші орын алған «Каспий» (Ақтау) премьер-лигаға көтерілді. Ал премьер-лига­ны оныншы орынмен аяқтаған «Тараз» бен бірінші лигада қола жүлдегер болған «Ақжайық» (Орал) плей-офф ойындарында жоғары лигада ойнау үшін таласады.
Сонымен ел чемпионаты мәресіне жетті. Алайда «Астана» үшін футбол маусымы әлі аяқталған жоқ. 28 қараша күні елордалықтар УЕФА Еуропа лигасының топтық турнирі аясында «Манчестер Юнайтед» командасын қабылдайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды