-->

Астана әкімдігінде мемлекеттік қызметке байланысты әдеп кеңесі өтті

Астана әкімдігінде мемлекеттік қызметке байланысты әдеп кеңесі өтті. Оған елорда әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев қатысты.

kbb_8888

Жиында мемлекеттік қызмет­кер­лердің этикасы мен осы бағытта қабылданған шешімдердің уақытылы орындалуы және оның жүзеге асырылу барысы сөз болды.
Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев осы саладағы атқарылған жұмыстар мен түйткілді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, 2016 жылы елімізде мемлекеттік қызметтің этикасына байланысты 158 отырыс өтіп, онда мыңнан аса сұрақ талқыланған. Бұған қоса, 113 алдын алу шараcы жүргізіліп, 102 тәртіптік комиссия жиыны өткен.
«Өткен жылы бас қала бойынша сыбайлас жемқорлыққа байланысты бірнеше қылмыс тіркеліп, лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, елорда әкімдігінде кадрлық ауыстырулар белгілі бір стандартқа қарағанда 2 жарым есе жоғары болған» деді Алик Шпекбаев.
Одан кейін жиналғандарға сыбайлас жемқорлыққа қатысты бейнеролик көрсетілді. Онда мемлекеттік қызметті асыра пайдаланған азаматтар туралы кеңірек ақпарат берілген.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны іске асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіптік аппаратты қалыптастыру туралы тереңірек айтқан. Біздің мақсатымыз – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, мемлекеттік қызметтің сапасы мен оған деген халықтың сенімін ұлғайту, – деді жиында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тілеген Қаскин.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*