«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана әкімдері

0 69
Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, 1997-2003, 2014-2016 жылдарда Астана қаласының әкімі ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы

ҰЛТ МЕРЕЙІН ТАСЫТТЫ

1997 жылы 10 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының елордасы етіп жариялау жөніндегі Жарлығына қол қойды. Сол сәттен бастап-ақ, Ақмола облыс құрамынан шығып, дербес әкімшілік-аумақтық бірлікке айналды. Дәл сол күні Мемлекет басшысының жаңа резиденциясында Президент, Парламент және Үкіметтің бірлескен отырысы өткізілді. Қызық болғаны сол: отырысқа қатысушылар атшаптырым залдағы өз орындарына жайғаса бергенде, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ресми кәстөмімен, президенттік жұлдызшасымен келсе де жұртқа қарап: «Сіздерге зал ұнады ма?» деп сұрады. Ешкім әзілдеуге де, басын шұлғуға да үлгермеді. Өйткені дағарадай әсем залдың ұнамауы мүмкін емес болатын.
Отырысты ашып, сөз сөйлеген Президент бір жылдан сәл асатын уақытта Ақмолада қыруар жұмыстар жасалғанын атап айтты. БҰҰ-ның, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетел елшілері арқылы әлемдік қауымдастық Қазақстанның осынау батыл қадамын жоғары бағалайтынын жеткізді. Президенттің мына сөзі ешқашан есімнен кетпейді: «Тура бүгінгі күннен бастап, егемен Қазақстанның тағдырына қатысты шешімдердің барлығы Ақмолада қабылданады». Өзінің сөзін ісімен дәлелдеген Нұрсұлтан Әбішұлы тағы екі Жарлыққа қол қойды. Бірі – 1998 жылды Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы деп жариялау, екіншісі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды қолдау жөніндегі жалпыұлттық қор құру. Елбасы мәжіліске қатысушыларды осы қорға бір айлық жалақы көлемінде жарна төлеуге шақырды.
10 желтоқсанның менің өмірімде ең айтулы күн болғаны, сол күні Президент мені Ақмола қаласының әкімі етіп тағайындау туралы Жарлығы шықты. Н. Назарбаевтың жұмыс кестесі үнемі қауырт болатын. Президенттік жұмысынан бөлек, ол қаланы аралап, құрылысы жүріп жатқан нысандарды түгел көзімен көруші еді. Ойлап отырсам, сол жылдардағы күш-жігер, ынта-ықылас кереметтігі таң қалдыратын. Президенттің өзі ел мен елорданың ертеңін ойлап, бір минутын да босқа өткізбейтін-ді. Сондай сәттердің бәріне куә болдым. Бір жағынан, бұл – қыруар еңбек пен елжандылық сезім. Екінші жағынан, барлық қиыншылықтар бізді шаршатқанның орнына, ширықтыра түсті. Елорданың ел мен ұлттың мерейін тасытып, Қазақстанды күллі әлемге әйгілейтін өркениетті шаһарға айналатынына ешқайсымыз күмәнданған жоқпыз.

Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, 2003-2004 жылдарда Астана қаласының әкімі «Байсерке-Агро» ЖШС басшысы

ТУҒАН ПЕРЗЕНТІНДЕЙ ҚАРАДЫ

Біздің тәуелсіздік алғалы қол жеткізген ең басты жеңісіміз бен жетістігіміз Астана екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан бас қаланың басты авторы – Тәуелсіздік десек, еш қателесе қоймаспыз. Әрине, идея, ой, бастама – Елбасынікі. Мемлекет басшысы егемендіктің екінші жылы, яғни 1993 жылдың басында астананы Ақмолаға көшіруге нық бекінді. Себебі Алматының ел астанасы ретінде құлашын кеңге жая алмайтыны белгілі еді. Ал астананың тынысы кең болуы керек. Сондай-ақ, Алматының елдің шығысында – әсіресе, батыс пен солтүстік облыстардан тым қашықта орналасуы да астананың ауысуына өз ықпалын тигізді. Шыны керек, Алматыдан Арқадағы Қарағанды мен Ақмолаға бару үшін мың шақырымнан артық жол жүруге тура келетін. Жер түбінде жатқан Ақтау мен Атырау туралы айтудың өзі артық. Ал Ақмола елдің дәл ортасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Осындай жағдайда елорданы солтүстікке көшірудің маңызы тіпті арта түсті.
Жаңа елордамызға инвестиция тартуда Президент Назарбаевтың іскерлігі мен ерен еңбегін ерекше атап өту керек. Ол кісінің ғажап ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекқорлығының арқасында Астананың құрылысы көз ілеспес жылдамдықпен қарқын алды. Президент Астанаға туған перзентіндей қарады. Тіпті жұмыс жаңа басталған алғашқы айларда түнгі сағат 2-ге дейін құрылыс басында немесе кеңседе жиналыс өткізетін. Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бас архитекторы ғана емес, сонымен бірге бас құрылысшысы да. Назарбаев Арқа төсінде Астанадай ғажап қала сала отырып, туған халқына қайталанбас ескерткіш соқты, қазақ халқының әлем жұрты алдындағы абыройын көтерді. Жер шары жұртшылығы Астанаға қарап, Қазақстанға, оның қайсар да еңбекқор, мейірбан халқына баға береді. Осылайша қазақ халқы ширек ғасырға жетер-жетпес уақытта жарқын болашаққа бастайтын алтын көпірін салып, тәуелсіз саясаттың дербес алаңын қалыптастырды. Осының арқасында Президент Астанаға әлемнің небір мықты деген мемлекет басшыларын ертіп келді. Нәтижесінде бізде қызыға да қызғана қарайтын дос көбейді.
Елбасы Астанада бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырды, Астанада Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына және Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясына төраға болды, Астана экономикалық форумы мен Шетелдік инвесторлар кеңесіне жетекшілік етті. Ал былтыр дүркіреп өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дүние жүзінің ірі мемлекеттері басшыларының арнайы келуі Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделін одан әрі айшықтай түсті. Астананың әлемдік қаржы орталығына айнала бастауы да – Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осындай ерен еңбектің арқасында бүгінде бүкіл әлем Астананы дүниежүзілік бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде мойындап үлгерді. Астана қазіргі таңда дүние жүзіндегі ең сәулетті қалалардың бірі болуымен қатар, өндірісі мен шағын және орта бизнесі қарыштап дамыған алып шаһарға айналды.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, 2004-2006 жылдарда Астана қаласының әкімі ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі

САРАБДАЛ САЯСАТТЫҢ ЖЕМІСІ

Ел астанасын Арқа жеріне көшіру мәселесі «қайт­сем де бір өзгеріс жасайын» деп, атүсті шешіле салған шаруа емес болатын. Президент Н.Назарбаевтың бұл тарихи шешімі Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасында алтын әріптермен жазылатын Ұлы оқиға болғанын бәріміз де мойындап отырмыз. Тек біз ғана емес-ау, бүгінде бұған әлем жұртшылығының көзі жетіп отыр. Бұған толып жатқан геосаяси, әлеуметтік-қоғамдық факторлар себеп болғанын қарапайым халық түсіне де бермеген сол кезде. Айталық, Алматы ондаған жылдар бойы үлкен қаржылық орталық, зиялы қауым топтасқан мәдени-рухани ошақ болғанымен, басқа аймақтардан тым алыс, елдің шетінде тұр еді. Осы себептен, ел ордасын халықтың ортасына қарай жылжыту қажет болды.
Бүгінде Астана Қазақстан мемлекетінің орталығы ғана емес, ол әлемдік деңгейдегі келелі басқосулар өтіп, бірегей шешімдер қабылданатын әлем картасында өзіндік орны бар, татулық пен келісім қаласы десек, ешкім дауласа қоймас.
Шындығын айтсам, Тәуелсіз Қазақстан елінің осы бір тарихи кезеңдерінде мен де Елбасының жанында болып, Астана қаласының дамуына аз да болса өз үлесімді қосқанымды тағдырдың берген сыйы деп түсінем. 2004-2006 жылдары Астана қаласының әкімі қызметінде жүріп бірталай келелі жұмыстардың басы-қасында болдым. Дәл сол кездері елордаға ерекше көрік беріп тұрған біраз ғимараттар бой көтерді. Қала күні мерекесі алғаш рет сол жақ жағалауда аталып өтілгені де есімде. Сол уақыттарда, 2005 жылдың 5 шілдесінде Астанада өткен мемлекет басшыларының саммитінде Астана декларациясына қол қойылып, антитеррорлық сипаттағы негізгі құжаттар Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасы бекітілген еді.
Тағы бір айта кетер жайт, өзім басшылық еткен жылдары ел ағаларымен ақылдаса жүріп Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысын да таңдап жүріп тағайындап едім. Осы жылдары бірнеше қазақ мектептерінің іргесі қаланып, есігі айқара ашылды. Кейін уақыт өте келе салыс­тыра қарап отырсам, бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астана тұрғындарының арасы жер мен көктей екен. Қазір ел ордасы әбден қазақиланған. Бұл да Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының бір дәлелі деп білемін.
Елбасы жаңа астананың орнын таңдауды 32 өлшем бойынша таразылаған екен. Соның ішінде еңбек ресустары да қарастырылған. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрі ретінде, мен бұл аймақтың дәл осы салаға қолайлы екеніне де көзім әбден жетті.
Әрине, ел мен жер аман болса, Қазақстанның халықаралық деңгейде әрі қарай дамып, керегесі кеңіп, шаңырағы биіктей берері сөзсіз. Біздер іргесін көтерген Тәуелсіз Қазақстан атты мемлекеттің тізгінен ұстайтын болашақтағы жас буын бүгінгі бағыттан ажырамаса екен дейміз.

Асқар Мамин, 2006-2008 жылдарда Астана қаласының әкімі ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары

АЛЫП МЕГАПОЛИСКЕ АЙНАЛДЫ

Астана небәрі жиырма жылда шағын қаладан республикамыздың үлкен мегаполисіне айналды. Астана көп ұлтты халқымызды Тұңғыш Президентіміздің, бір Тудың, бір мақсаттың, бір ұлы арманның аясына топтастырды. Соның нәтижесінде Есілдің сол жағалауынан әлемнің қызыға көз тігіп отырған ғажайып қаласы бой көтерді. Қала салу ол оңай болған жоқ. Мемлекет басшысының бақылауымен барлық зәулім ғимараттар мен мемлекеттік органдардың мекемелері, тұрғын үйлер мен мәдени, білім ошақтары рекордтық мерзімдегі жылдамдықпен салынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр кездесулерде: Астана! Бұл – ел мерейі! Мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне серпін берген бас шаһарымыз!, «Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі», «Астана келбеті – ұлт келбеті», «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі», «Жаңа Астана – тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны» деп үнемі ұран тас­тап, барлығымызды жігерлендіріп отырды.
Осыдан бес жыл бұрын Астана опера және балет театрында өткізілген салтанатты сәтте Мемлекет басшысы: – Астана келбеті – ұлт келбеті. Мен «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп бекер айтқан жоқпын. Ғасырлар тоғысында астанасын ауыстырған халқымыз небәрі 15 жылда осынау мыңжылдық қаланың берік іргетасын қалады» деп тебірене мәлімдеді. «Астана елімізге қуатты пассионарлық серпін берді. Ол Қазақстанның көпұлтты халқына өзінің ортақ тарихи тағдырының бірегейлігін сезінуіне, өз күшіне сенуіне септігін тигізді» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шындығын айтқанда, жаңа астанамыздың осыншалықты шарықтап көтеріліп, халықтар достығының ортақ отанына айналып қана қоймай, әлемдік Саммиттер өткізілетін халықаралық аренаға айналатындығын ешкім де болжап білген жоқ. Астана республикамызда құрылыс саласының, инновациялық және индустриялық бастамашылықтардың қайнаған қазандығына айналды. Оның ортасында Мемлекет басшысы мен білімді де жігерлі жастарымыз жүрді. Тәжірибелі көреген, мемлекет қайраткерлеріміз осы қазандықта шыңдалып, өсіп шықты.
Астана экологиялық «жасыл қаланың» шынайы үлгісін көрсетті. Елордасынан Бурабайға дейін жасыл шыршалар бой көтеріп, орман ағаштары отырғызылды. Оны аң-құстар еркін паналады. Соның нәтижесінде елордасының ауа райы өзгеріп, климаты жұмсарды. 2020 жылға дейін қала ішіндегі және елорда маңындағы жалпы көлемі 100 мың гектар аумаққа ағаш отырғызылады.Қазіргі таңда Астанадан тәжірибе жинақтаған жастарымыз өңірлердің белді де білімді мемлекеттік қызметкерлеріне айналып, аймақтарды елорданың үлгісімен дамытуға кірісті. Соның бір көрінісі – Шымкент қаласының республикалық дәрежеге ие болып, миллиондық асуды алғаны. Түбі түркі мемлекеттерінің төрі, рухани және мәдени орталығы болып табылатын көне Түркістанның қайта жаңғыруы – бұл біздің дамуымызға тың серпін беретін бастамалар. Қазір бірнеше облыс орталықтарында жаңа қалалар, әлемдік сипатта, заманауи үлгіде бой көтеріп келеді.
Отанымыздың жүрегі Астанымыз жасарып, жаңғыра берсін! Жаңа болашаққа бастасын! Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сү­йікті қаламыздың ғұмыры мәңгілік болсын!

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, 2008-2014 жылдарда Астана қаласының әкімі Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі

БАРЛЫҚ ЖОЛ ЕЛОРДАДА ТҮЙІСЕДІ

Астана – жаңа Тәуелсіз Қазақстанның өз қолымен орнатқан бірінші заманауи елордасы.
Әрине, өткен күннің еншісінде астаналар аз болған жоқ. Олардың қайбірін алсаң да, «күннің көзі үшін күнде күрескен» жанкешті заман мен «ырысы бүгін бүтін, ертең жырым болған» көшпелі адамның кезінде елді сақтап қалу үшін бір мезгіл ауысып отыруға мәжбүр болған қалалар. Иә, бас қала болғанмен, шынайы астана болмады. Тігілген үй болғанмен, ол үйде шалқайып қонақ күтетін күй болмады. Ал осы күні ше? Төрткүл дүниенің небір алпауыт елдерінің басшылары елордамыз­дың ақ босағасынан еңкейіп кіріп, марқайып шығып жатыр.
Тек осы 20 жылдың өзінде Астанаға әлемнің 70 мемлекетінің басшылары ресми сапармен келіп, Қазақ елінің қарымын көріп, ыстық ықыластарын білдіріп кетті. Соның ішінде көршілес Ресей президенттері – 12, Орталық Азия көшбасшылары – 17, Қытай төрағалары 10 мәртеден ат басын бұрып, осы жерде аймақтағы ауқымды шаруаның шешімдерін тапса, Астанаға арнайы келген Біріккен Ұлттар Ұйымының үш бірдей Бас хатшысы (Кофи Аннан – 2002 жыл, Пан Ги Мун – 2010 мен 2015 жылдары және Антониу Гутерриш – 2017 жыл) адамзаттың мәселесін көтеріп, күрмеуі көп сұрақтарды шешудің сара жолын ашты.
Ол да болса айнала түгел қызығушы пейілдеске де, қызғанушы тілеулеске де қазақты дербес ел ретінде танытып, үстем мерейі мен үлкен мәртебесін дәлелдейді.
Елордамыз Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытты. Қазақстан экономикасымен біте қайнасып дамып келе жатқан елорда – республикамыздағы кен орындарының, зауыттар мен фабрикалардың құрылуына, ауыл шаруашылығын қайта жаңғыртуға, білім беру, ғылым мен мәдениет салаларын дамытуға қомақты үлес қосып жатқан берекелі қала. Халықтар достығының символына айналып үлгерген іргелі орда. Қазақстанның барлық байланыс жолдары, темір жол, әуе қатынасы Астанада түйіседі.
Сондықтан, бұл – егемен елдің елдігін орнықтырып, тәуелсіздігін тұғырлы етіп келе жатқан мемлекетіміз үшін маңызы мол, халықты біртұтас бірлікке шақырар тарихи тағылымы терең мейрам.
Биыл бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойын барша қазақстандықтар айрықша салтанатпен атап өтетін болады. Осы жылдар ішінде Астана Еуразия кіндігіндегі сәні мен салтанаты жарасқан әсем шаһарға айналды.
Осынау мерейлі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!

Әсет ИСЕКЕШЕВ, 2016 жылдан бастап Астана қаласының әкімі

АСТАНАЛЫҚТАРДЫҢ «БАҚЫТ ФОРМУЛАСЫ»

Астана – күн сайын өзгеріп, түлеп келе жатқан шаһар. Бұл шаһарда аса ірі жобалар жүзеге асырылуда. Оның бас стратег-урбанисі, бас сәулетшісі – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасының қамқорлығымен елорда әр күн сайын ажарлана түсіп, жаңа технологиялар қарапайым адамдардың бақуатты өмір сүруі үшін енгізілуде.
Еліміздің бас қаласының әкімі қызметін атқарған екі жыл маған әлемдегі ең жас елордада соңғы жылдары болған барлық өзгерістер мен оқиғалардың қақ ортасында жүруге мүмкіндік берді. Қала бұрынғыдай өте жылдам қарқынмен өсіп келеді. Бұл жерге еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар көшіп келуге ұмтылады, осылайша ерекше субмәдениет қалыптасуда.
Астана еуразиялық кеңістіктегі жетекші орталықтардың біріне айналды. Бүгінгі таңда өз қаламызды одан әрі әдемі, таза, жайлы, қонақжай, қауіпсіз мекенге айналдыру үшін қолымыздан келген істердің барлығын жасауды жалғастырып жатырмыз. Қарапайым тұрғындардың бақуаттылығының не екенін білу, астаналықтардың өзінше «бақытының формуласын» анықтау үшін әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Күн сайын бізге астаналықтардан мыңдаған арыз-шағымдар, ұсыныс-тілектер келіп түседі. Қаланың шетінде немесе тура орталығында тұратын адамдарды қандай түйткілді мәселелер толғандыратынын жақсы білеміз. Мұндай қарым-қатынастың біз үшін маңызы аса зор. Өйткені біз әріптестік жүйе­сін дамытуға күш саламыз, себебі қатардағы азаматтардың өтініштеріне құлақ асып, бірлесе жұмыс істей отырып, «белсенді тұрғын» мәдениетін қалыптастырамыз.
Осындай тәсілдемені ескере отырып, Астананың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасына түзету енгіздік. Себебі бұл бағдарламаның басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру: бірінші кезекте өзіміз өмір сүретін ортаның сапасын жақсарту. Атап айтсақ, оған – баспана, қоғамдық көлік, экология, денсаулық сақтау, білім беру, адамдардың қауіпсіздігі, балалар бақшасы, спорт, тұрмыс жатады. Екіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың табысының өсімін қамтамасыз ету.
Шын мәнінде әрбір істі тұрғындардың көңілінен шығатындай етіп жүзеге асыруға тырысамыз. Біз барлық мәселелерді бір күнде немесе бір сағатта шешіп тастаймыз деп уәде бермейміз. Кезең-кезеңмен іске асырылатын түйінді мәселелер бар. Әлемдік тәжірибеге үңілетін болсақ, әрбір ірі мегаполистің басымдық берілетін және екінші кезекте атқарылатын жоспарлары болады. Барлығын бір мезетте қолға алып, жүзеге асырамыз деу – бекершілік. Қазіргі кезде қала әрқайсысына он мың адамнан келетін 100-ден аса секторға бөлінген. Әр шаршы метрде тұрғындарға қажетті: емханалар, мектептер, балабақшалар, аялдамалар, супермаркеттер, спорттық секциялар, балалар ойнайтын алаңқайлар, бақтар мен саябақтар сияқты нысандар болуы тиіс.
Әкімдік әрбір астаналық тұрғынның өтініш-тілегіне назар аударып, мүмкіндігінше нәтижелі іспен жауап қатуға барынша тырысады. Бұқара мен биліктің арасындағы мұндай жылы қарым-қатынас елордамыздың қонақтарына да өте жағымды әсер қалдыратынын сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды