«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – абат қала

0 66

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев кеше «Астана – ыңғайлы және қауіпсіз қала» жобасы шеңберінде қатарға қосылған бірқатар урбанистік нысандарды аралап көрді.

Қала басшысы әуелі «Гүлдер» бақшасына аялдады. Шаһардың ең бір шырайлы жері саналатын бақша жаяу жүргіншілер үшін ыңғайлы етіп жасалған. Мұнда болғанында елорда басшысы арт-нысан тұлғасындағы мекеннің қала тұрғындарына бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретінін сөз етті. Саялы саябақта спорт және балалар ойын алаңдары, фотосектор, үш автотұрақ бар. Бұл жерде, сондай-ақ, ескі тас төсемдер жаңа мозаика стиліндегі түрге ауыстыры­лып шыққан.
Әкім бұдан кейін Рысқұлбеков көшесіндегі №16 ме­кенжайда орналасқан «Алма» гүлбағының ашы­луына қатысты. Айта кете­тініміз, бұған дейін бұл алаң бос жатқан жер еді. Сосын аудан тұрғындарының көптен-көп өтініші бойынша гүлбағын салу қолға алынды. Аумағы 70 шаршы ­метрді құрайтын алқап үш аптаның ішінде әдемі көкорай кеңістікке айналып үлгерді.

Гүлбақта футбол алаңы, балалар алаңы, спорттық алаңдар, workout тренажерлер, балалар ойын-сауық аймағы, демалу аймағы, көгалдандыру, шағын сәулет нысандары орнатылған. Кеше гүлбақты мерекелік көңіл күй жайлады: осында келген балаларға алма таратылып, ересектер таңертеңгілік гимнастикаға қатысты.
Бұған дейін Астана күніне орай Абылайхан даңғылы бойындағы 10-үйдің аулаішілік абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Әкімнің айтуынша, аулалар қосымша автотұрақтармен, спорт алаңдары, демалу орындары, балаларға арналған ойын алаңдары, жарықтандыру аспаптары орнатылған.
Бір айтатыны, қазір Астанада 1,4 мыңнан астам аулаішілік алаң бар. Оның ішінен биыл 300-ге жуық ауланың жай-күйін нормативтік талапқа сай ету жоспарланып отыр.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды