«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Асқазан ауруын талғап ішкен ас жазады

0 136

Адамның асқазан-ішек, өт жолдарының, бауыр, ұйқы безі ауруларын анықтап, емін жасайтын дәрігерді гастроэнтеролог деп атайды. Асқазанға салмақ түскенде ас қорытуға арналған ферменттерді қабылдаған абзал. Ағзадағы өзгерістерді болдырмау үшін суды көп ішіп, майлы асты қорыту қиын екенін естен шығармаған жөн» дейді қалалық №13 емхананың гастроэнтеролог-дәрігері Меруерт Оспанова.

– Бүгінде ұйқы безін алып тастаған адамдар жиі кездесетін болды. Неліктен деп ойлайсыз?
– Күніне 4-5 адам осы диагнозбен алдыма келеді. Ұйқы безінсіз өмір сүруге болады. Бірақ өмір бойына сақтанып, асқазанға ауыр тамақтардан тартынып жүрген жақсы. Диета деген нәрсені көп адам түсінбейді. Жалпы, ұйқы безі миллион ферментке дейін бөліп шығарады. Жас кезінде жақсы жұмыс істесе де, уақыт өте келе сыр бере бастайды. Сол кезде препараттарды белгілейміз. Тағы айтатыны, мұндай дәрілердің қаптамасы болуы тиіс, өйткені ол асқазанға түскенде еріп кетеді де, керек жеріне жете алмайды. Ескеретін нәрсе, дәрі белгілі бір мөлшерде белгілі бір жағдайда ғана көмектеседі.
– Диета деген сөзді естігенде кірпідей жиырылатындардың бірі өзім. Егер күнделікті үйренген тамақты шектесек, немен қоректенеміз?
– Диета деп тұзсыз, майсыз, ащы емес, қуырылмаған тамақты айтып отырмын. Қиын ештеңесі жоқ. Мысалы, котлетті майға емес, буға пісіруге болады ғой. Тамақ жеп болғаннан кейін бірден жата кетуге болмайды. Артық салмақ жастардың бойында көптеп кездеседі. Бұл күнделікті аз қозғалатын әдетімізден, спортпен шұғылданбаудан болып отыр. Фастфуд сияқты тұз сіңген, майға батырылған тағамдарға үйірміз. Жұмысбасты болып, асты асығып жеп, шайнамай жұтамыз. Әйелдер өздерінің салмағын бір қалыпта ұстау­ға тырысса, ер-азаматтар тұлғасының сымбаттығына мән бермейді. Қырыққа жетпеген ерлердің қарындары жер сызып шыға келеді. Бұл жерде сыра ерлердің тез қарын байлауына алып келеді. Одан басқа бауырды май басып кеткендіктен семіздік пайда болады.
– Дұрыс тамақтанбаудан болатын асқазан ауруларының түрі көп пе?
– Атап айтқанда, ас қорыту органдарының ауруы гастриттен басталады. Дер кезінде емделмесе, эрозия, ойыққа айналып, обырға жеткізеді. Хеликобактер деген бактерия бар. Бұл бактериялар асқазанның эрозиясына алып келеді. Ол асқынса, асқазаннан қан кетіп ақырында хирургия­лық отамен алып тастау керек болады. Ал бактериялар асқазанға лас қолдан түседі. Ішуге жарамсыз судан, шикі тамақты жегеннен болады. Жеміс-жидекті алдымен ыстық суға содан кейін суық сумен жуу әдетіңізде бар ма? Жоқ. Ал құрғақ жемістерді сондай-ақ түрлі дәндер мен жаңғақтарды жуып көрдік пе? Жоқ. Оны шайып жіберіп, духовкада бір қыздырып алғанның зияны жоқ. Қолды қалай жууды көбіміз білмейміз де. Одан басқа да қауіпті паразиттер бар. Олар іште жиналып, өт жолын бітеп тастайды. Сол себепті өт жолы ауырып келгендері алдымен ағзасындағы паразиттерді анықтауға жіберемін. Оны да бірден табу оңай емес. Бүгінде ішектің паразиті лямблиоз жаста да, кәріде де жиі кездеседі.
– Қазір бәріміз жартылай емшіміз ғой. Өт жолын тюбаж жасап жуып жатамыз. Бұл қаншалықты орынды?
– «Тюбаж» түтікше енгізу деген мағына береді. Бұл әдіс арқылы бауырда жиналған өттің артығын тазалап аламыз. Өмірінде бір рет Сарыағашта шипажайда болғандар мұның не екенін жақсы біледі. Пациенттерге қажеттілік болса, өздігімен үйінде тюбаж жасауға рұқсат беремін. Бірақ арнайы дәрігерлік нұсқауды қатаң сақтаған жөн. Тюбаж жасағыңыз келсе, алдын ала жеңіл ас ішіп ағзаны дайындаған дұрыс. Сол күндері міндетті түрде жылы суды мол ішіңіз.
– Соңғы кезде түрлі медициналық орталықтарда ішекті жуу үрдіске айналып келеді. Оның да зияны жоқ па?!
– Мен дәрігер ретінде айтарым, мұндай процедураға қарсымын. Өйткені ішекте өзінің бактериялары бар. Жақсысы да жаманы да. Өзінің флорасы болады. Соның арасында тепе-теңдік болуы тиіс. Көбіне санаторийлерде, елордадағы кейбір орталықтарда жасайды. Менің алдыма осындай процедурадан өтіп, басына бәле тауып алғандар жиі келеді. Арнайы препараттар белгілеп, ішектің микрофлорасын қалпына келтіретін ем-шара жасаймын. Мен ішекті жууға кеңес бермеймін.
– Оны да үлкен дәреті жүрмей, ішек қатқан соң амалсыз жасайтын болар…
– Іш қату үлкен де, жаста да кездеседі. Жастардың іш қатуының себебі өт жолының тұнып қалуымен байланысты болып келеді. Мезгілімен дұрыс тамақтанбау да осыған алып келеді. Суды аз ішеді. Фастфуд, газдалған сусындардың пайдасы аз. Егде адамдардың іш қатуының себебі жасы келе ішектің жұмысын жақсартатын бұлшық еті әлсіздене бастайды. Мұндайда дәрігердің бақылауынсыз іш жүргізетін дәрілерді беталды ішуге болмайды. Оны тек дәрігер анықтайды. Жүйке ауруларында да бұл жағдай кездеседі. Сол себепті оның тамырын әріден іздеген жөн. Іш жиі қататын болса не жиі өтсе, нәжіске қан араласып шықса, іштің төменгі жағы қатты ауырып, салмақ жоғалт­саңыз, әлсіздік жайлап дене қызуы жиі көтерілсе, онда дәрігерге көріну керек. Деннің саулығы аса маңызды. Жылына бір рет іш құрылысын ультрадыбыстық тексеруден өткен дұрыс. Асқазан ауырмаса, ФГДС жасаудың қажеті жоқ. Бірақ 4-5 жылда зонд жұтып, асқазанның жайын да қадағалаған жөн. Қазіргі күнде егде адамдардың көбі қан қысымына, жүрек ауруларына тағы басқа созылмалы аурулардың алдын алу үшін күнделікті дәрі ішіп отырады. Оның салдары бар. Сол себепті бұл кісілер асқазанын жиі тексеріп тұрғаны жөн.
– Суға кеткен тал қармайды дейді ғой. Арасында емдік шөп ішіп те денсаулықты көтеріп тұруға бола ма?
– Менен шөп шәй ішсек қалай болады, қандай шөптердің жиынтығы пайдалы деп сұрап жатады. Бұған, әрине, тыйым жоқ. Бірақ шөп ағзаңызға жағатын болса, одан аллергия болмаса ішуге болады. Тағы ескеретін нәрсе, ас қорыту органдарының асқынуы болмағанда ғана пайдалы. Ең дұрысы, тағы да қайталап айтамын, диета – ас қорыту органдары ауруларының бірден бір емі. Және дұрыс тамақтануды қаперге алмай бұл аурудан жазылу мүмкін емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды