«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аспанды аңсаған ақын

0 48

Ұлттық кітапханада белгілі ақын, журналист Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған «Өшпейтін жыр жазамын» атты әдеби кеш өтті.

Көркем Көкшетауда өмірге келген ақын жасынан поэзияға ғашық болып, өлең өлкесіне ерте қадам басады. Алдымен аудандық, кейін облыстық, республикалық газеттерде наз­ды сазға толы жырлары жарияланып, оқырмандарға танылады. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтап, мерзімді басылымдарда қызмет атқарды.
Марфуға ақынның шығарма­шылығының ең бір жарқыраған шағы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін болса керек. Ел еркіндігі мен ой еркіндігі ақынға қанат бітіріп, өнімді еңбек етті. «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің, қайдасың?» деген жыр жинақтары жарық көрді. Бұл кітаптарға сыншылар қауымы да зер салып, салмақты пікірлерін айтты. Аузы дуалы ағалалары да ақынға жылы сөздерін аямады. Мәселен, Ақселеу Сейдімбек оны «Шынайы сезімнің ақыны» десе, Қойшығара Салғараұлы «Зерделі, ойлы ақын» деп бағалады. Айтпақшы, шайырдың орыстың атақты ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін өте сәтті тәржімалағанын айта кетуге болады.
Кеш барысында ақынның шығармашылығы туралы парасатты ойлар айтылды. Ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай, белгілі қаламгер Қорғанбек Аманжол сөз өрбітті. Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Бектемірованың өлеңдерін оқыды.
Марфуға ақын бір өлеңінде: «Арқа жақта елеусіздеу жыр жазып, Аспан жақты аңсап жүрген бір қыз бар» деп жазыпты. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында аспанды аңсаған ақынның екінші өмірі мәңгілікке ұласады деп сенеміз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды