«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ашық ақпаратсыз қоғам дамымайды

0 205

1 қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы «Ежелгі Рим» мейрамханасында жанжал шығып, оның арты топтық төбелеске ұласты. Спирттік ішімдіктер тұтынудан шыққан кикілжіңнің салдарынан 4 ер адам пышақ жарақатын алып, біреуі содан қаза болды. Облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 99-ыншы (кісі өлтіру) және 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Көп ұзамай құзырлы органдар адам өлтірді деген күдікпен 3 адамның ұсталғанын, біреуіне республикалық іздеу жарияланғанын жеткізді.


Біздің құзырлы органдардың бір кемшілігі – дер кезінде ақпарат бермейтіні. Сол себептен әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпарат тарады.
«Жекелеген тұлғалар жағдайды тұрақсыздандыруға тырысуда. Осы тақырыпты желеу ете отырып, олар азаматтарды және олардың жақындарын заңсыз әрекеттерге арандатуда. Әлеуметтік желілерде қоғамдық пікірді бұрмалауға бағытталған ұлт­аралық кикілжің туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратуда. Мұндай іс-әрекеттер Конституцияға және мемлекеттің ішкі заңдарына қайшы келеді» деп мәлімдеді облыс прокуроры Марат Сексембаев. Бұған қоса құзырлы мекеме «Қақтығыс екі топ арасында пайда болғаны және ол ұлтаралық алауыздық сипатында болмағаны туралы деректерге назар аударамыз, себебі екі топта да қазақ және басқа ұлт өкілдері болған. Азаматтарды үгіттеулер мен үндеулерге берілмей, тергеу органдары тарататын анық ақпаратты қадағалауларын өтінеміз» деген мәлімет берді.
Алайда анық, дәл, ашық ақпарат берілген жоқ. Болған оқиғаны көзімен көрмесе де, бір-бірінен естіген, әлеуметтік желіден оқып алғандар мәселені сан-саққа жүгіртті. Ашық, объективті ақпарат болған жерде халықты адастыру, арандату деген нәрселер болмайды. Қарағанды облыстық әкімдігі мен прокуратураның баспасөз қызметі «Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарының толықтай ашықтығын қамтамасыз етеді, тергеу барысы туралы барлық ақпарат БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады» деген мәлімдеме жасаумен шектелді. «Ақпаратты қорғаудың ең тиімді жолы – оны дер кезінде ашық тарату» деген қанатты сөз бар. Бірақ бізде сол кейде орындалмай жатады ғой.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды