ӘСЕТТЕЙ САЛ, ӘН САЛСАҢ

Арқада туып, Алтай асқан, ақыры дәм-тұзы Қытайдың Құлжа аймағында таусылған асқан әнші-композитор, құлашы кең ақын Әсет Найманбайұлының туғанына биыл 150 жыл толды. Әсет тойы өзі мекен еткен Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында, Түрксой ұйымының қолдауымен Түркияның Ыстанбұл және Анкара қалаларында тойланды. Қарағандыда әнші атында «Інжу-маржан» атауымен дәстүрлі әндер байқауы өтті. Алматыда музыкалық қойылым қойылды. Ал Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармония­сы жуырда елордадағы «Астана» концерт залында «Әсеттей сал, ән салсаң» кешін ұйымдастырды.

Кешке Ержан Тоқсабанов жетекшілік ететін «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі қатысып, филармонияның халық әні бөлімінің әншілері әсем әндерді әуелетті.
Әсеттің кең тынысты әндері кез келген өнерпаздың оң жамбасына келе бермейді. Әсіресе, «Қысметті» шыр­қау үшін әншіге қуатты дауыс керек. Концертті осы әнмен ашқан Данияр Мұқан көрер­мендердің қошеметіне бөленді. Әрі қарай әнші осы қарқынмен «Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуын» салды. Классикаға айналған бұл туындыны да орындау­шы жақсы алып шыға білді.


«Мақпал» әнінің бірнеше нұсқасы бар. Оның бір нұсқасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханқызы, тағы біреуін Әйгерім Нартуеева тамылжыта шырқады.
Әсет Найманбайұлы әндерін елге жеткізген – көрнекті әнші, композитор, Қазақ КСР Халық әртісі Дәнеш Рақышев. Әсет мектебін қалыптастырған да сол кісі деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Қазір Дәнештің шәкірттері де Әсеттің әндерін шырқап жүр. Айтып қана қоймай, соңынан ерген жас әншілерге үйретіп жүр. Солар шықты сахнаға. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ «Інжу-маржан» әнін классикалық стильде шырқап, кешті түйіндеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

Ақселеу аманаты

Көбіне санамызға сия бермейтін құдірет сырын тар түйсікпен түйіндей салатынымыз бар. Осындайда өмір жалғастығын өзінше …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған