Четверг, 29 Июнь 2017
-->

Әсет ИСЕКЕШЕВ: Көктемгі су тасқынына барынша дайындалуымыз керек

Осы қыста қар әдеттегіден едәуір қалың түсті. Алдымызда көктемнің келе жатқанын ескерсек, әлі талай шаруа атқарылуы керек. Осы мәселеге қатысты қала басшысы Әсет Исекешев елорда әкімдігінде жиын өткізіп, су тасқынының алдын алу шараларын пысықтады.

erm_0008

Астанада бұрын-соңды бұлай қар көп жаумаған. Былтырғы маусымда жиналған қардың жалпы көлемі 2,9 млн текше метрді құраған. Ал биыл қазірдің өзінде 3 млн текше метр қар шығарылып қойды. Бұл – қазан айының 13-інен бергі жұмыстың есебі. Алда әлі қыстың біраз жататынын ескерсек, шығарылатын қар 5-5,5 млн текше метрді шамалауы мүмкін.
Қыс басталғалы коммуналдық қыз­меткерлердің қолынан күрек түскен жоқ. Күні-түні үзіліссіз қар күреу жұмыстарына 2,7 мың адам жұмыл­дырылып, механикаландырылған тазалыққа 2 мың бірліктен астам арнау­лы техника тартылған.
Күн райы күрт өзгеретін шаһарда бірде аяз, бірде боран. Синоптиктердің мәліметі бойынша, мұндай қар Астанада соңғы он жылда түспеген екен. Сондықтан алдағы күннің ауа райы қалай құбылатынын нақты болжау қиын. Тұрғындарға қаһарына мінген қыстың тағы екі айына шыдауға тура келеді.
Астана әкімі Әсет Исекешев қала ауа райының тосын мінезіне тас-түйін дайын болуын, ең алдымен көктемгі су тасқынының алдын алу керектігін атап айтты. Сондықтан су басу қаупі бар тұрғын алаптары, әсіресе, жеке тұрғын секторлары ерекше қадағалануы қажет.
Жиында қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Закарьянов 2017 жылы Астана қаласының аумағында көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларының Кешенді жоспары бекітілгенін мәлімдеді.
– Аудан әкімдеріне басқармалармен бірге тұрғын алаптарының, әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысандардың, қонақ­үй кешендерінің, құрылыс алаң­дарының және ШОБ нысандарының қарын тазартуын қадағалауды тапсыру қажет. Коммуналдық шаруашылық бас­қармасы Төтенше жағдайлар департа­менті және аудан әкімдіктерімен бірлесе проб­лема­лық аймақтар анықтап, ситуа­циялық схеманы әзірледі, – деді Төлеген Закарьянов.
Сонымен қатар, Коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы қолға алынуы керек бірқатар шараларды атады. Ол алдымен жаңа Теміржол вокзалы аймағындағы жағдайға тоқталды. Бұл маңайда Есіл өзенінде арна құрылысы аясында салынған 2 технологиялық өтпе жолды алып тастау қажет, сондай-ақ, су бөлу бөгеті салынып жатқан аймақта тасқын сулардың өткізгіштігін арттыру мақсатында су өткізу каналын кеңейткен дұрыс. Оған қоса, Майбалық өзенінің арнасын 6 метрге дейін кеңейтіп, сол жағалаудағы бөгеттерді нығайту керек және Есіл өзенінің арнасын ұлғайтқан жөн. Гидротехникалық құрылыстар жүргізуді бастау мен өзен арналарын тазарту да маңызды.
Қазір елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су басу қаупі бар аймақтарды аралауға кірісіп кетті. Тұрғындарға жеке меншігіндегі аумақты тасқыннан сақтандырудың қарапайым ғана жолы аулаларындағы және үйлерінің шатырындағы қарларды уақытылы тазарту екені түсіндірілді.
Аймақтарды аралау барысында Кіші Талдыкөлде жиналған сулар­ды ағызып бұрып жіберу және Тұран даңғылының бойымен бөгет көтеру жағы қарастырылды. Мамандар атал­ған шаралар су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды реттеуге септігін тигізетініне сенімді.
Күн нақты қай уақытта жылынатыны белгісіз болғандықтан, елорда әкімі аяқ астынан су басу қаупінің туындауын және қардың күрт еруін ескеру керектігін жеткізді. Оның айтуынша, ағымдағы жылы су тасқынына қарсы шараларға алдағы ЭКСПО көрмесіне мән бере отырып, бюджеттен 1,3 млрд теңге қарастырылды.
– Біз алдымыздағы көктемгі су тасқынына барынша дайындалуымыз керек. Сондықтан судың көтеріліп, тұрғын үйлер мен басқа нысандарды су басуына жол бермеу үшін тас­қын­ға қарсы жоспарды нақтылап, іс-шараларды қаржыландырумен қамтуды ұсынамын. Тасқынға және басқа да төтенше жағдайларға тас-түйін дайын болуымыз үшін атқарылуы керек істің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Әсет Исекешев.
Қалабасы елорданың үш ауданына аудан әкімдерінің жетекшілігімен кеңейтілген жұмыс тобын құруды және су өткізгіш жасау мәселелерін пысықтауды, аудандарды қажетті жаб­дықтармен қамтуды тапсырды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*