«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арысқа көмек жалғасып жатыр

0 29

Арыстағы апаттан зардап шеккен халықты қолдауға бағытталған көмек әлі жалғасып жатыр. Жуырда «Нұрлы Астана» корпоративтік қоры елордалық кәсіпкерлерге үндеу жариялап, арыстықтарға көмек беруге шақырды. «Зардап шеккен қаланың 9-шы секторындағы тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіру Нұр-Сұлтан қаласына жүктелді. Бұл секторда 700-ге жуық үйлер бар. Елордалық 15 құрылыс бригадасы палаталық лагерьде орналасып, 2 төрт қабатты, 58 екі қабатты үйлерді қалпына келтіруде. Нұр-Сұлтандағы кәсіпорындар мен ұйымдардан әлі де қаражат жиналуда. Мұндай қиындық әркімнің басына келуі мүмкін. Сондықтан көмек қолын созайық» делінген аталған қор таратқан хабарламада.
Қаржы министрлігі Арыс тұрғындарын 2019 жылдың соңына дейін салық төлеуден босатты. Қарызы бар салық төлеушілерге салығын бөліп төлеуге немесе кейін төлеуге мүмкіндік беріледі. Ол үшін салық төлеушілер мүлкін немесе банктегі кепілдемесін кепілге қоюы қажет. «Каникул» кезінде арыстықтарға өсімпұл қолданылмайды. Бұған қоса, оларға салықты өндіруде мәжбүрлеу шаралары мен тәсілдері қолданылмайды. Мемлекеттік кірістер комитеті Арысқа салық бақылауын жүргізбейді. Мұндай жеңілдіктер Арыста тіркелген 792 заңды тұлғаға, 3085 жеке кәсіпкерге және 65 465 азаматтық тұлғаға қатысты болмақ.
Арыстағы Halyk Bank салымшыларына қарызы бойынша жарты жылға дейін негізгі несиені төлеу кейінге шегерілді. Банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қаржы институтының басшылығы Арыстағы банк салымшылары мен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қарыз бойынша ақы төлеуді тоқтатты. Шілде айының басындағы ахуал бойынша, Арыста Halyk Bank-тің 3 639 салымшысы бар екен, олардың банкке жалпы қарызының көлемі 3,3 млрд теңгеден асады.
Еуразиялық топ (ERG) басшылығы апаттан зардап шеккендерге 400 млн теңге көлемінде жәрдем береді. Бұл туралы Еуразиялық топтың (ERG) баспасөз қызметі хабарлады. «Еуразиялық топтың басшылығы апаттан зардап шеккен қаланың тұрғындарын қолдау мақсатында компанияның бюджетінен 400 млн теңге ақша бөліп, арыстықтарға жібереді» делінген хабарламада.
Арыс арқылы өтетін пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді. «Жолау­шылар тасымалы» АҚ-ның басшылығы жолаушыларды тасымалдау үдерісіне көмек бергені үшін Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктеріне, меценаттар мен волонтерлерге, сондай-ақ ІІМ-нің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетіне алғыс білдірді. Компанияның баспасөз қыз­меті таратқан мәлімет бойынша, төтенше жағдай болып жарияланған, 24-27 маусым күндері Тараз, Шымкент, Түркістаннан келген пойыздармен және автобустармен 15 мыңнан аса жолаушы жеткізілген. Қарбалас күндерде кассалардан билет алған жолаушылардың 50 млн теңгесі өздеріне қайтарылған. Айта кетелік, Арыстағы апат кезінде пойыздардың қаңтарылып қалуынан 8 мыңнан аса жолаушылар вокзалдарда қалған болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды