«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арыс. Біз біргеміз!

0 67

 Арыста болған апаттың салдарынан жан-жаққа көшірілген қала тұрғындары біртіндеп үйлеріне қайта бастады.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің шұғыл қабылдаған шешімдері арқылы жүзеге асырылып жатқан шаралардың нәтижесінде Арыс қаласындағы жарылыстан зақымданған нысандар қалпына келтіріліп жатыр. Бүгінде қала аумағы 17 секторға бөлінген. Әр секторда облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан келген құрылысшылар жөндеу жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар апаттан зардап шеккен тұрғындарға материалдық және гуманитарлық көмек көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыс­тық заттар таратылуда. Еріктілер тарапынан медициналық көмек көрсетілуде. Мектеп оқушылары үшін еліміздің аймақтарында демалыстар ұйымдастырылуда.
Кешегі мәлімет бойынша Арыс апатына байланысты құрылған «Түркістан» әлеуметтік корпоративтік ­қорының есебіне 1 миллиард теңгеден аса қаражат түскен.
Қорыта айтқанда, республика жұртшылығы Арыс қаласының тұрғындарына қолдау білдіріп, қайырымдылық пен қамқорлықтың өнегесін көрсетуде.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Қазақстан
Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты:

АРЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙ – БІЗГЕ АЩЫ САБАҚ

– Арыстағы қару-жарақ қоймасы Арыс стансасына өте жақын орналасқан. Сондай-ақ ол – тоғыз жолдың торабында орналасқан стансалардың бірі. Пойыз көп жүреді, халықтың да көп шоғырланған жері. Сондықтан бұл жердегі қауіпсіздік қатаң қадағалануы керек еді. Адамның өмірінен, адам өмірінің қауіпсіздігінен артық не бар?! Одан қаржы аяуға бола ма?! Арыстан 40 мыңнан астам халық көшірілді. Бұдан бұрын Қазақстан тарихында мұндай жағдай болған емес. Бұл бізге ащы сабақ болды. Қару-жарақ қоймалары Қазақстанда жеткілікті. Полигондарымыз да бар. Арыстағы оқиға екінші рет қайталанбауы үшін олардың бәрін тәртіпке келтіру керек.

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,
республикалық Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары:

БІРЛІК РУХЫМЫЗДЫ ОЯТТЫ

– Бейбіт күнде ел тыныштығын бұзған Арыс оқиғасы мұқым қазақ жұртын елең еткізді. Қандастарымыздың басына төнген қауіптің азабы мен зардабы бәріміздің жүрегімізді ауыртқаны рас. Арыс тұрғындары тасыр-тұсыр жарылыстан түс көргендей шошып оянып, не істерлерін білмей абдырап қалды. Аласапыран күйге түсті.
Біз үшін адам өмірі – басты құндылық. Сондықтан әр адамның өмірін сақтап қалуға тырысу – бізге тәңірдің берген ұлы аманаты әрі азаматтық борышымыз. Осындай елді есеңгіреткен өте ауыр шақта халық бір кісідей жұмылып ауызбіршілік, бауырмалдық танытып жатқаны – көңілге демеу боларлық жайт. Әркім бейтарап қалмай, қал-қадірінше қол ұшын созып жатқаны қазақтың мейірбан, кеңпейіл мінезін тағы бір дәлелдеп берді. Бәрінің бірлік рухы оянды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер жөнелтіліп жатыр. Ақпарат көздерінің айтуынша, жарылыс болған қаланың тыныштығын қорғауға 588 сарбаз бен 345 полиция қызметкері де атсалысып жатқан көрінеді. Бәрі де азаматтық борышын адал өтеуге тырысып бағуда. Адамдардың бойынан имандылық, жомарттық көріп сүйсініп жатқан жайымыз бар. Енді қайтіп қазағым күйзелмесін деймін!

АЛЫСТАН КЕЛГЕН АҒАЙЫН ДА ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ

Біздің халықтың ел басына күн туса, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұдырықтай жұмылатын қасиеті бар. Сол берекелі бірлігін отандастарымыз осы жолы да көрсетті. Арыс халқына біреу ақшасын, біреу заттай көмегін көрсеткен сауапты жұмысқа алыстан келген қандастар да қатардан қалмай, белсенді атсалысты.

Арыста жарылыс болған соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытайдан келген 20-ға жуық кәсіпкер азамат ұйым­дасып, «Қаһан» құрылыс компаниясы атынан 1 миллион теңге қаржы жинапты. «Арыстағы жағдай – бүкіл Қазақстан халқының басына түскен сынақ. Тіпті бүкіл дүние жү­зіндегі қазақтар Арыс хал­қының тағдырына алаң­дау­шылық білдіріп жатыр. Біз елім, жерім деп келдік. Ендеше ағайындардың басына қиыншылық түссе, шетелден келген әр қазақ қол қусырып қарап отырмақ емес, біздің қанымыз да, жанымыз да бір. Бізді осы идея біріктірді» дейді Қытай қазақтарынан шыққан кәсіпкер азамат Ербосын Нұрмұқанұлы. Ербосынның айтуынша, құзырлы орындар қазір Арыс тұрғындарына ақшадан гөрі тұрмыс бұйымдары қажет екенін айт­қан соң, жиналған ақша­ға азық-түлік, тұрмыстық ке­рек-жарақтар алып, көлікке тиеп, апат болған өңірге тікелей жіберіпті. Қайырымды­лық жасау қанына сіңген қандастар алдағы уақытта қажет болса, тағы да көмек беруге дайын екенін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды