«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арқаның арқалы перзенті

0 109

«Қазақстан» орталық концерт залында қалалық әкімдіктің мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен қазақтың ән өнеріндегі алып тұлғаларының бірі, ақын, композитор Біржан салдың шығармашылығына арналған «Айбозым» атты концерт өтті.

Арқаның әншілік мектебінің басында Біржан сал бабамыз тұрады. Дауысы тұнық күні жеті қырдан асатын талантты тұлғаның ақындығы мен композиторлығы да ерен. Көзі тірісінде елдің шынайы ықыласына бөленген әншіге халық «сал» деп атақ берген. Оның шығармалары ұлттық өнердің інжу-маржаны саналады. Біржанның әншілік мектебі де қазақ музыкасын биік белеске көтерді. Одан нәр алған қаншама таланттар түлеп ұшты.
Былтыр жыл соңына таман Елбасының Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып өзгерді. Бұл жағымды жаңалық біртуар өнерпаз туған елдің еңсесін бір көтеріп тастады.
Кеш шымылдығын Жақсыгелді Маясаров «Айтбаймен» ашты. Дарынды әнші салдың ғашығына арнаған назын нақышына келтіріп шырқады. Одан кейін сахнаға қалалық филармонияның камералық хор мүшелері шықты. Хор құрамында 38 адам бар. Оның көркемдік жетекшісі және дирижері – ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмира Құттыбадамова. Жанды дауыста хор мүшелері әйгілі әншінің «Көкек», «Алқаракөк», «Бурылтай», «Ғашығым», «Ләйлім шырақ», «Ақ жорғажан» әндерін орындады. Біржанның шығармаларын домбырада ғана емес, заманауи өңделген нұсқада тыңдау – бір ғанибет. Хор мүшелерінің бір леппен басталған ыңылы бірте-бірте әннің ырғағымен жоғары көтеріліп, мың түрлі әуезге бөленді. Құдды жазғы бақтағы неше түрлі құстардың дауысына ұқсады. Адамды бір сиқырлы күшпен тарта жөнеледі. Осы ретте шығармаға өзгеше леп беріп, хорға өңдеген Г.Ахметова, Д.Мацурин, Г.Бекбосынова, К.Боранбаева, С.Бәйтереков және Б.Демеуовтердің еңбегін айта кеткен жөн.


Концерт барысында «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы өнер көрсетті. ҚР еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева Біржан сал мен Үкілі Ыбырайдың әндерін шырқап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.


Халықаралық байқаулардың лауреаты Данияр Мұқан да атақты композитордың екі-үш әнін шырқады. Сондай-ақ, Жаяу Мұса, Ақан сері, Сәкен Сейфулиннің туындылары орындалды.


Көрнекті ғалым Ахмет Жұбанов «Біржанның әндері – бұл оның өмірінің шежіресі, яғни өміріндегі оқиғалары мен кездесулері әндерінің пайда болуына себеп болған» деп жазады. Шындығында солай. Кеш соңында хор мүшелерінің Данияр Мұқанмен бірге орындаған бірегей әншінің өзі өмірінен сыр шерткен философиялық «Теміртас» әні жанымызды мұңлы күйге бөлеп, жанарымызға жас үйірді. Бір сөзбен айтқанда, Арқаның арқалы перзенті Біржан салдың шығармалары елорда төрінде салтанат құрды.

Азамат ҚҰСАЙЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды