«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АРМАНЫМЫЗ АСТАНАМЕН АСТАСҚАН…

0 106

Елордамыз көз ілеспес жылдамдықпен көркейіп келеді. Енді біраз жылда әлемнің айтулы қалаларының бірі болатынына бек сенімдімін. Он шақты жыл бұрын ғана әлем елдерінің кейбірі Қазақстанды білмек түгілі, естімеген болса, бүгінде «Астана» десе, елімізді бірден таниды. Бұл – өткен жылы елімізде өткен ЭКСПО Халықаралық көрмесінің бірден-бір жемісі деп білемін. Иә, бұл айтулы шара ұйымдастырылмас бұрын, Қазақстан өзге қырынан да танымал еді. Осы орайда басымнан өткен бір жағдайды айтқым келеді. 2015 жылы кезекті іссапармен Италияға бардық. Бұл – Мемлекет басшысының Милан қаласына жасаған мемлекеттік сапары-тын. Әдеттегідей, шарадан бірнеше күн бұрын сол жаққа жетіп алған біз (түсіру тобы) сән әлемінің отаны саналатын шаһарды араладық. Таксимен жүруімізге тура келді. Көлікке отырдық. Италиялық жүргізуші біздің басқа елден келгенімізді бірден аңғарып, әңгімеге тартты (әңгіме ағылшын тілінде өрбіді)

   – Қай жақтан келдіңдер?

   – Қазақстаннан.

   – Ол қай жақта?

   Іштей қалай түсіндірсем екен деп ойланып келемін. Бір уақытта:

   – Астана туралы естуіңіз бар ма? – дедім.

   Жүргізуші бірден:

   – Астана! Иә-иә! Назарбаев, Винокуров, «Астана Арланс», – демесі бар ма?

   Қуанғанымнан төбем көкке жетуге аз-ақ қалып:

   – Иә, біз сол жақтанбыз. Астана Қазақстанның бас қаласы, ал Нұрсұлтан Назарбаев – біздің мемлекетіміздің Президенті, – дедім. Ол елордамызды теледидардан көріп, аз ғана уақытта жазық жерге жаңадан салынған қала екеніне таң қалыпты.

   Кеудемді қуаныш кернеп, шетелдегі қарапайым xалықтың біздің Астанамызды танып жатқаны – жетістік, мақтаныш деген ой түйдім. Қиялымның қанатына «мініп», оқушы кезімде армандаған Астанама «тәуекел» деп келгеніме сол кезде тағы бір риза болдым. Себебі жеті жыл бұрын туған қалам Семейді қиып, ешкімім жоқ жерге келу шыны керек, оңай болмады. Сарыарқаның сары аязына тоңып, үй-күйсіз жүрген кезде Астанаға деген маxаббатым, онымен байланысты армандарым ұстап қала берді. Көп кешікпей елордам оған деген маxаббатымды қабыл алып, өмірім түбегейлі өзгерді. Бас қаламыздың белді «Астана» телеарнасына жұмысқа қабылдандым. Еңбектене жүріп, шаһардың тыныс-тіршілігін тез арада зерттеп, танып үлгердім. «ОРТ-Евразия» телеарнасында істеп жүріп Президентіміздің мемлекеттік, ресми сапарларынан xабар тараттым. «Сырт көз – сыншы» демекші, іссапарларға шыққанда біздің мемлекет жайлы көп естиміз. Шынымен де, шекара асқан сайын барған жердегі халықтың біздің елге деген қызығушылығы зор екенін байқадым. Сондай бір жағдаймен бөліссем деймін. Қырғызстанның астанасы Бішкекте болдық. Көшеде түсірілім жасап жүріп, саудагермен тілдесіп қалдым.

   – Сендер бақыттысыңдар, – дейді.

   – Түсінбедім? – деп, таң қалдым.

   – Сен қазақсың ба?

   – Иә…

   – Ендеше, дұрыс айттым. Қазақ xалқының бағына Нұрсұлтан Назарбаевтай басшы бұйырды. Алпауыт елдер Қазақстанды мойындады. Көптің көргісі келетін Астаналарыңыз бар. Ең бастысы – бейбітшілікте өмір сүріп жатырсыздар…

    Ойланып қалдым. Рас, іште жүріп барымызды байқамаймыз. Қанша адам біздегі бейбіт өмірді аңсап жүр десеңізші?!

   Тағы бір мысал. Ресейдің Астраxань қаласында қазағымыз көп. Кезекті бір сапарымызда сондай бір қандасымыз қазақ екенімізді көріп, қасыма келіп танысты. Елуді еңсерген ел ағасы. Сол жақты бұрыннан мекен еткен екен. Бала кезінен әкесі: «Біздің Отанымыз – Қазақстан!» – деп үйретіпті. «Отаныма оралу – арманым», – дейді. Әсіресе еліміздің бүгінгі жағдайына қызығып, ел аузында жүрген әсем қала Астананы көргісі келетінін айтты. Жыл өткен сайын мұндай азаматтардың көбейетіні сөзсіз. Ал біз сияқты Астанаға арман қуып келген жастар бас қаламыздың көркеюіне тамшыдай болсын үлесін қосуы тиіс. Ойлап отырсам, Астанаға келген жеті жылда жеткен жетістіктерім аз емес екен. Өмірімдегі маңызды шешімді де осында қабылдадым. Астанада некеге тұрып, шаңырақ көтердік. Бүгінде екі балалы анамын. Орындалмастай көрінген арманымызға қол жеткіздік. Баспаналы болдық. Ендігі мақсатымыз – еліміздің бас қаласында тамыр жайсақ, балаларымыз осы шаһарда өсіп-жетсе дейміз. Ал өзіміз Астананың өркендеуіне барынша үлес қосқымыз келеді. Елордамыз қанат жайып келеді, онымен бірге астаналықтардың да саны артуда. Астананың болашағы зор.

Айжан ІЛИЯСҚЫЗЫ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды