АРЛАНДАЙ, ТАРЛАНДАЙ БІЗДІҢ ЖІГІТТЕР…

«ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесі аясында ұйым­дастырылған айшықты шараның бірі «Кәсіпқой бокс кеші» болғаны сөзсіз. «Сарыарқа» велотрек сара­йында Қанат Ислам бастаған қазақ жігіттері қарсылас шақ келтірмей, тоғыз жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өткен бокс кешіне Астана қаласының әкімдігі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және басқа да бірқатар компаниялар қолдау көрсетті. Бұл кештегі ең басты жекпе-жек орта салмақтағы WBA Inter-Continental және WBO NABO нұсқалары бойынша чемпиондық атақ үшін өтті.

Басты жекпе-жек алдында кәсіпқой бокста таныла бастаған қазақ жігіттерінің қатысуымен сегіз айқасты көрдік. Шаршы алаңға алдымен көтерілген астаналық Мейірім Нұрсұлтанов осы кешті тамашалауға жиналған жанкүйер қауымды ерекше қуантты. Ол кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 15-інде жеңіске жеткен бразилия­лық Исмаил Буеномен қолғап түйістірген еді. Алайда біздің Мейірім қарсыласын бірінші раундта-ақ ауыр соққының астына алып, шаршы алаңның сыртынан бір-ақ шығарды.

Осыдан кейін қалың жанкүйердің қызу қолдауына ие болған қазақ жігіттері бірінен соң бірі қарсыластарын жеңе берді. Тек «Нью-Йорк» полицейі атанып кеткен Димаш Ниязов, «Қазақ баласы» – Жанқош Тұраров және әуесқой бокстан әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханов өз қарсыластарын ұпай санымен ұтты.

Ал ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев аргентиналық Андреас Матиесті жекпе-жек соңына дейін шыдатпай, айқын басымдылықпен жеңді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Жаңабаев пен Айдос Ербосынұлы өз қарсыластарын нокаутпен тізе бүктірді.Осылайша, арландай, тарландай деп үкілеген жігіттеріміздің бәрі үмітті ақтады.

Ал бокс кешінің басты жекпе-жегіне шыққан Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук шаршы алаңға көтерілгенде, барша көрермен орнынан тұрып қошемет білдірді. Екі нұсқа бойынша әлем чемпионы атағы бәске тігілген ресми жекпе-жек болғандықтан, алдымен Канада және Қазақстан әнұрандары шырқалды.

Осыған дейін кәсіпқой бокста 18 жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңімпаз атанған Кук, шынымен, оңай қарсылас болмай шықты. Ара-тұра алға ұмтылып, Қанатқа кәдімгідей қарсылық көрсете бастады. Ал біздің «QAZAQ» болса өзінің айла-тәсілінен айнымай, бірінші кезекте Брэндонның бүйрек-бауырынан нөпірлете соғып, қарсыласының тынысын тарылта түсті.

Бұл тактиканың нәтижесі үшінші раундта көрінді. Қанаттың кезекті ауыр соққысынан кейін Брэндон бүгіліп қалды. Бұл – бірінші нокдаун! Қанаттың осы сәтте-ақ жекпе-жектің тағдырын шешіп тастайтын мүмкіндігі бар еді.

Алайда Кукты гонг құтқарып қалды. Сөйтіп, үзілісте есін жинап алған канадалық боксшы жанкештілігін дәлелдей берді. Бесінші раундта «Бұзық бала» лақап атын жамылған Кук тағы да Қанаттың ауыр соққыларына тап болып, шаршы алаңның арқанына шырмалып, тізерлеп отыра қалды. Төреші есеп ашты. Екінші нокдаун! Сегізінші раундта Брэндон тағы да құлады. Үшінші нокдаун! Ал тоғызыншы раундта қарсыласының әбден титықтап әлсірегенін сезген Қанат «мәселені» шешуге кірісті. Маңдайдан, тұмсықтан және шықшыттан бірнеше соққысын қатар дарытқаны сол еді, Кук теңселіп кетті.

Қанат тағы бір соғуға ұмтылғанда, төреші араша түсті. Екі қолын айқастыра көтеріп, жекпе-жекті тоқтататынын білдірді. Өйтпегенде Кук сілейіп қататындай еді. Осылайша, Қанат Ислам техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл – қазақ боксшысының кәсіпқой рингтегі 25-жеңісі, 20-нокауты.
Сонымен, WBA Inter-Continental және WBO NABO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие болған Қанат Исламның бірінші орта салмақтағы рейтингі 25-орыннан 12-орынға көтерілді. Демек, кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген қазақстандық былғары қолғап шеберінің ендігі қарсыластары оңай шағылатын жаңғақ болмайтыны сөзсіз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Сонымен қатар

ЕЛ ЕЛОРДАСЫМЕН ЕҢСЕЛІ

Елбасының астананы Алматыдан Арқа төсіне көшіру туралы шешімі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы ұлы мақсаттардан туындаған көрегендік …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған