«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Архив – тарих тамыршысы

0 50

Қазақ елінің тарихы сонау заманнан тамыры тереңге жайылған, табиғи қойнаулары, мәдениетке және салт дәстүрге өте бай ел. Киелі жеріміздің көне тарихына, ұлан-байтақ жеріне, дархан даласына тамсанбайтын ел жоқ. Бірлігі мен татулығы жарасқан елде көп ұлт өкілдері бас қосып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде тыныштық пен татулық орнап, мемлекетіміздің өркендеуіне арналған бірегей жоспарлар мен бағдарламалар оң нәтижелерін беруде.

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «…Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын…» деп атап өтті. Сондай-ақ мақалада Ұлттық сана, бәсекелік қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Қазақстанның қазіргі ең маңызды рухани құндылықтары айқын көрініс тауып, жалғасы жаңа бастамаларға ұласты.
2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шетел мемлекеттерінің архивтері, кітапханалары мен ғылыми мекемелерінде Қазақстан тарихына қатысты архивтік құжаттар мен мате­риалдарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді, нәтижесінде елдің Ұлттық архив қорының құрамы мен мазмұны байыды. Еліміздің өткен тарихынан сыр шерткен құнды тарихи архивтік құжаттар, қолжазбалар, раритеттік басылымдар мен кітаптарды айқындау және иелену бойынша Ресей, Қытай, Египет, Түркия, Армения, Өзбекстан, Шығыс және Батыс Еуропа елдері, АҚШ архивтері, кітапханалары мен ғылыми мекемелеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Ғылыми-зерттеу нәтижесінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағаттар комитеті «Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты» ММ шетел мемлекеттері: Армения, Венгрия, Египет және Түркия архивтері, кітапханалары мен ғылыми мекемелерінен алынған құжаттар мен материалдардың көшірмелерін тапсырды. Бұл «Шетел мемлекеттерінің мұрағаттары, кітапханалары және ғылыми мекемелерінен алынған құжаттар көшірмелерінің коллекциялары» Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ең құнды қоры болып табылады. Құжаттар қағаз күйінде, сандық форматта, таспа жеткізгіштерінде сақталады. Бұл құжаттардан қазақ хандығының Цин империясымен қарым-қатынасы туралы, Қайып Мұхаммед ханның Османлы империясының басшысымен Оңтүстік Түркістанда бейбітшілік пен тыныштықты сақтау жөніндегі хат алмасуы, Сібір губернаторы П.Бутурлиннің Әбілқайыр ханға тұтқындармен алмасу туралы жазған хаты, бүкіл Орынбор шекаралары, бекіністері, редуттер көрсетілген жалпы картаның сызбасы, Ақмола аймағында бекіністер салу туралы және С.Асфендияров, А.Оразаев, Т.Рысқұлов, А.Серғазиев, С.Есқараев секілді мемлекет қайраткерлері жайлы қызықты мәліметтерді кездестіруге болады. Бұл коллекцияда сол сияқты Т.Рысқұловтың «Түркістандағы ашаршылық» туралы баяндамасының көшірмесі, М.Шоқайдың архивінен алынған кітаптары, ол туралы естеліктері, отбасылық альбомнан фотосуреттері кездеседі.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2018 жылдың 21 қарашасында шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғыр­туды бірнеше жобалар арқылы бастауға болатынын атап өтті. Соның архив саласының қызметкерлері үшін ең маңыздысы – «Архив 2025» жеті жылдық бағдарламасын «…ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін…» деп түсіндірді.
Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында 2019 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Архив-2025» орталығы құрылды. Орталықтың мақсаты – «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру бойынша үйлестіру және әдістемелік жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік органдармен, архивтермен, институттармен, ғылыми қауымдастықпен бірге ұлттық тарихты тереңінен тұтас қарауға мүмкіндік беретін отандық және шетелдік архивтердің құжаттары негізінде ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру.
Үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде ғылыми қауымдастықтың және архивис­тердің ұсыныстарын зерделеу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Келешекте осындай бірлескен отырыстар еліміздің барлық өңірлерінде өткізілуі жоспарлануда.
Болашақта бұл ғылыми-әдістемелік орталық архив ісі саласының жан-жақты дамуына жаңалықтар енгізіп, заманауи дәуірге жаңаша қадам басуына септігін тигізері сөзсіз. Өйткені киелі көне тарихымыз архивтен басталады, ол – тарихи деректер сақталған баға жетпес құнды қазынасы және өткен тарихымызды ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, өткенмен болашақты жалғастырушы көпір.

Гүлжанар ИДРИСОВА,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық архивінің қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды