Вторник, 26 Сентябрь 2017
-->

Ардақты әже Сәкен Жүсіпованың игі істері

Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесіне жиі барып тұрамын. Қашан барсам да, кабинет толы адамдар. Кезекші столында отырған Сәкен Жүсіпова әртүрлі сұрақтарымен келген зейнеткерлердің бұйымтайларын тыңдап, өзі шеше алмаған мәселелер болса, бастыққа немесе оның орынбасарына жіберіп, бәйек болып жатады. Адамдармен сөйлескенде жылы шыраймен, биязы дауысымен түсіндірген оның әрбір сөзі көңіліңе бір жылылық ұялатады. Осы кісі кезінде мұғалім болған шығар деймін ішімнен. Жақынырақ танысқым келді. Бірақ сол жолы жолым түспеді, кезек күтіп отырған адамдар бар болатын.

9

Бірде 9 мамыр – Ұлы Жеңістің мерекесіне орай Астана қалалық әкімдігінің алдында мәдени шара өтті. Майдангерлердің құрметіне далада концерт өтіп жатқан. Айнала қызық-думан. Дастарқан жайылып, тағамдардың түр-түрі қойылған дәмнен ауыз тиіп, әрі қарай беттедім.
Ана бір шетте қолөнер шеберлерінің көрмесін қызықтап жатқан адамдардың қасына мен де келдім. Небір тамаша оюланған құрақ көрпелер мен қазақтың ұлттық киімдері, кестелеп тоқылған кеудешелер мен шілтермен өрнектеліп тоқылған орамалдар мен мойынға салғыштар, бас киімдер, аяққа арналып тоқылған неше түрлі заттарды көріп, қызығып кеттім. Бұларды кім дайындады екен деп сатушылардың жанына келе бергенімде, баяғы өзімнің Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесінде көріп жүрген Сәкен Жүсіпова апайымыз тұр екен, қасында тағы бір екі зейнет жасындағы апайлар бар.
– Құтты болсын, керемет! Көздің жауын алатын ісмерлік ұлттық киімдер мен мына тоқымалар сіздің еңбектеріңіз бе?
– Иә, менің және біздің қыздардың дүниелері деп күлімсірей қарсы алды. Өзіме ұнаған заттар көп екен, қалтама қарай бір-екі тігін дүниелерді мен де сатып алдым. Осылайша, Сәкен апаймен тағы бір кездесуіміз өтті.
Кейін Сәкен Дәулетқызымен Ардагерлер кеңесінің әртүрлі жиындарында, мерекелерде кездесіп қалып жүрдік. Өткен жылы Наурыз мерекесі өткеннен кейін Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Аманкелді Сыздықов «белсенді» деген біраз ардагерлерді құттықтап, марапаттап берді. Солардың бірі осы «Есіл» ПИК-не қарасты Ардагерлер ұйымының төрайымы Сәкен Дәулетқызы Жүсіпова да болды. 2016 жылдың қарашасында сәті түсіп, Сәкен Даулетқызымен сұхбаттасқан едік.
– Ардагерлер кеңесіне келуіңіздің себебі неде? Қашан көрсем де белсенділігіңізбен көрініп, жан аянбай жүгіріп жүресіз. Зейнет жасындағы адамдардың көбі үйде отырған жоқ па дей беріп едім, іле жауап беріп, әңгімеге араласты.
– «Адамды еңбек өсіреді» деп жиі айтып жатады ғой. Сол сөз бекер айтылмаған. Осы жетпістің бесеуіне шалқып жетуімнің себебі әуелі Алланың, сонан кейін осы еңбектің арқасында. «Еңбек еткен адам жасарады» деген сөз де дұрыс айтылған. Осы күнге дейін үйде қол қусырып отырмаппын. Немерелерім өсіп жетілген соң, әлі де болса еліме көмегім тисін деп, Астана қаласына көшіп келдім. Немерем Азамат «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсті. Шет тілінің маманы болады. Бұл жоғары оқу орнында ағылшын, француз, неміс, орыс тілдерінен білім алуда. Өзінің ана тілі – қазақ тілінде жақсы сөйлейді, сайрап тұр. Осы немерем үшін елордаға келдім ғой, бос уақытымда қоғамдық жұмыспен айналысайын деп қазірде Сарыарқа ауданы Ардагерлер ұйымында, белсенділер қатарында еңбек етіп жүрмін.
2009 жылы Сарыарқа ауданындағы «Есіл» ПИК жанындағы Ардагерлер ұйымын басқаруды маған тапсырды. ПИК-тің төрағасы Ниязымбек Қабылбайұлы Кеңшімбаев өз жұмысын білетін білікті, тамаша ұйымдастырушы, парасатты, қолынан іс келетін азамат екен. Бірден тіл табысып кеттік. Ардагерлер ұйымымда қазіргі уақытта 180-нен астам зейнеткерлер бар. Соның 28-і – тыл майдангері, 3-еуі жалғызілікті болса, 7-уі – ешкімдері жоқ, ал 2-уі – сая-си қуғындалып, жапа шеккендер.
Бұл адамдардың шешімін таппай жатқан проблемалары да көп. Сондықтан біз өз қарамағымыздағы зейнеткерлерге кеңес беріп, кейбір мәселелерін шешуге көмектесеміз. Әрқайсысының үйлеріне барып, мерекелерде азық-түлік апарып, көңілдерін көтереміз. ПИК-тің төрағасы Ниязымбек Қабылбайұлы қаражаттың көзін тауып, мейрамдарда, мерейтойлары аталып өтетін зейнеткерлерге ақшалай, заттай сыйлықтар жасап, тіпті менің ашқан «Шебер қолдар» үйірмеме де тігіншілер мен тоқымашыларға қажетті бұйымдарды да сатып алып беріп тұрады.
70, 80, 90 жастағы ардагерлердің мерейтойларында ер адамдарға қазақтың ұлттық шапандарын, ал әйел адамдардың иығына тоқыма орамалдар жауып, құттықтап тұрамыз. Сондағы олардың қуанғанын көрсеңіздер ғой, ал біз олардың қуанышынан бір жасап қаламыз. Пенде болғаннан кейін кей уақытта адам баласы үшін сый-құрмет те керек екен.
Үлкен мерекелерде, айтулы даталарда кәсіпкерлермен келісіп, өзіміздің ПИК-тің ардагерлеріне арнап, ақ дастарқан жайып, мейрамханаларда үлкен концерттік бағдарламамен атап өтеміз. Ол дағдыға айналған. Мүмкіндігінше тізім бойынша жасап, сол 180-нен астам зейнеткер мен жалғызілікті адамдарды қатыстырып, оларға тұрақты көмек көрсетіліп жатыр.
Осы орайда «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын іске асыру және «Қарттар айлығын» жалғастыру мақсатында іс-шаралар жүргізілуде. Тек былтыр – 70, 80, 90, 100 жасқа толған зейнеткерлерді құттықтадық. 90 жасқа толған Василий Сиросовтың, Дауылбаева Кенже мен Мия Иманмусованың, сол сияқты 85-ке келген Клавдия Лебединскаяның үйлеріне Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Эбенғаппас Ахметовпен бірге барып, мерейтой иелерін құттықтап, үстеріне шапанымыз бен қамзолымызды жауып, құрмет көрсеттік. Біздің ауданымызда, тіпті менің ПИК-ме қарайтын үйде тұратын 10З жастағы Кұрдыбаева Нұржамила апамызды биыл «Хабар» телеарнасына апарып, бағдарламаға қатыстырдық. Ол кісі Азамат соғысын да, Ұлы Отан соғысы кезінде де әскери адамдарға киім тіккен адам екен. Журналистке берген сұхбатында ол генерал мен полковниктің, тіпті сержанттың тағатын жұлдыздары қандай болады, олардың шинельдеріне қадайтын түйменің айырмашылықтары қандай, соған дейін мүдірместен айтып берді ғой, тіпті есінде бәрін сақтаған, ақыл-ойы еш өзгермегенін байқадық. Теле- экранда сайрап отырды. Біз ол кісінің 100 жылдығын да атап өткен болатынбыз. Үстіне қамзол кигізіп, ақшалай, заттай сыйлық беріп, ол кісінің мерейтойын да, туған күнін де жоғары деңгейде өткіздік.
– Осындай құрмет көрсетуге қаражатты қайдан аласыздар, демеушілеріңіз бар ма?
– Бар ғой, бірақ шамалы. Бүгінгі заманда қалталылар қайырымдылық пен мейірімділікпен айналысуды мүлдем қойды деуге болады. Бірақ көмектесіп жатқандар да баршылық. Солардың бірі Кенесары көшесінің 17-үйінде тұрған «Жас Әмір» мейрамханасының бастығы Сәуле Бекенқызы мейрамдарда біздің тізім бойынша берілген зейнеткерлерге ақ дастарқанын жасап, мерекелік тарту жасайды.
Сол сияқты Республика көшесіндегі «Санжар» дүкенінің директоры Зәуреш Сарбасқызы мерекелерде жалғызілікті, зейнетақысы төмен зейнеткерлерге арнайы пакет жасап, азық-түліктей көмек көрсетеді. Мұндай көмекті Вера Қасымова, Мәрзия Омарова, Бәтеш Даутова, Мәрен Қасымова, Анна Вадалазовалар үнемі алып тұрады. Оразада, Құрбан айт мейрамында оларға дастарқан жасап та құрмет көрсетіледі. Ал ПИК оларды 2011 жылдан төлемақыдан босатқан.
Зейнеткерлерімізге кезекпен Сарыарқа аудандық әкімдігі орыс-қазақ драма театрларына, әртүрлі концерттерге тегін билет беріп, мәдени шараларға да шақырып отырады.
Қайтыс болған зейнеткерді жерлеуді ұйымдастыру жұмысына да қатысамыз. Санаториялық-курорттық сауықтыру мекемелерінің бірі Бурабайдағы «Қатаркөл» шипажайына жеңілдетілген жолдама да алып жатады. Осымен үшінші жыл 18 зейнеткеріміз емделіп, сауығып қайтты.
– Сәкен Дәулетқызы, сіздің негізгі мамандығыңыз – мұғалім. Сол ұстаздық қызметіңіздің шарапаты осы күнге дейін жалғасып келеді деп ойлаймын. Сізді адамдармен тіл табуыңызды өзі аңғарымпаз қасиетінен туындап отыр деп ойлаймын. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Мұғалім жайлы ұлы ғұлама, философ, данышпан Әл-Фараби былай деді емес пе: «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтпағанның өзін жете түсінген» деп. Ұстаз қашан да естігенін, көргенін үнемі жадында ұстайды. Әрі соны өмірде іске асырады. Осы ұлы ғалым айтқандай, ұстаз жат адамдарына да, туғандарына да әділ болу керек. Мен осы қағиданы сақтауға тырыстым. Әл-Фараби ұстазды білікті, білімді, жасқану дегенді білмейтін батыл болу керек дейді.
– Естуімізше, Сіз Қарағандыда мұғалім болып жүргенде, жабылып қалған қазақ мектептерін қайтадан ашуға көп еңбек сіңіріпсіз. «Қазақ тілі» қоғамы құрылған кезде осы жұмысты да қолға алыпсыз. Сол жайында айтып өтсеңіз?
– Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған кезде қандай қуандық. Сол кезде алдымызда үлкен-үлкен істер тұрды. Оған кеудесінде жігері бар, нағыз қазақпын деген әрбір азамат егеменді елімізге өзіндік үлес қоссам деп жұмысқа кірісті.
Мен де сол жылдары Қарағанды облысы, Абай қаласындағы №14 мектепте тұңғыш қазақ сыныптарын ашып, оның таза қазақ мектебі болып қалыптасуына өте көп тер төктім. Мектепке қазақ сыныбына оқушылар жинау үшін алдымен олардың ата-аналарын үгіттеп, ана тілінің қадір-қасиетін түсіндіру керек болды. Себебі көптеген ата-аналардың өздері орыстанып кеткен еді. Бірінші класқа қажетті оқулықтарды тауып, көрнекі құралдарды қолдан жасадық. Жыл сайын екі сынып қазақ класын дайындап, оның саны 1000-ға жеткізгенімде ғана қазақ мектебін ашуға болды. Осы жылдар аралығында талас-тартыс, түрлі қиындықтарды басымнан өткердім.
Сол жылдары аудандық оқу бөлімінің есігін тоздырып жүріп, мектеп салынады деген қуанышты хабар алдық. Мектептің құрылысын Фролов деген қолына алып, фундаментін құйғаннан кейін құрылысқа бөлінген қаржыны жеп, қашып кетті. Содан ата-аналар Қарағанды қаласының трест бастығы Төлеповке хат жазып, шағым түсірдік. Мектепке лайық болмаса да, дайын тұрған балабақшаны қазақ мектебіне алып берді. Алғашқы қазақ мектебі осылайша дүниеге келді. Жыл сайын екі қазақ класын жинап отырып, 1700-ге жеткенде, жаңа қазақ мектебін ашудың сәті түсті.
Мектеп жұмысымен бірге, қаладағы «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына да белсене араластым. Ұлт тілінің, салт-дәстүріміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің өркендеуіне үлес қостым. Қазір қарап отырсам, осы жасаған ұлан-ғайыр жұмыстарым Қазақстан Тәуелсіздігіне тартқан тартуым екен. Осы ісіме бүгінде қуанышпен қараймын.
– Сіздің бұдан басқа ауыз толтырып айтар жарқын істеріңіз бар. Қолөнері мен сұлулыққа жаныңыз құштар екен. Соның куәсі – сіз ашқан «Шебер қолдар» үйірмесін айтуға болады. Қазақ қашаннан-ақ он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде болған емес. Жасаған, оюланған құрақ пен кестелеп тіккен әрі тоқыған әртүрлі ісмерлік тамаша жұмыстарыңыз көздің жауын алады. Енді осы жақсы істеріңіз жайлы баяндап өтсеңіз?
– «Шебер қолдар» үйірмесі кезінде Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасының бастамасымен ашылды. «Араларыңызда ісмер аналар бар, солардың басын қосып, осы істі қолға алсаңыздар қалай болады?» деген соң, мен бұл бастамаға қуана кірістім. Әуезов көшесіндегі 9-үйде «Оптимист» клубы жұмыс істейді. Мария Платисинамен бірге осы клубтың үйін пайдаланып жүрміз. Сәрсенбі, жексенбі күндері қарамағымдағы 8 әйелмен іс тігумен айналысамын. Үйірмеге менімен бірге қатысып жүрген, тоқыма шеберлерін басқарып отырған Мария Платисинаның қолы ерен шебер. Шолпан Бақбергенованы ерекше атап өтуге болады, қолынан бәрі келеді. Әртүрлі моншақтардан ол неше түрлі бижутерия жасайды. Өзі құдды дизайнер. Ал тоқымамен айналысатын Үміт Оразбаеваның шілтерлеп тоқыған бұйымдары өте сәнді шығуда. Сол сияқты қағаздан жан бітіретін, яғни оригамамен айналысып жүрген Алевтина Сизохинаның да шеберлігі ерен. Күні бойы тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші-шеберлердің тағы бірі клубтың иесі – Тыныштық Байшагирова. Сол сияқты Меңсұлу Кожахметова, Сабира Байкутдиеваларды да атап айтуға болады. Сабираны қазақтың ұлттық қамзол, шапандары мен құрақ көрпелерінің маманы деуге болады. Міне, осы тігіншілер өздерінің білетін өнерін жастарға да үйретуде. Қазірде әрбірінің екі-екіден шәкірттері бар.
Бүгінде біздің үйірменің тігіншілері өздерінің ісмерлік өнерін тек тұрмыстық қажеттілік үшін ғана қолданып қоймай, қалада өтіп жатқан әртүрлі шараларға қатысып, көрмелер ұйымдастыруда. Одан түскен ақшалары еңбекақы ретінде отбасының қорына түседі. Бұл, біріншіден, біздің тігіншілердің еңбегі болса, екіншіден, тапқан ақшалары отбасына әжептәуір көмек емес пе?!
Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан: «Еліңнің азаматы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» дегендей, Сәкен Дәулетқызының ұжымы ел Президентінің саясатын берік ұстап, бүгінгі ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне атсалысуда. Оларға мереке құтты болсын дей отыра, зор денсаулық, бала-шағаларының қызығына тоймасын деп тілек білдіреміз.

Ғалия Балтабай,
ҚР Мәдениет қайраткері, құрметті журналист

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*