«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ардагерлерге құрмет пен қолдау

0 43

 Нұр-Сұлтан қаласының Ардагерлер кеңесі Жеңіс күні қарсаңында кәсіпорын мен ұйым басшыларына соғыс және еңбек ардагерлеріне, зейнеткер-қарияларға құрмет пен қолдау көрсету туралы үндеу жолдады.


Халқымыз «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 74 жылдығы аталып өтіледі. Оған дайындық басталып та кетті. Жыл санап майдангерлердің қатары азайып келеді. Бүгінде бас қала­да қанды қырғынның бел ортасында болған 71 соғыс ардагері тұрады. Қазір олардың жасы тоқсаннан асқан. Сондай-ақ соғыс уақытында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен жеңісті жақындатуға жанқиярлық еңбегімен үлес қосқан 2 888 тыл ардагері тұрады. Олардың қатарында фашистік концлагерлердің тұтқындары, жауынгерлердің жесір қалған жарлары және басқа санаттағы ардагерлер бар. Дәл бүгінде ел үкіметінің қарияларға жасап отырған қамқорлығы көп. Алдағы таңда да біраз ізгі шаралар жүзеге аспақ.
«Біздің ардагерлер жас­тарының ұлғайып қал­ғандарына қарамастан қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға отансүйгіштік рухта тәрбие беріп келеді. Сонымен бірге Елбасының парасатты саясатын қолдап, мемле­кетімізде атқарылып жатқан игілікті істерді қолдап отырады. Халқымыздың жасы үлкен ақсақалдарға деген ілтипаты ерекше. Бұл ежелден қалыптасқан дәстүр деуге болады. Осы дәстүріміз үзілген емес. Қарияларды қадірлей білген елдің келешегі де кемел. Сондықтан арамыздағы тірі тарихтың куәгерлерін аялап, оларға мүмкіндігімізше қолдау көрсетіп, жүрек жылуымызды сыйлайық. Осы алдағы мерекеге орай елордалық ардагерлерге мекемелер мен ұйымдар тарапынан құрмет пен қолдау көрсетілсе деген мақсатта үндеу жолдап отырмыз» деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды