АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАДЫ

Елорданың №15 мектеп-лицейінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері ұлықталды. Шараға бейбіт өмір сыйлаған жиырмаға жуық соғыс және еңбек ардагері, тыл еңбеккері қатысты.

543543

Мерекелік шарада сөз алған Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбенғаббас Ахметов үш ұрпақ өкілдерінің кездесуін ұйымдастырған мектеп басшылығына алғыс білдірді.

– Бүгінгі шара Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек бастаған «Біздің ардагер» акциясы аясында өткізіліп жатыр. Ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жауынгерлердің ерлігін өскелең ұрпақ санасына сіңіру – біз үшін міндет. Лицейде білім берумен қатар, тәрбиеге көп көңіл бөлінетіні байқалады. Мектеп табалдырығын аттай сала үлкендерге сый-құрмет көрсетіліп жатыр, оқушылардың жүрегінде от, көзінде жалынды көрдім. Қатарымыз сирей бастады, бірақ сол күндерден қалған естеліктер ең ыстық. Балалар, қан майданда бейбітшілік үшін күрескен әкелеріміз, аталарымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек, – деді ол.

Ардагерлер кеңесі төрағасы Ә.Ахметов қаладағы бірқатар мектептерде және мемлекеттік мекемелерде Жеңістің 72 жылдығына арналған кездесулер өткізіліп жатқанын алға тартты. Қазіргі таңда Сарыарқа ауданында Ұлы Отан соғысының 48 ардагері және 2000-ға жуық тыл ардагері бар. Оларға рухани қолдау көрсетіп, қаржылай көмектес­кісі келгендердің қатары аз емес дейді шенділер.

Шара аясында №15 мектеп-лицейінде оқып, Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан бес сарбазды еске алды. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлері және тыл еңбеккерлері мектеп қабырғасындағы «Жауынгерлік Даңқ және Еңбек» музейін аралап, мерекелік концертке қатысты.

«Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына – ширек ғасыр, одан бөлек, «Ардагерлер ұйы­мы» республикалық қоғамдық бірлестігі 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл атау­лы күндер де елеусіз қалмайды» деді Ә.Ахметов.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ 

Сонымен қатар

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСЫ

Білім саласындағы жарқ еткен жаңалықты, оқушы жетістігін, ұстаздардың ерен еңбегін жариялауда бас қаланың бас басылымы, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған