«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ардагерлер тартуы

0 39

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі елор­да­ның 20 жылдық мерейтойына «Ғасыр ғажайыбы – Астана» атты кітапты тарту етті. Аталмыш ұйым жариялаған тиісті байқау жеңімпаздарының материалдары енген кітаптың таныстырылымы ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде өтіп, үздік авторлар марапатталды. Салтанатты шараға Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, т.б. белгілі тұлғалар қатысты.

Алдымен сөз алған «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев астананы Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіру туралы Елбасының ұсынған идеясы арманнан ақиқатқа айналғанын айтып өтті.
«Астана – тәуелсіздігіміздің тірегі, Елбасының іске асқан арманы, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманының символы. Астананың 20 жылдығын тарих қас-қағым сәт деп бағалағанмен, біз осы жылдар ішінде тындырылған жұмыстардың өте ауқымды болғанын сезіндік. Астанада бұл күнде 1 миллионнан астам халық тұрады. Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен Есілдің жағасына ағылған жұрт Астананың құрылысына үлестерін қосып, елорданы көркейтті. Астана қазір әлемнің ең озық қалаларының қатарына кірді. Кітапқа «Ғасыр ғажайыбы – Астана» деген атауды бекерден-бекер таңдаған жоқпыз. Елордамызды көрген шетелдік қонақтар бұл күндері қаланың әсемдігіне тамсана, таңдана таңдайларын қағатын боп жүр» деді Ө.Озғанбаев.
Байқауға 270-тен астам материал келіп түсті. Бұл материалдарды сараптайтын арнайы комиссия құрылып, осылардың ішінде 20-сын таңдап, кітапқа енгізді. Осылайша еңбекте Астана туралы мақалалар, эсселер, сұхбаттар, толғаулар, өлеңдер, поэ­ма, әндерге дейін топтастырылды. Авторлар «Үздік шығарма», «Жаңашыл ардагер», «Белсенді ардагер» және «Руханиятқа» үлесі аталымдары бойынша марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды